Адам баласы бұл дүниеде жәннат, тозақты көре алмағанымен Құран және хадистерде олардың хабары келгендіктен мұсылман адам оған иман келтіреді. Әһлу сунна уал жамағаттың сенімі бойынша жәннат пен тозақ жаратылған және қазір бар, Алланың қалауымен мәңгі қалады, ешуақытта жоғалып кетпейді деп иман келтіру иманның бір бөлігі. Сондықтан пенде тозақ пен жәннатқа сенбейінше иманы дұрыс болмайды.
Алла Тағала бұл өмірде пенделерін бостан-босқа жаратқан жоқ. Оларды ақыреттегі мәңгілік өмірге жаратты. Пенде бұл дүниеден өтуімен не жәннаттық болады, не тозақтық болады. Кім дайым нығметті қаласа бұл өткінші өмірде өзінің жастық шағын, денсаулығын, байлығын, бос уақытын жақсы амалдарды жасаумен ғанимет тұтсын. Алла Тағала Құранда:
ثُمَّ إِنَّكُمْ بَعْدَ ذلِكَ لَمَيِّتُونَ (15) ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيامَةِ تُبْعَثُونَ (16(
«Содан кейін сендер, сөз жоқ, өлесіңдер. Сосын сендер қиямет күні, сөз жоқ, қайта тірілесіңдер»[1].
Жәннат иман етіп, Алладан қорыққандардың орны. Ол жайында Алла Тағала Құранда бірнеше аятта айтқан. Солардың бірі «Сәжде» сүресінің17-аятында:
فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
«Һәм ешбір жан істеген ісінің сауабы ретінде олар (мүміндер) үшін көзайымдардан (жұмақ қызықтарынан) не жасырылғандығын білмейді»[2].
Сондықтан мәңгілік өмірде бақытты болуымыз үшін бұл қамшының сабындай келте өмірде ақыретіміз үшін амал етуіміз керек. Алла Тағала Құранда: «Негізі, дүние тіршілігінің рахаты ақыреттің жанында (түкке тұрғысыз) аз[3]», деген.
Жәннат Алла Тағаланың салих және әміріне бойұсынған пенделері үшін дайындаған үлкен нығметі. Алла Тағала Құранда:
وَقِيلَ لِلَّذِينَ اتَّقَوْا مَاذَا أَنزَلَ رَبُّكُمْ ۚ قَالُوا خَيْرًا ۗ لِّلَّذِينَ أَحْسَنُوا فِي هَٰذِهِ الدُّنْيَا حَسَنَةٌ ۚ وَلَدَارُ الْآخِرَةِ خَيْرٌ ۚ وَلَنِعْمَ دَارُ الْمُتَّقِينَ (30) جَنَّاتُ عَدْنٍ يَدْخُلُونَهَا تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ ۖ لَهُمْ فِيهَا مَا يَشَاءُونَ ۚ كَذَٰلِكَ يَجْزِي اللَّهُ الْمُتَّقِينَ
«Һәм тақуаларға: «Раббыларың не түсірді?»,- делінгенде, олар: «Игілік» дейді. Көркем іс істегендерге осы дүниеде жақсылық бар. Ал ақырет жұрты одан да қайырлы. Тақуалар жұрты (жұмақ) қандай керемет. (30). Олар (тақуалар) кіретіндері – астарынан өзендер ағатын Адын бақтары. Онда олар үшін қалаған нәрселер бар. Алла тақуалардың тартуын осылай береді[4].
Енді бізге мәлім болған Алланың өзі білдірген, сүйіншілеген жәннат жайлы мағлұматтарды қарастырсақ.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ؛ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عِلَيْهِ وَسَلّمَ: «مَنْ نَسِيَ الصَّلاةَ عَلَيَّ نَسِيَ طَرِيقَ الْجَنَّةِ
Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте: «Кімде-кім Маған ﷺ салауат айтуды тастаса жәннаттің жолынан адасады», бұл жерде «насиа» сөзі тікелей аударуда ұмыту мағынасын берседе, ғұламалар осы сөзге әдейі айтпаса деп мағына берген. Бұл хадистен біз салауат айту жәннатқа апаратын жолдардың бірі екенін ұғынамыз.
