СҚО///  ИМАМДАР  БОТАЙ ҚОНЫСЫНА САЯХАТ ЖАСАДЫ

Солтүстік Қазақстан облысының имамдары «Дархан дала» жобасы аясында Айыртау ауданына барып тарихи орындарды зиярат етті.

«Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасының басты мақсаты –халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, тарихи, киелі орындарға рухани тур ұйымдастыру.  Мұнда жол бастаушы тарихшы маман, имамдарды Ботай қонысының тарихымен таныстырып, атаулы қоныстағы үңгірлерді аралатты. Олардың тарихына тоқталып, діни қызметкерлерге мол мағлұмат берді.

Ботай қонысын 1980 жылы Солтүстік Қазақстан археологиялық  экспедициясының мүшесі В.Ф. Зайберт ашқан. Біздің дәуірімізге дейінгі 4 мыңыншы жылға жататын дала мәдениетінің бастауы, ежелгі адамдардың мекені болып саналады. Ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяқтары тиген бұл өңір ежелгі дәуірлерден елес береді. Осыдан 5-6 мың жыл бұрын бабаларымыздың адамзат өркениетіне тұңғыш көлік құралы – жылқыны әкеліп, бұл түлікті қолға үйреткені шынымен таңқаларлық жағдай. АҚШ, Англия, Германия, Қытай және Иран ғалымдары Ботай мәдениеті жайлы тарихи деректерге негізделген пікірлерін білдіріп, жер астынан табылған адам мен жылқының сүйектерін, қымыз ішетін ыдыстарды терең зерттеп, адамдар бұл өлкеде 5300 жыл бұрын өмір сүрді деген тұжырымға келген.

Ботай біз үшін ежелгі адамдар қонысы ғана емес әрі төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып шығарған құнды ескерткіш болып табылады. Бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, мұнда табылған археологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асты. Солтүстік Қазақстанның жер төсіндегі ежелгі адамдардың қонысы- Ботай қорымы қазақ тарихына даңғыл жол салды. Ол бүгінгі күні археологияның бренді болып саналады.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