Наурыз – көктемнің шуақты мерекесі

         Наурыз мерекесі көне мейрамдардың бірі болып саналады. Бұл мейрамды бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстарды ұйымдастырады.        

         Шығыс халықтарының Жаңа жылы болып есептелетін наурыз айының 21-і күні күн мен түн теңеледі. Бұл күнi табиғат атаулының барлығы жаңарады.  Дана халқымыз мұны Самарқанның көк тасы еріп жібиді деп айтады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап,  Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық ауызбiршiлiкте болады.

Кең пейілді жандар бұл мереке күндері қайырымдылық шараларды ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек беруде өз үлестерін қосады. Мұндай игі істердің сауабы мол. Сонымен қатар, осы күндері ел-аймақтарда сенбіліктер жүргізіліп, бұлақтар, су құбырлары тазаланады. Тазалық – иманның жартысы екенін баршамыз білеміз.

Көптеген адамдарды «Наурызды тойлауға бола ма» секілді сұрақтар толғандыратыны белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  шариғат және пәтуа бөлімінің берген үкіміне сәйкес, наурызды бұрынғы парсылардың сеніміндей етіп тойлау асыл дінімізге жат болып табылады. Біздің қазақ халқымызға ислам діні сонау Қарахан мемлекеті кезінен енгені анық. Наурыз мерекесі қазақ елімен біте қайнасқан мейрам ретінде шариғатымызға қайшы келмейді.

«العرف محكم» «Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай қарама-қайшылығы жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тасталған. Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде «Амалдар ниетке байланысты…» деп айтылған. Біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу. Мұның өзінен Наурыз мерекесін тойлау ислам дініне қайшы емес екендігінің айқын аңғаруға болады.

Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінде: «Әй, адам баласы! Сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», – деген. Ұлттық болмысымызды дәріптейтін Наурыз мерекесін салт-дәстүрлеріміз және әдет-ғұрыптарымызды сақтай отырып өткізу – қазақ болып жаратқан Жаратушы Иемізге шүкір етіп, мақтан тұтуымыз деп білейік. Бірлік пен татулықты, мейірімділік пен инабаттылықты паш ететін жарқын мерекелердің бірі  – әз-Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Return to Top ▲Return to Top ▲