Абдулла ибн Аббас (Алла ол кісіден разы болсын)риуаят еткен хадисте жаннәттың сегіз есігі бар, бірінші есігінде لَااِلَهَ اِلَّااللهُ مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللهِ- деп калима жазылған, бұл есіктен пайғамбарлар, шаһидтер мен жомарт адамдар кіреді, екінші есіктен дәреттерімен намаздарын кәміл толық орындағандар, үшінші есіктен байлықтарын зекет беріп тазалағандар, төртінші есіктен жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйғандар, бесінші есіктен нәпсілерін жамандықтан тыйғандар, алтыншы есіктен қажылықпен ғұмра өтегендер, жетінші есіктен өмірлерін Алланың жолында сарып еткендер, сегізінші есіктен көздерін жамандықтан тыйып, ата-анасына құрмет қылып, туған-туыстарымен қарым-қатынас жасап, ізгі-амал істегендер кіреді.
Біз төменде жәннатқа деген қызығушылығымызды арттыру мақсатында жәннат жайында келген аяттарды және хадистерді келтіретін боламыз. Бұл бізді жақсы амалдарды арттырып, жаман амалдардан ұзақтауымызға жігерлендіреді. Алла Тағала құдси хадисте: «Салиқалы пенделерім үшін көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ойына келмеген нәрселерді әзірлеп қойдым»[5], – деген.
Жәннаттың дәрежелері көп. Убада бин Сомиттен жеткен хадисте: «Жәннатта жүз дәреже бар. Әр дәреженің аралығы жер мен көктің аралығындай. Фирдаус ең жоғарғысы. Одан жәннаттың төрт өзені ағады. Оның жоғарғысында арш орналасқан. Егер Алладан жәннатты сұрайтын болсаңдар Фирдаус жәннатын сұраңдар», – деген.
Жәннатың дәрежелері адамдардың иманына, ықыластарына, салих амалдарының көптігіне қарай әр түрлі болады. Бухари және Муслимде Әбу Сайд Худуриден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Біреулердің басқалардан артықшалықтары себепті сендер шығыстағы немесе батыстағы жұлдыздарға қарағандарың секілді жәннат мекендеушілері өздерінің үстіндегі тұрақтарға қарайтын болады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулуллаһ ﷺ. Ол жай адамдар жете алмайтын, пайғамбарлардың орны ма деп сұрағанда, Жоқ,Алланың атымен ант ішіп айтайын, Кім Аллаға иман келтіріп, пайғамбар әкелген нәрсеге иман келтірсе соларға арналған[6]»,- деді.
Жәннатта алтын және күмістен құрылған қасырлар бар. Ибн Омардан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Кім жәннатқа кірсе өлмей мәңгі тірі болады. Мәңгі нығметте болып, үмітсіз болмайды. Киімдері тозбайды, сондай-ақ әрдайым жас болып, қартаймайды. Сол уақытта: Уа, Расулуллаһ ﷺ. Оның құрылысы қандай деп сұралды. Кірпіштері күміс пен алтыннан, сылақтары хош иістен, жері шафраннан, тастары гауһар және жақұттан[7]»,– деп жауап берді.
Әбу Муса әл-Ашариден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Момын адамға жаннатта ұзындығы алпыс мил болған інжу шатыры дайындалған. Бұл шатырда онымен бірге әйелі де тұрады. Басқа момын оны аралап келеді. Олар бір-бірін көрмейді[8]», – деді.
Абдулла ибн Амр ибн Асс (Алла ол екеуіне разы болсы) айтты: Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кім уәделескен (өзге дін) адамын өлтірсе, жәннаттың иісін сезбейді. Оның иісі қырық жылдық ара-қашықтықтан сезіледі делінсе, басқа руаятта жетпіс жылдық ара-қашықтықтан сезіледі[9]», – делінген.
