ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ХИКМЕТІ НЕ?

Құрбан шалу құлшылығы адамды ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа ке­нелтеді.

Пай­ғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ما عمل ابن آدم يوم النحر أحب إلى الله من إهراق الدم، وإنه ليؤتى يوم القيامة بقرونها وأشعارها وأظلافها، وإن الدم ليقع من الله بمكان قبل أن يقع بالأرض، فطيبوا بها نفسا

«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сү­йік­ті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мү­йіз­дері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Та­ғаланың құзырында үлкен мақамға же­те­ді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл риза­шылығымен шалыңдар»[1] – деген.

Тағы бір хадисте:

بكل شعرة حسنة

Құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған[2]

Құрбан шалу Алланың берген нығметіне шүкіршілік етуді білдіреді. Алланың берген нығметі өте көп, оны санап санына жете алмайсың. Алла Тағала Құранда:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لا تُحْصُوهَا

«Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»[3] – дейді. Иман, құлшылық, есту, көру, мал-дүние, бала-шаға – бұның барлығы Алланың берген нығметі. Бұл нығметтер жалғасымды болуы үшін оның шүкіршілігін білдіру қажет. Алланың берген нығметіне шүкіршілік етудің бір жолы Алла жолында мал-дүниені жұмсау. Құрбандық шалу – Аллаға шүкіршілік етудің бір көрінісі.

Құрбан шалу арқылы Алланың әміріне бойұсынуды және сабырлықты үйренеміз. Ибраһим мен Исмайыл пайғамбардың Алланың әміріне бойұсынғанын әрі бекем тұрған оқиғасын еске алар болсақ, олардың Аллаға деген бойсұнуы мен махаббаты барлық нәрседен жоғары тұрғанын байқаймыз. Әрине бұл Алланың әміріне бойұсынуымызға ынталандырады әрі сабырлы болуға жігерлендіреді. 

Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті артырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қы­лықтарын бауырмалдық, жомарттық, кі­шіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.

[1] Термизи риуаяты.

[2] Ибн Мәжә, №3118.

[3] «Ибраһим» сүресі, 34-аят.

Return to Top ▲Return to Top ▲