Қадір түні араб тілінен аударғанда (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
«Қадір» сүресінің тәпсірі:
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ
«Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік». Біз осы мұғжиза Құранды қадірі мен беделі үстем бір түнде түсірдік. Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ
«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай».
وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ
«Қадір түнінің не екенін білесің бе?». Қадір түні деген не? Қадір түнінен сен нені ұқтың? Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдіру.
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадір түні мың айдан да қайырлы». Сол түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ Тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар, Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.
تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ
«Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі». Сол түні жер бетіне Рух пен бірге періштелер түседі. Тәпсіршілердің басым көзқарасына қарай бұл аяттағы Рух – Жәбірәйіл (ғ.с.). Ал кейбір ғалымдар Рухты – өте алып періште деп жорамалдаған. Егер ол көктер мен жерді жұтса, оған бір шайнам ғана болар еді деп түсіндірген.
Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді.
Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.
بِإِذْنِ رَبِّهِم – «Раббыларының рұқсатымен». Періштелер Хақ Тағаланың рұқсатынсыз, жарлығынсыз қанаттарын да қимылдата алмайды. Бірақ, бұл жерде осы істің аса маңыздылығына назар аударту мақсатымен айтылған.
مِّن كُلِّ أَمْرٍ – «Әр әмірден». Яғни, сол түні әмір берілген әрбір іс үшін деген сөз. Періштелер тек жақсылық жасап, жамандық атаулыға мүлде жоламайды. Олар жақсылық өлшемінде өмір сүреді. Соны білдіру мақсатымен былай дейді:
سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ
«Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады». سَلَامٌ «Сәләм», яғни, бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Хақ Тағаланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға сол түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Әр түскен топ сәлем бергендіктен таң ағарғанға дейін сол түні сәлем берулері толастамайды. Не болмаса, аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген.
هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ – «Сол түні таң бозарып атқанға дейін». Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын, адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұғамен өткізуі насихатталған. Алла Елшісі ﷺ:
مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِه
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»[1],– дейді.
Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның
сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды
үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп сол білгендерімен амал ету.
Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне
күш-қайратын жұмсауы қажет. Қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ұйықтамай өткізіп,
басқа түндерде Құраннан тыс ғұмыр кешу қате ұғым болып есептеледі.
[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы