Ақ пен қараны ажырату дегеніміз – түстерді бір бірінен ажырату емес. Бұл айналамыздағы жамандықпен жақсылықты, пайда мен зиянды, халал мен харамды (Алла Тағала рұқсат берген және тиым салған нәрселер) ажырата білу. Бұл білімді үйренбей өмір сүруге болмайды. Себебі, рухани құндылықтар қай заман болса да ескірмейді, жоғалмайды. Дүниеде материалдық құндылықтар ғана жаңарып, өзгеріске түседі. Ал адамгершілік пен жауыздық, жомарттық пен сараңдық, кеңпейілділік пен қызғаншықтық, байлық пен кедейшілік, аманатқа қиянат, ата анаға құрмет т.б. адамның сипаттары қай уақытта болсын пендемен бірге.
Егер адам баласы өздігінен, еш қиындықсыз жақсы нәрселерді ажыратып, істеп кете беремін десе әлбетте ол қателеседі. Себебі адамда нәпсі бар және оны азғырушы шәйтән ражим бар. Ислам ғалымдары айтады: «Адам асылында (негізінде) жақсы, бірақ оны нәпсі жамандыққа итермелейді. Ал, нәпсіні Пайғамбарымыздың сүннетімен тәрбиелеу керек».
Адам баласы өзіне қарсы келіп, ұнамсыздық танытқан пенденінің бәрін жау санайды. Ыңғайы келсе күресуге дайын жүреді. Себебі ол дұшпаны оған осы дүниеде зиянын тигізеді. Бірақ шындап келсек – адамның нағыз дұшпаны – шайтан ражим. Ол пендеге барлық жаман, зиянды істерді әдемі көрсетеді де, адамды бұл дүниеде күнәға батырып, ақиретте азабқа лайық етеді. Оның негізгі мақсаты сол, оның басқа шаруасы да, үміті де жоқ. Құранда Алла Тағала айтады: «Шәксіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендерде оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады» («Фатыр» сүресі, 6-аят). Тағы бір басқа сүреде: «Алланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ, өте алдаушы ол (шайтан) Алла турасында алдамасын» делінген. («Лұқман» сүресі,33-аят).
Алайда, бір Аллаға иман келтіріп, оған тәуекел еткен пендеге шайтан ешқандай зиянын тигізе алмайды. Құранда былай делінген: «Шын мәнінде иман келтіріп, Раббыларына тәуекел еткендерге шайтанның үстемдігі болмайды. Шынында оның үстемдігі, оны дос тұтып Аллаға шерік қатушыларға ғана жүреді». («Нахыл» сүресі, 99-100-аяттар).
Ақ пен қараны ажыратуды үйренудің ең жеңіл түрі, әуелі, Аллаға иман келтіре отырып, барлық амалдарын оның кітабы Құран кәрімге және Пайғамбарымыздың сүннетіне сай жүзеге асыруға тырысу. Құранда Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед) сені осы үмметке айғақ қылып келтіреміз. Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және мұсылмандар үшін тура жол, игілік һәм қуаныш түрінде Құранды түсірдік. Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер» («Нахыл» сүресі, 89-90-аяттар).
Екіншіден, кей жағдайда жеке адам үшін кейбір істер белгісіз, күдікті болып тұрады. Ондай кезде пенде амалын Алладан қорыққан күйде іске асыруы қажет. Құранда Алла Тағала айтады: «Әй, мүміндер! Егер Алладан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет береді, әрі жамандықтарыңды жойып жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі». («Фұрқан» сүресі, 29-аят).
Пайғамбарымыз с.ә.с. Абу Абдулла, Нұғман ибн Баширден р.ә. жеткен хадисте айтады: «Шынында халал баян болды және шынында харам баян болды, бірақ олардың араларында көпшілік адамдар білмейтін күдікті қалды. Кім күдікті нәрселерден қорықса өзінің діні мен арын қорғады».
Тәукен Ерқас
namys.kz