«Қызылжар» орталық мешітінде «Нұрлы мінбер – 2017» байқауының іріктеу сайысы өткізілді. Оған қала және аудан имамдары арасынан бірнешеуі қатысты. Бес турдан тұратын сайыстың алғашқысы – «Сәлем – сөздің атасында» өздерін өлеңмен таныстырған қалалық Мұхсин және облыстық «Қызылжар» мешіттерінің наиб имамдары Қаратай Бақаев пен Қанат Мұстафин көзге түсе білді.
Бәйге турындағы 30 сұрақ білімді ғана емес, ойдың да, қолдың да шапшаңдығын талап етеді екен. Бірінші турда алға шыққандар енді одан сайын оза түсті.
Телеойын тәріздес «Жеті жарғы» кезеңі тартысқа толы болды. Онда уақыт талабына сәйкес имамдар форумында қабылданған үш құжат бойынша сұрақтардың да қойылуы әбден қисынды.
«Жағдаят» деп аталатын төртінші тур да тартымдылығымен тәнті етті. Ондағы ойландыратын сұрақтарға жауап қайтару оңай болған жоқ.
Сайыс барысында ұпайларын арттыра түскен екі наиб имам соңғы турда да бақ сынасты. Біріншісі – ата-ана, екіншісі тәкаппарлық туралы уағыз айтқан олар өз тақырыптарын толық аша білді.
Нәтижесінде «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Қанат Мұстафин жеңіске жетті. Оны ҚМДБ-ның өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы құттықтап, марапатын табыс етті. Сайысқа қатысқандардың барлығы да Алғыс хаттармен марапатталды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі