Қажылық


بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين وَأَمَّا بَعْد

Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ!

Бүкіл мақтау-мадақ Аллаға ғана тән. Біз Оны мадақтап, дәріптейміз, Одан медет сұраймыз, күнәларымызға жарылқау тілейміз. Алланың атымен нәпсілеріміздің кесір-кесапаттарынан, теріс істеріміздің жамандықтарынан сақтанамыз. Расында Алла кімді тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды, ал кімді адастырса, оны ешкім де тура жолға сала алмайды.

Мен Алладан басқа ешбір құдайдың жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне кәміл куәлік беремін.

Сүйікті де ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына және солардың ізіне ерген Қиямет күніне дейінгі барша пенделерге Алланың сансыз салауаты мен сәлемі болғай.

Құрметті мұсылман қауым! Бүгінгі уағызымыздың тақырыбы қажылық турасында болмақ.

Қажылық, яғни араб тілінде хажж деген сөз ниеттену, қалау деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғатта белгіленген арнайы орынға арнайы уақытта және арнайы іс-әрекетпен бару дегенді білдіреді.

Қажылық – Ислам дінінің негізгі рүкіндерінің бірі. Кімде-кім оның парыз екендігін теріске шығарса мұсылмандықтан шығады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

﴿وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ﴾

«Алла шамасы жеткен адамдарға Бәйтуллаға қажылық жасауды міндеттеді. Ал кім оған қарсы келсе, расында Алла әлемдерге мұқтаж емес», – деген (Әли Имран, 97).

Қажылық балиғатқа толған, ақыл-есі түзу, дендері сау, азат мұсылмандарға парыз. Қажылықтың шарты: сапарға жететін жол қаражаты, көлігі яки көлікті жалға алатын жағдайы болуы және осы қаражат баспанасынан, өзі жоқта отбасының күнелтуіне жетерлік қаражатынан бөлек болуы.

Мұсылман әйел қажылыққа шығар болса қасында күйеуі немесе туысы болуы шарт. Меккеден намаз қысқартатындай ұзақ қашықтықта болса бұларсыз шығуына болмайды.

 

Әбу Ханифа мазһабы бойынша қажылықтың парыздары үшеу:

  1. Ихрам кию.
  2. Арафат тауында тұру.
  3. Қағбаны тауап ету.

Ал қажылықтың уәжіптері төмендегідей:

  1. Құрбан айтының бірінші күні таң атқан соң Муздалифада тұру.
  2. Сафа және Маруа таулары арасын жүріп өту.
  3. Шайтанға тас ату.
  4. Сырттан келгендер үшін қоштасу тауап.
  5. Шашын алу немесе қысқарту.
  6. Арафат тауында тұруды күн батқанға дейін созу.
  7. Қиран мен тәмәттуғ жасаушылар үшін құрбан шалу.
  8. Қажылықты немесе ұмраны жеке дара жасаушы үшін тас ату, шаш қысқарту керек болса, біріктірушілер – тәмәттуғ пен қиранды жасаушы үшін тас атып, құрбан шалып барып шаш қысқарту керек.
  9. Құрбан айты күні Қағбаны тауап ету.
  10. Шашын алу немесе қысқарту орны (Мешіт Харам).
  11. Шашын алу не қысқарту уақыты (құрбан шалатын күндер).

Қажылықтың сүннеттері төмендегідей:

  1. Қажылықты дара жасаушы мен қиран жасаушы үшін Қағбаны тауап ету.
  2. Тауаптан соң Сафа мен Маруада жүргенде тездетіп жүру және оң иығын ашып, ихрамны оң иығына салып жүру.
  3. Зул-хижа айының сегізі күні Минаға барып, сонда оқу.
  4. Тоғызы күні – Арафат күні күн көтерілген соң Минадан шығып, Арафат тауына бару.
  5. Оны күні түнде Муздалифада түнеу.
  6. Арафаттағы ғұсыл құйыну.
  7. Құрбан күндері Минада түнеу.

 

Ихрам дегеніміз қажылыққа немесе ұмраға ниет етіп, тәлбия айту.

Сүннет бойынша егер ихрам жағдайына өтуді қаласа ғұсыл яки дәрет алады, ғұсыл алу абзал. Тігісі жоқ жаңа не жуылған, таза екі ақ матаны оранады. Біреуін шалбар орнына, екіншісін жоғары жағына киеді. Бұл киім ихрам киімі деп аталады. Иіссуы болса себеді. Басын жауып, екі рәкәғат нәпіл намазын оқиды. Намазын бітірген соң басын ашып, қажылыққа ниет етеді. «Я, Алла! Мен қажылыққа ниет еттім. Дұрыс өтеуді жеңілдет, менен қабыл ал!» деп мына тәлбия дұғасын айтады: «Ләббәйкаллаһума ләббәйк! Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъматә ләкә уәл-мулк лә шәрикә ләк!». Осы дұғаны сөздерін қалдырмай, айнытпай айтуы шарт. Қосымша дұғалар қосса болады. Осы дұғаны айтқанда ихрамға кірген болып есептеледі. Мұнан кейінгі жерде ихрам жағдайын бұзатын нәрселерден мұқият сақ болуы қажет.

Егер қажылыққа шыққан әйел етекірлі немесе нифас қаны болса, қанның тоқтауын күтпейді, шомылатын жер болса тазалық үшін ғұсыл алады. Шашын тарап, ихрам киімін киеді. Екі рәкәғат нәпілін оқымайды. Қажылыққа не ұмыраға ниет етіп, тәлбияны қайталайды. Егер ниет етіп, тәлбия айтса ихрам жасаған болады. Ал, Меккеге кірген болса қанның тоқтауын күтеді. Тазарғанда ғұсыл алып, тауап жасай береді.

 

Ихрамның тыйымдары

Ихрам кезінде тыйым салынған нәрселер мыналар:

  1. Төсек қатынасы.
  2. Пасықтық. Бұзықтық.
  3. Дау-дамай.
  4. Құрылық жануарын өлтіру.
  5. Аңды нұсқау.
  6. Аңшыға аңды көрсетіп беру.
  7. Көйлек, шалбар, қалпақ сияқты дене мүшелерге арнап тігілген не тоқылған киімдер кию.
  8. Екі қолына қолғап, екі аяғына тігілген мәсі кию. Егер басқа нәрсе табылмаса мәсісін қонышынан кесіп киеді.
  9. Басын не жүзін орау, қалпақ кию не сәлде орау.
  10. Иіссу себу.
  11. Шашын алу не қысқарту немесе сақалын қысқарту, денесіндегі шаш, түктерді жұлу, қыру.
  12. Тырнақтарын алу.
  13. Зағыпыранмен не жосамен боялған нәрселерді кию. Егер жақсылап жуылып, иісі шығып тұрмаса болды.

Бұл тыйымдар жалпыға бірдей. Алайда, әйелдің ихрам киімінің кәдуілгі киімінен айырмашылығы болмайды. Басын жабады, жүзін жаппайды.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