Мешіт – Алланың жердегі үйі. Еліміз тәуелсіздік алып, халық дінге бет бұра бастаған 23 жыл ішінде Қазақстанда мыңдаған мешіт бой көтерді. Бүгінде еліміз бойынша олардың саны 2000-нан асып кетті. Жаңа мешіттермен бірге ертеректе салынған ғибадат үйлерінің де әлі күнге дейін сақталып, халыққа қызмет етіп тұрғанын айта кеткен жөн. Солардың бірі – қабырғасы қаланғанына 130 жылдан асқан Петропавл қаласындағы “Нұр” мешіті. Бұл мешітті 1882 жылы Валид пен Халид Янгузаровтар деген ағайынды көпестер салдырған. Намаз оқитын бөлме шамамен 200 кісіге шақталған. Содан бері бұл мешітте мыңдаған жан кұлшылық етті, медресесінде шәкірттер тәрбиеленді. Өкінішке қарай, Қазан төңкерісінен кейін ол түрлі сылтаулармен жабылып қалады. Кейін ғимарат қалалық пионерлер үйіне беріледі. Ал Қазан төңкерісіне дейінгі уақытта бұл мешітте Ғазиз Бегішев деген азамат имамдық еткен. Кейін Мирараб Янгузаров осында имам болады. 1991 жылы тәуелсіздік алып, дінге бетбұрыс түзелген уақытта ғана мешіт қайтадан халыққа құлшылық ететін орын ретінде кайтарылды.
Жалпы, 1927 жылғы Ақмола губерниялық кеңесінің тіркеуі бойынша Қызылжарда тоғыз мешіт бар екені көрсетілген. Олардың алтауы – кірпіш пен тастан, ал қалған үшеуі ағаштан салынған болатын. Ағаштан салынған мешіттер әлдеқашан жойылды. Ал тастан қаланғандарының үш-төртеуі сақталған. Солардың бірі – “Нұр” мешіті, одан бөлек “Дін Мұхаммед” мешіті де бар. “Нұр” мешітінің ауласында ел арасында “Қалыңдық үйі” аталып кеткен екіқабатты ғимарат тұр. Оны көпес Янгузаров қалыңдығы үшін салған екен. “Қалыңдық үйі” – екіқабатты. Сырт көзге тастан қаланғандай болып көрінеді. Бірақ ағаштан тұрғызылған баспана арнайы сылақпен майланған. 1914 жылы тұрғызылған нысанның ою-өрнектері көп. Бүгінде бұл нысан мемлекет қаржысына қайта қалпына келтіріліп жатыр.
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі.