УАҚЫТ

Кез келген нәрсе, құбылыс белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартаюы, дүниеден озуы. Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы, мөлшерлі. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырында.

Алла Тағала қасиетті Кұран Кәрімде:

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ 

«Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық»,[1] – дейді.

Қысқаша түсіндірмесі: Әуелбаста әр нәрсенің мөлшерін, шегін, уақытын белгіледік. Сол белгіленген уақыт аяқталған кезде барша жаратылыс тіршілік етуін тоқтатады[2].

Сонымен қатар әр нәрсенің ақыры, түгесілетін кезі бар. Адамның қолындағы байлық күндердің бір күнінде саусақтан аққан су тамшысындай ғайып болады, бойдағы күші де уақыт өте сарқылады, сол секілді талайды тамсандырған адам жүзіндегі сұлулық та жылдар өте қатпар-қатпар әжімге айналады. Айнаға немесе фотосуреттеріңе бір сәт қарашы! жүзіңдегі өзгерістерді байқаған боларсың. Осыдан он жыл емес бес жыл бұрын қандай едің? қазір қандайсың? Енді бес-он жылда қандай болатыныңды ойладың ба? Барлық жаратылыстардың пәнилік екенін  Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былайша баяндайды:

  كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ  وَيَبْقَىٰ وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

«Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгі-бақи қалады!»[3].

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл дүниедегі барлық тіршілік  Алланың ұлы туындысы. Жерде жүрген жан-жануарлар мен аспанда ұшқан құстардан бастап, көзге көрініп-көрінбейтін микроптарға дейін пәнилік, ақыр соңында өмір сүруін тоқтатады. Тек Жаратушы Алланың ғана ұлықтығы мәңгі жалғасады[4].

Адамның орта жасы жайында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Үмметімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады»[5], –  деп сипаттап кеткен.

Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл емес пе?! Сол жетпіс жыл жастар үшін асуы биік белес болып көрінуі мүмкін, алайда жетпіс жылыңыз 840 ай ғана, сол жетпіс жылыңыз 3640 апта, 25550 күн екен. Соның 25 жылын ұйқымен өткіземіз, күніне бір сағаттай тамақ ішуге кетсе, 3,5 жылдай ғұмырыңыз тек дастарханның басында тамақ ішумен өтеді. Алдыңызда егер Алланың нәсіп еткен 30 жылы қалса сол отыз жылдың күніне екі сағатын пайдасыз істерде телефонмен, бос әңгімемен не теледидар қараумен өткізсеңіз ғұмырыңыздың 912 күнін босқа кетіргеніңіз. Өкінішті-ақ уақытымыз дәл осылай өзімізге де, өзгеге де, қоғамға да пайда келтірмеген күйде өтіп жатыр.


[1] «Қамар» сүресі, 49-аят

[2] Сафуат әттәфасир кітабы

[3] «Рахман» сүресі, 26-27 аяттар

[4] Сафуат әттәфасир кітабы

[5] Тирмизи хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