Жәннатта жүзімнен, құрмадан, анардан болған жемістерден бау-бақшалар бар. Бұл ағаштың жемістері еш бітпейді. Жәннатта сондай ағаштар бар салт атты оның саясында жүз жыл шапса да оны жүріп өте алмайды. Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар ﷺ: «Расында, жаннатта бір ағаш бар, салт атты кісі оның саясында жүз жыл жүрсе де жүріп өте алмайды.
Жәннаттың ағаштарының көптігі Алла Тағаланы көп зікір етумен болады. Біз Алланы көп зікір ету арқылы жәннатта өзімізге ағаш отырғыза алады екенбіз. Ол жайында Пайғамбарымыз ﷺ өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім «Субханаллоһи уә биһамдиһи» деп айтатын болса, жәннатта ол үшін бір құрма ағашы отырғызылады»,-деген.
Жәннатта адам нені қаласа сол сәрсе болады. Ол жайында Алла Тағала Құранда:
كُلُوا وَاشْرَبُوا هَنِيئًا بِمَا أَسْلَفْتُمْ فِي الْأَيَّامِ الْخَالِيَةِ
«(Оларға былай делінеді): «Өткен күндерде (дүниеде) істегендерің үшін рақаттана жеңдер, ішіңдер»[10].
Жәннатта ағып жатқан өзен, бұлақтар бар. Құранда:
مَّثَلُ الْجَنَّةِ الَّتِي وُعِدَ الْمُتَّقُونَ ۖ فِيهَا أَنْهَارٌ مِّن مَّاءٍ غَيْرِ آسِنٍ وَأَنْهَارٌ مِّن لَّبَنٍ لَّمْ يَتَغَيَّرْ طَعْمُهُ وَأَنْهَارٌ مِّنْ خَمْرٍ لَّذَّةٍ لِّلشَّارِبِينَ وَأَنْهَارٌ مِّنْ عَسَلٍ مُّصَفًّى ۖ وَلَهُمْ فِيهَا مِن كُلِّ الثَّمَرَاتِ وَمَغْفِرَةٌ مِّن رَّبِّهِمْ ۖ
«Тақуаларға уәде етілген жаннаттың мысалы: Онда (жәннатта) суы (түсі, исі) бұзылмайтын өзендер, дәмі өзгермейтін сүтті өзендер, ішушілер үшін тәтті шарапты өзендер және тазаланған балдан өзендер болады. Әрі оларға (тақуаларға) онда (жәннатта) бүкіл жемістер әрі (күналарына) Раббыларынан кешірім болады»[11]. Сондай-ақ аяттарда келгеніндей Тәсним, Салсабил, Кафур бұлақтары бар.
Жәннатта жеп-ішкеннің бәрі кекірік болып шығып, иісі миск болып шығады. Жәбир (Алла ол кісіден разы болсын) мен Пайғамбарымыздың ﷺ былай деп жатқанын естідім: «Жәннаттағылар онда жеп-ішеді, түкіріп-сіңбірмейді және үлкен-кіші дәрет сындырмайды» – дегенін естідім. Сонда сахабалар: «Сонда ішіп-жегені қайда кетеді?»– деп сұрағанда, Пайғамбарымыз ﷺ: «Ішіп-жегені кекірік болып шығып, оның иісі мисктің иісіндей болады және жәннатықтардың тәспих пен тахмидті айтуы, олардың бұл дүниеде дем алғанындай әдеттегі ісі болады[12]» – деді.
Жәннат аһілі үшін жәннатта пәк, әдемі әйелдер болады. Олардың ішінде бұл дүниедегі әйелдер және қор қыздары. Бұл дүниедегі әйелі егер жәннатқа кірер болса қор қыздарымен ақыреттегі де әйелі болуымен қатар олардың ішіндегі ең әдемісі болады. Алла Тағала Құранда:
ادْخُلُوا الْجَنَّةَ أَنتُمْ وَأَزْوَاجُكُمْ تُحْبَرُونَ
«Сендер және сендердің жұбайларың жәннатқа шаттана кіріңдер!»[13] дейді.
