Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыруға арналған «ИСЛАМ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ» атты республикалық конференциясы басталды. Конференция жұмысына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, облыстардың Бас имамдары, ҚМДБ-ның Республикалық және жергілікті ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ҚМДБ Сарапшылар Кеңесінің мүшелері сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуда. Конференция барысында Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: «Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып, еңсемізді тіктедік. Тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет. Алланың берген нығметі деп атар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары деңгейде 5 құрылтай өтті. Өткен жылы тұңғыш рет республикалық имамдар форумын өткізіп, ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін маңызды тарихи төрт құжатымызды қабылдадық. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамытуға арналған Тұғырнамасын бекіттік. Діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы Тұжырымдама қабылдадық. Бұл оқиғалар – еліміздің діни саласындағы тарихи шаралар деп есептеймін», – деп атап өтті. Конференцияда қоғамдық байланыстарда зайырлылық нормаларымен үйлесетін ислам құндылықтарының таралу мәселелері, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты тәжірибе жүзінде жинақталған жаңа әдістемелер талқылануда. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалык іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасы да қаралуда. Конференцияның негізгі мақсаты мен міндеті – ҚМДБ қызметкерлерінің (РАНТ мүшелерінің) заманауи білімін жетілдіру, уағызшылар тобының кәсібилігін шыңдау, шешендік өнерді меңгеру.
дереккөз:ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі