Мәуліт – елімізде дәстүрлі ислам дінін ұстанушылар арасындағы ерекше қасиетті мерекенің бірі. Бір айға созылатын мәуліт мерекесі қаңтардың 12-нен 13-не қараған түні басталып, барша мұсылман қауым адамзат алдындағы қасиетті атқаруға жұмсаған пайғамбарымызға салауаттар айтуда. Өйткені, ұлы пайғамбарымыздың салған ілімі көптеген ұрпаққа аманат боп жалғасып келеді.
Бүгінде екі дүниенің сәруәрі болған Аллаһ тағаланың елшісі Мұхаммед с.а.у дүниеге келген күні – Мәуліт мерекесін әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты еліміздегі барлық мешіт жамағаттары да ауызбіршілікпен атап өтуде.
Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у) – адамзат тарихының дамуын күрт өзгеруіне адамдардың ой-санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рахым нұрын сыйлады. Пайғамбарымыз дүниеге келген сәтте тек Араб елі ғана емес, күллі адамзат қиын кезеңді бастан кешуде еді. Күштілер әлсіздерге әлімжеттік жасаған қараңғы дәуірде АллаҺ тағала сүйікті құлы – Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық міндетін жүктеді. Адамгершілік пен парасаттылықты, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп күллі әлемге оны Пайғамбар ретінде жібереді.
Пайғамбарымыздың дүниеге келу күнін мереке ретінде атап өту – ең әуелі Аллаһ тағалаға шүкір етудің көрінісі деуге болады. Мұсылмандардың осындай мақсатта бір жерге жиналуы – араларындағы бауырластықтың күшеюіне жол ашады дейді хадистерде.
Бір ай бойына тойлайтын ерекше мереке – Мәуліт тойы өткен сенбіде қаңтардың 25-і күні Қамсақты селолық округінің Карасевка ауылында аудандық Қайрош ата мешіті әкімшілігінің ұйымдастыруымен Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың туылған күні – Мәуліт мерекесі болып өтті.
Мәуліт мерекесіне жиналған қауымның назарына арнайы діни бейнефильм ұсынылып, аудандық Қайрош ата мешітінің бас имамы Сағынай қажы Рахымжанның Құран оқуымен басталды.
Мереке барысында Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы Жәпішев, «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Хамзат Қажымұратұлы Әділбеков айыртаулық жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, Мұхаммед пайғамбарды танытудағы діни, қасиетті уағыздарды айтты.
Мерекеге сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметов қатысып, аудан басшысы атынан жиылған жұртты айтулы мерекемен құттықтады. Ол бүкіл әлем мұсылмандары тойлап жатқан Мәуліттің маңызы жайында айта келе, қазіргі таңда еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына тоқталды.
Мерекенің шырайын жандандыратын ән мен қара өлеңге де кезек берілді. Мерекеге жиналған қауым елімізге, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарына танымал айтыс ақындары Әлібек Серғалиев пен Қуаныш Оспановтардың сөз қағыстыра отырып айтысқан өнерлерін тамашаласа, Саян, Ерлан және Аслан Мұхамедияровтардың, Тұрсынғазы Рақымовтың дін жайында құйқылжыта шырқаған әндерін қошеметпен қабыл алды. Мәдени шараны ағаларынан соң Карасевка орта мектебінің жас өрендері танымал ақындар мен ғұламалардың мағыналы өлеңдері мен тамаша әндерін орындаса, балғын бишілер өздерінің билерімен көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Айыртау аудандық Қайрош ата мешітінің бас имамы Сағынай қажы Рахымжан Мәуліт мерекесін өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарға арнайы Алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шараның соңында Мәуліт айы барысында аудандық Қайрош ата мешітінің ұйымдастыруымен жарияланған мектеп оқушылары және ересектер арасындағы спорттық жарыстардың қорытындысы шығарылып, Карасевка ауылының тумасы, өткен жылы ауылда Аллаһтың жердегі үйі – мешіт салып, ел ризалығына бөленген азамат Ербол Қайратұлы Тоқаев жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ұйымдастырылған спорттық шара барысында ересектер спорттың волейбол және үстел теннисі түрлерінен, ал мектеп оқушылары шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан бақ сынасты.
Пайғамбарымызға салауат айтуға келгендердің бәрі де Мәуліт дастарқанынан дәм татты. Дастарқан басында дін өкілдері Мәуліт мерекесіне аранайы дұға тілектер тіледі. Келесі Мәуліт мерекесі Казанка ауылында өтетін болып шешілді.
Мәуліт мерекесі мүбарак болсын, ағайын!
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
«Айыртау таңы»
аудандық газетінің тілшісі
Суреттерді түсірген автор