Жәннат аһілі адамның қиялы жетпейтін дәрежеде сұлу болады. Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Жәннатқа ең алғаш кіретін топ түндегі толған айдың суретіндей көріністе болады. Одан кейін кіретіндер аспандағы ең жарық жұлдыздың көрінісінде болады. Олар онда дәрет сындырмайды, сіңбірмейді, түкірмейді. Олардың тарақтары алтыннан, терілері миск. Хош иісті шығаратын аспаптары удтан. Әйелдері қор қыздары болады. Олардың мінездері бір адамдыкіндей, Адам (а.с) сияқты бойлары алпыс зиро болып жаратылады[14]».
Муаз ибн Жабал (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: « Жәннаттықтар жаннатқа денелерінде, беттерінде түгі жоқ хәлінде кіреді. Көздері қара, үлкен, жастары отыз үште болып кіреді[15]».
Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар ﷺ: «Жаннатта оның тұрғындары әр жұма сайын баратын базарлар бар. Олардың беттері мен киімдеріне солтүстіктен жел есіп тұрады. Олар өздерінің аһілдеріне одан да сүйкімді болған хәлде оралады. Олар жақындарына оралған уақытта, сендер бұрынғыдан да әдемі болып кетіпсіңдер ғой дейді. Олар да оларға: бізден кейін сендер де әдемі болып кетіпсіңдер[16]»,- деп айтады.
Жәннатқа кіргендердің ең жақсы армандарының бірі – Алланы көру. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Жәннаттықтар жәннатқа кіргеннен кейін Алла Тағала: «Сендер менен тағы бір нәрсе беруімді қалайсыңдар ма?» – деп сұрайды. Олар: «Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннат аһлдерінен етіп, тозақтан құтқармадың ба?» – дейді. Перде көтерілгенде жәннаттағылар үшін Раббыларына қараудан артық нәрсе болмайды[17]».
Кімде-кім жәннатқа кірсе одан шықпайды, онда мәңгі қалады. Алла Тағала Құранда:
ادْخُلُوهَا بِسَلَامٍ ۖ ذَٰلِكَ يَوْمُ الْخُلُودِ
«Оған (жұмаққа) бейбіт күйде кіріңдер. Міне, осы –мәңгілік күн»[18]. Хадисте: «Жәннатқа кіргендерге жаршы: «Сендер бұнда дендерің сау болып, ауырмайсыңдар. Мәңгі өмір сүріп, ауырмайсыңдар. Жас болып, қартаймайсыңдар. Әркез нығметте болып, жаманшылыққа ұшырамайсыңдар», – деп жар салады. Кейін Алла Тағаланың мына аят калимасын оқыды:
وَنُودُوا أَن تِلْكُمُ الْجَنَّةُ أُورِثْتُمُوهَا بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ
«Сонда (оларға): «Істеген (ізгі) істерің үшін мұраға алған жұмақтарың осы»[19] делінген түрде дабысталады.
Жәннаттың атаулары.[20]
Жәннат – сөздік мағынасы жеміс ағашы мол, ішінде өзендер аққан, ағаштарының көптігінен іші көрінбейтін бау. Құран Кәрімде жәннаттың бірнеше атаулары келген , негізгілеріне тоқталатын болсақ;
1.Хуснә. (Мол жақсылық)
لِّلَّذِينَ أَحْسَنُوا الْحُسْنَىٰ وَزِيَادَةٌ ۖ
«Жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар[21]…
2. Дәр әс-Сәләм (Амандық, бейбітшілік мекені)
لَهُمْ دَارُ السَّلَامِ عِندَ رَبِّهِمْ ۖ وَهُوَ وَلِيُّهُم بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
