Ардагер лебізі: ӘКЕМЕ БҰЛ КҮНДЕР АРМАН ЕДІ

Мұсылман жамағаты екі дүниенің сардары, адамзаттың абзалы Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың туған күнін, яғни Мәуліт мерекесін тойлап жатыр. Алла елшісінің үмбеті болу бақытына ие болып, Тәңірге мадақ, пайғамбарға салауат айтып сауап жинау қуанышына кенеліп отырмыз. Жақында Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында да әкемнің есімі берілген «Ғабдолбари» мешітінде ұлы мереке ұлықталды. Әкем көзі тірісінде тақуа болған адам, қолынан Құраны, аузынан Алласы түспеген ол кісінің арманы туған еліне мешіт салу еді. Әкемнің арманын ұрпақтары орындады. Бүгінгі күні ауыл төрінде 200 адамға арналған мешіт тұр.
Мәуліт мерекесін жергілікті халықпен бірге осы Алла үйінде өткізу біз үшін игі дәстүрге айналды.
Оқырманға әкем туралы жан-жақты айтып өткім келеді. Ғабдолбари Төлегенұлы бала кезінде екі көзінен айрылған, ғаріп жан еді. Әкесі тоғыз жасында осы аймаққа есімі мәлім Ғабдулақпар қариға оқуға береді. Медреседе бар болғаны үш жыл ғана оқи алады. Себебі, 1927 жылы үкімет қаулысымен барлық медреселер жабылады. Зағип балаға сол тұстағы биліктің тізесі батпас деген ниетпен Амангелді ауылының үлкендері өздеріне имам қылып алады. Ауылдың бетке ұстар азаматы Ыбыш ақсақал молда баланы екі қолтығынан көтеріп, шым үйдің төбесіне шығара қояды екен. «Дін – апиын» деген заманда да, имам-молдаларды қудалап, күн көрсетпеген тұста да ауыл ақсақалдары бес уақыт намазын қаза қылмай, осылайша парыздарын орындаған.
Әрине, ол күндер артта қалды. Тәуелсіздікпен бірге, дініміз де ортамызға оралды. Бірақ, көңіл жүдететін жайттар көп. Діннің парқын түсінбей, түрлі ағымдарға еріп, жақындарын жылатып, адасып жүргендер бар. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев айтқандай, «Алланың өзі де рас, сөз де рас» екенін ұғына алмай жүргендерге жаным ашиды. Біздің әкелеріміз, аталарымыз дінге тыйым салған уақытта да шариғатқа берік, мұсылманшылыққа адалдық таныта білді емес пе. Ал, бүгінгілер ешнәрсенің парқын жете түсіне алмай, адасып жүр.
Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың басынан өткен мына бір оқиғалар оқырмандарға да ой салса екен. Ол кісінің ғибадатқа барар жолына ылғи бір әйел кір су төгеді екен. Күндердің бір күнінде әлгі келіншек көрінбей кетеді. Сонда Алла елшісі әлгі әйел аурып қалмады ма екен, деп сахабаларының бірін жұмсап, жағдайын білгізіпті. Төсек тартып қалғанын естіп, өзі де соңынан барып, қалын сұрап, жазылып кетуіне тілектестік білдірген екен. Күндегі қастығы үшін қатты ұялған әйел кейін ислам дінін қабылдапты.
Мына бір оқиға да Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың жүрегінің жұмсақтығына дәлел бола алады. Сахабаларының бірі төрт аяғын байлап, бетін құбылаға қаратқан қойды бауыздау үшін пышағын жалаңдатып, қайрапты. Сонда пайғамбарымыз (с.а.с) ренішін білдіріп, пышағыңды бұрынырақ қайрап, дайындамадыңба, деп ренішін білдірген екен. ол адам түгілі, себепсіз малдың қанын төгуге де қарсы болған.
Сөз соңында айтарым, әкем Ғабдолбаридің дұға-тілегімен шығар, бүгінгі күні ол кісінің ұрпақтарының жолы болып, елге қызмет етіп жүр. Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың көркем мінезінен өнеге алған адамның әрқашан жолы ашық, жүрегі таза болары хақ. Бәрімізге Алла тек жақсы күндерін нәсіп етсін.

Жапар ҒАБДОЛБАРИҰЛЫ.

Return to Top ▲Return to Top ▲