САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ – БАСТЫ ОРЫНДА

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көпшілік арасында мешітте жамағатпен оқылатын намазға қатысты, сонымен қатар мешіттердің жанындағы асханаларда өтетін ас-садақалардың өтуі туралы сұрақтар туындағаны рас. Кешегі күні,жұртшылықты көп күттірмей,ҚМДБ сайтында төтенше жағдай жарияланған кезде мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуә жарияланды.  Осыған байланысты облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай жергілікті мешіттерде қолға алынып отырған сақтық шаралары туралы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде мешіттер жабылмайды.  Дегенмен, індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешітте жамағатпен намаз оқылмайды. Әркім бес уақыт намаз бен жұма намазын үйлерінде оқуы тиіс.  «Сол сияқты көп адамның бір жерге шоғырлануының алдын алу үшін мешіт асханаларында берілетін құдайы ас, садақаларға уақытша шектеу қойылып отыр. Бұл – мешіт қабырғасында ғана емес, барлық жерлерде де орындалуы тиіс талап. Ал жаназаға, неке қию рәсімдеріне жақын туыстардан құралған шағын топтың ғана қатысуына кеңес беріледі», – дейді бас имам.

Айта кету керек, төтенше жағдай кезінде мешіттердің  санитарлық қауіпсіздік жағдайының қамтамасыз етілуі  ұдайы назарда болады.

Return to Top ▲Return to Top ▲