«Оларға Раббыларының қасында бейбітшілік жұрты бар»[22]
3.Жәннәт Ғадын (ғадын жәннаты)
وَعَدَ اللَّهُ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَمَسَاكِنَ طَيِّبَةً فِي جَنَّاتِ عَدْنٍ ۚ
«Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар мен Ғадын жәннатында, көркем орындар уәде етті…[23]»
4.Жәннәт Нәғим (Рахаттық жәннаты)
تَجْرِي مِن تَحْتِهِمُ الْأَنْهَارُ فِي جَنَّاتِ النَّعِيمِ
«Оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады»[24]
5.Дәр Мұттақин (Тақуалар мекені)
وَلَنِعْمَ دَارُ الْمُتَّقِينَ
«…Әлбетте тақуалардың қонысы қандай жақсы»[25]
6.Жәннат Фирдаус (Фирдаус жәннаты)
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ كَانَتْ لَهُمْ جَنَّاتُ الْفِرْدَوْسِ نُزُلًا
«Расында иман келтіріп, түзу іс істегендер үшін Фирдаус жәннаты қонақ үй болады»[26]
7.Жәннат Хулд (Мәңгілік жәннаты)
قُلْ أَذَٰلِكَ خَيْرٌ أَمْ جَنَّةُ الْخُلْدِ الَّتِي وُعِدَ الْمُتَّقُونَ ۚ كَانَتْ لَهُمْ جَزَاءً وَمَصِيرًا
«(Мұхаммед (ғ.с.) Осы азап жақсы ма? Немесе тақуалар үшін сыйлық әрі барар орын түрінде уәде етілген мәңгілік жәннат жақсы ма? – де[27]»
8.Ғұрфат (Бөлмелер)
أُولَٰئِكَ يُجْزَوْنَ الْغُرْفَةَ بِمَا صَبَرُوا وَيُلَقَّوْنَ فِيهَا تَحِيَّةً وَسَلَامًا
«Міне, бұлар сабыр еткендіктері себепті жоғары сыйлыққа бөленеді...[28]»
9.Дәр Муқомә (Мәңгі тұрақ мекені)
الَّذِي أَحَلَّنَا دَارَ الْمُقَامَةِ مِن فَضْلِهِ
«Ол өз кеңшілігінен бізді тұрақты орынға орналастырады[29]».
10.Дәр қарар (Тұрақты Мекен)
وَإِنَّ الْآخِرَةَ هِيَ دَارُ الْقَرَارِ
«…Сөзсіз ақырет, ол тұрақты жұрт[30]».
Уа, Алла! сенің разылығыңды және
жәннатыңды сұраймыз. Сенің қаһарыңнан және тозағыңнан пана тілейміз. Біз сенен
Фирдаус жәннатын сұраймыз. Жәннатқа жақындататын сөздерді, амалдарды
орындауымызға жәрдем беруіңді сұраймыз. Бізге жәннатты нәсіп етіп, тозақ отынан
сақта. Амин.
[1] «Муминун» сүресі, 15-16 аяттар.
[2] «Сәжде» сүресі, 17-аят.
[3] «Тәубе» сүресі, 38-аят.
[4] «Нахл» сүресі, 31-аят.
[5] «Фатхул бари» 8\515.
[6] «Фатхул бари» 6\320.
[7] Табараниде келген Мунзири Тарғиб кітабында хасан деген баға берген 6\285
[8] «Фатхул бари» 8\624
[9] «Фатхул бари» 6\269.
[10] «Хаққа» сүресі: 24- аят.
[11] «Мұхаммед» сүресі, 15-аят.
[12] «Наууаи шарх Сахихул Муслим» 17\173
[13] «Зухруф» сүресі: 70-аят.
[14] «Фатхул бари» 6\362
[15] «Мажмағ» 10\399
[16] Наууаи шарх Сахихул Муслим 17\170
[17] Наууаи шарх Сахихул Муслим 3\17
[18] «Қаф» сүресі, 34-аят.
[19] «Ағраф» сүресі, 43-аят.
[20] Жәннатың сегіз есігі бер жиырмаға тарта атауаы бар. Жәннаттың атаулары мен қақпалары бір ұғым емес.
[21] «Юнус» сүресі, 26-аят.
[22] «Әнғам» сүресі, 127-аят
[23] «Тәубә» сүресі, 72-аят.
[24] «Юнус» сүресі, 9-аят.
[25] «Нәхл» сүресі, 30-аят.
[26] «Кәһф» сүресі, 107-аят.
[27] «Фұрқан» сүресі, 15-аят
[28] «Фұрқан» сүресі, 75-аят
[29] «Фатыр» сүресі 35-аят.
[30] «Ғафир» сүресі, 39-аят