Бұл ұлы сүренің артықшылығы жайында көптеген хадистер келген. Солардың кейбірін келтіріп, сүренің маңыздылығын ашық баяндайтын болсақ, бірде Әбу Һурайраға пайғамбарымыз (e) келіп: «Саған Інжілде де, Тәуратта да, Зәбурде де келмеген сүрені айтайын ба?», – дейді. Әбу Һурайра: «Иә, – деп еді, ол кісі осы Фатиха сүресін атаған. (Тирмизи, сахих /сенімді/ хадис).
Кез-келген сөз бен Аллаһ сөзі арасындағы айырмашылық – жаратушы мен құлдың арасындағы айырмашылықтайын. Жай ғана жаратылыс сөзі жаратушысының сөзіне тең келе ме? Ал енді жаратушының сөздері болған Тәурат, Зәбур, Інжілде теңі болмаған Фатиха сүресі осындай жоғары дәрежеге ие болса, онда бұл сүрені басқа сөзбен мүлдем салыструға келмей қалады! Адамдардың кемеңгер ойшылы, дана ғұламасы бір сипаттаудан тыс дана, кәміл сөз ойлап тапса да, оның сөзі Құрандағы бір аятқа тең келе алмайды, ал Фатиха сүресімен тіпті салғыласа алмасы хақ!
Тағы бір құдси хадисте пайғамбарымыз (e): «Аллаһ тағала былай деді: «Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім, жартысы Маған, жартысы құлыма әрі құлыма сұрағаны тиесілі. Егер де құлым «Әл-хамду лилләһи роббил ғаләмийн» десе, Аллаһ: «Құлым Маған мадақ айтты», – дейді. Егер де құл: «Әр-рахманир рахим» десе, Аллаһ: «Құлым Мені мақтады», – дейді. Егер де құл: «Мәәлики иәумиддин» десе, Аллаһ: «Құлым Мені ұлықтады», – дейді. Егер де құл: «Ияәкә нәғбуду уә ияәкә нәстәғийн», – десе, Аллаһ тағала: «Бұл Мені мен құлымның арасында әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді. Егер құл: «Иһдинас сыратал мустәқийм. Сыраталләзинә әнғамта ғаләйһим ғойрил мағдууби ғаләйһим уәләд-дооллийн», – десе, Аллаһ: «Бұл құлымдыкі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді», – деген. (Муслим).
Хадистегі «намаз» деген жерде Фатиха сүресі меңзеледі және бұл сүре Аллаһ пен құлдың арасында болады. Мұның өзі бұл сүренің ұлы дәрежесі мен жоғары мәртебесін көрсетеді. Бірақ мұндай сауапқа қол жеткізу үшін міндетті түрде сүренің мағынасын түсініп, мәнін ұғынып, аяттарын ой елегінен өткізу керек етіледі. Аяттың мағыналарына ой жүгірткен адам мен тілі сүре оқып, ойы далада болған адам тең емес. Аяттың мәнін ұғынған мен ұғына алмайтын жан да өзара тең бола алмайды.
Әбу Сағид есімді сахаба былай дейді: «Бірде мен мешітте намаз оқып отырғанымда мені пайғамбар (e) шақырды. Мен жауап қатпадым. Сосын мен: «Әй, Аллаһ елшісі! Мен намаз оқып отырған едім»,- деп едім, ол кісі (e): «Аллаһ тағала Құранда: «Егер де Аллаһ пен елші шақыратын болса, онда жауап қатыңдар!»,-демеп пе еді?»,- деді де, артынша: «Сен мешіттен шықпастан бұрын мен саған бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін ол кісі (e) шыға бергенде мен: «Әй, Аллаһ елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре»,- деп едіңіз ғой»,- дегенімде ол кісі (e): «Әлхамду лилләһи роббил ғаләмийн. Бұл маған берілген «әс-Сәбғул мәсәни (қайталанатын жетеу)» және «әл-Қуранул ғазыйм (ұлы Құран)»»,- деді». (Бұхари).
Абдуссамад МАХАТ
“Фатиха” сүресінің тәпсірі кітабынан