Дұғаның қабыл болу шарттары

Барлық мақтау бір Аллаһқа тән, оның пайғамбары Мұхаммедке (с.а.у) Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!

Аллаһтың құлы болған адамзат мейлі күшті, әлсіз болсын, мейлі бай, кедей болсын күндердің бір күнінде Раббысына шағымданып, мұңын айтып, жалбарынары ақиқат. Өйткені адам әр кез қажеттілікті сезінеді, тіпті қолына кішкене тікен кірсе де содан ада болғанша Раббысына медет сұрап, дұға тілейді. Өйткені дұға мұсылманның қорғаны, діннің тірегі, Аллаһпен құлды байланыстырушы көпір. Бүкіл тіршілік иелері Жаратушыға мұқтаж. Тіпті шыққан демнің қайта кіреріне, жұтылған астың қорытыларына, батқан күннің қайтып  шығарына кім кепіл?!  Адам баласы Аллаһтың рақымынан құр қалмас үшін әрдайым дұғада болғаны ләзім. Аллаһ тағала Құранда:

)وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ  (

Менің пенделерім сенен Мен туралы сұраса ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, оларда Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер)» [1].

Басқа бір аятта:

وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ  (

         («Раббыларың айтты»: «Маған жалбарыныңдар (дұға жасаңдар) Мен сендерге жауап беремін. Шын мәнінде Маған ғибадат қылуға тәкәппарланатындар қор болған күйде тозаққа кіреді»)[2].

Құлшылықтардың ішінде ең абзалы әрі құрметтісі дұға. Пайғамбарымыз  (с.а.у) мүбәрак хадисінде былай деген:

ليس شيء أكرم على الله تعالى من الدعاء

«Аллаһтың алдында дұғадан құрметтірек (қадірлірек) еш нәрсе жоқ«[3]

         Сондай-ақ мұсылман адам тек қиналған кезде ғана емес кеңшілікте де Раббысын ұмытпағандығы абзал, өйткені қиналғанда дұға жасау кез-келген құлдың ісі, ал тоқшылықта жасаған дұға тақуа құлдың ісі. Пайғамбарымыз (с.а.у)  хадис шарифте:

( من سره أن يستجيب الله له عند الشدائد والكرب فليكثر الدعاء في الرخاء )

«Кімде-кім дұғасынның қиыншылықта, ауыртпалықта қабыл болғанын қаласа, кеңшілікте дұғасын көбейтсін»[4]

Дұғаның қабыл болуы немесе қабыл болмауы – адамның шариғат үкімдерін қаншалықты деңгейде орындағанына байланысты.Пенде Аллаһ Тағаланың үкімін қаншалықты орындаса, оның тілегі де соншалықты қабыл болады. Дұғаның қабыл болу шарттары мен әдептері:

1-Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Аллаһ Тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риадан таза ұстап, бір ғана Аллаһтың разылығы үшін, Одан ғана сұрау.

(وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ)

(Олар; ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды)[5].

Дұға жасаушы адам Аллаһқа серік қосудан сақтану керек. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

(قُلْ إِنَّمَا أَدْعُو رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِهِ أَحَدًا)

((Ей, Мұхаммед!) «Мен өз Раббыма дұға қыламын және Оған ешкімді серік қоспайман»-де)[6]

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде:

(إذا سألت فاسأل الله، وإذا استعنت فاستعن بالله)

«Егер сұрасаң Аллаһтан сұра, егер жәрдем тілесең Аллаһтан жәрдем тіле!»[7].

2-Харамнан алыс болу. Дұға қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы жеген тағамы адалдан болу. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ}

(Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер.)[8]

Харам аспен тамақтанып, киім киіп, жанұясын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде баян етілген.

3- Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаһқа жасаған дұғасы жүрегіннен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзінің мүбарак хадисінде:

(ادعوا الله وأنتم موقنون بالإجابة، واعلموا أن الله لا يستجيب دعاء من قلب غافل لاه)

(«Аллаһтың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай-ақ Аллаһтың, жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер«)[9]

4- Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға тілеу сәтінде өзінің Аллаһтың алдында төмен екенін көрсете білуі қажет. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)

(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[10]

5- Аллаһқа Құран мен Сүннетте келген дұғаларды қолданып жалбарыну. Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы ал, Пайғамбарымыздың (c.а.у) сөзі – Құраннан кейінгі ең ұлық сөз. Құран мен Сүннеттегі дұғаларарды пайдаланып жалбарыну оның қабыл болуының тездететіні күмәнсіз. Мысалы Құранда Аллаһ Тағала:

(وَمِنْهُم مَّن يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ)

(Адамдардың кейбірі:»Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық, ахыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта»-дейтіндер бар)[11]. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дұға қылатын: «Я Аллаһ, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр, және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр, сондай-ақ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ахыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы қыла гөр, ал, менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым қыла гөр«.[12]

6- Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу. Дұға жасаушы адам барысында Аллаһтың тыйым салған немесе ұнамсыз болған  амалдарға дұға жасамауы ләзім өйткені ол шектен шығушылық болып табылады. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)

(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[13]

7- Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарымен дұға қылу.  Раббымыз былай деп әмір етті:

(وَلِلَّهِ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ فَادْعُوهُ بِهَا)

(Аллаһтың көркем есімдері бар. Оған сол есімдермен дұға қылыңыздар!)[14]. Аллаһтың «99» есімі әр түрлі мағына беруіне байланысты адамның басына түскен әртүрлі жағдайларда соған сәйкес мағыналы есімімен дұға тілеуіне болады. Мысалы әділдікті талап еткенде «ия Әділ» деп, кешірім сұрағанда «ия Ғаффар» деп, ризық-несібесінің кеңеюін қаласа, «ия Раззақ» деп тілегені абзал.
Сол секілді Аллаһтың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарынуға рұқсат. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.а.у) мына оқиғаны баяндаған еді: «Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: «Ақиқатында бұл тастан сендерді Аллаһ Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!»-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Аллаһ ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Аллаһ Тағалаға жалбарынған кезде, тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Аллаһтан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Аллаһтан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Аллаһ Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді.Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбек ақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда, ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Аллаһтың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас олар үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды«.[15] Бұл хадистен ізгі істің Аллаһтың алдында қандайлық жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз.

8-Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы. Дұға жасаушы құл дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:

«إن الله حيي كريم، يستحي من عبده إذا رفع إليه يديه أن يردهما صفراً»

«Шын мәнінде, Аллаһ Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады»[16].

Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Аллаһ тағаланың мекенін емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

         ( سلوا الله ببطون أكفكم ولا تسألوه بظهورها فإذا فرغتم فامسحوا بها وجوهكم )

         «Аллаһ тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар»[17].

         Сондай-ақ мұсыламанның дұғасы қабыл болу үшін қасиетті орындар мен сәттерді ескергені жөн.

а) Түннің соңғы үштен бір бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Аллаһ тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді:

(الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿١٦﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالْأَسْحَارِ)

(Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешір де от азабынан сақта»-дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Аллаһ жолында малын сарп қылушылар және таң сәріден кешірім тілеушілер)[18].

б)Жұма күнгі бір сәт. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде келгендей:

إِنَّ فِي الْجُمُعَةِ سَاعَةً لا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ يَسْأَلُ اللَّهَ فِيهَا خَيْرًا إِلا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ

(Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман сол уақытта хайырлы нәрсе сұраса, сұрағанын береді)[19].

Сол секілді қасиетті Рамазан айы, қадір түні, ораза, құрбан айттарында тілеген дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары. Жерлердің ішінде ең қасиеттісі Меккедегі Харам мешіті, Мединадағы Пайғамбарымыздың (с.а.у) мешіті және Ақса мешіті және Арафатта, Муздалифада тілеген дұғалар қайтарылмайтыны жөнінде хадис шарифтерде анық дәлелдер бар.

Мұқтаждығымызды сезініп, Жаратушымызға дұға жасау – кемшілігімізді кемелдікке сүйреуші ғибадат болса, керісінше, такәппарлық таныту – Аллаһ Тағаланың ашуын шақыратын амалдар. Өйткені, дұға жасамау Аллаһқа әр кез құл болуға тырыспағандық имансыздық пен надандықтың белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Дұға жасаудың өзі – ғибадат.» -деп айтуы Аллаһтан дұға тілеп жалбарынудың өзі құлшылық әрі Жаратқанды мойындау екенін жеткізген.

Негізінде, дұға – жамандықты кетіріп, тілекке жеткізетін себептердің ең бастысы. Дұға – пендені пәле-жаладан қорғайды, қайғы мен аурудан емдейді. Келе жатқан пәле-жаланың бетін қайтарады. Халқымыздың, «Құдай деген  құр қалмас», «Құлдан сұрағанның екі көзі шығар, Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығар» деп Жаратқанға жалбарынуы көп нәрсені аңғартады.

Сол себепті де, дұға – мұсылманның қаруы әрі қорғаны діннің негізгі тірегі, мұсылманның мінәжатын Раббысына жеткізуші көпірі.

 

                                       Әділбеков Хамзат

«Қызылжар» орталық

 мешітінің   ұстазы

 

 



[1] Бақара сүресі, 186-аят

[2] Ғафир сүресі, 60-аят

[3] Тирмизи хадистер жинағынан

[4] Тирмизи, Хакімнің хадистер жинағынан

[5] Баиина сүресі, 5-аят.

[6] Жын сүресі, 20-аят.

[7] Тирмизи хадистер жинағынан

[8] Бақара сүресі 172- аят

[9] Тирмизи хадистер жинағынан

[10] Ағраф сүресі, 55-аят

[11] Бақара сүресі, 201 -аят

[12] Муслим хадистер жинағында

[13] Ағраф сүресі, 55-аят

[14]  Ағраф сүресі, 180-аят

[15] Бұхари және Муслим хадистер жинағынан

[16] Тирмизи хадистер жинағынан

[17] Абу Дауд, Байхақи хадистер жинағынан

[18]  Әл Имран сүресі, 16-17 аяттар

[19] Табрани хадистер жинағында

Return to Top ▲Return to Top ▲