ҚМДБ жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының жылдық жоспарына сәйкес РАНТ мүшесі, Астана қаласының «Әзірет сұлтан» мешітінің ұстазы, дінтану магистрі Мақсатбек Мақсұтұлы Қайырғалиев Қызылжар өңірінде өз жұмысын бастады. Ең алдымен Мақсатбек Мақсұтұлы мен ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жергілікті Дін істері басқармасында кездесу өткізіп, бірлесе атқарылатын ақпараттық-насихат жұмыстарына әзірленген жоспарды талқылады. Кездесуде жергілікті Дін істері басқармасының басшылығы жоспарланған шараларды жүзеге асыруға ат салысатынын айтты.
Кездесуден кейін РАНТ мүшесі Мақсатбек Мақсұтұлы облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде сауат ашу курстарының шәкірттеріне діни танымдық дәріс өткізіп, ақшам намазына жиналған жамағатқа ғибратты уағыз айтты.
Ал ағымдағы жылдың 12 наурыз күні ақпараттық топтың мүшелері жұмыс кестесіне сәйкес облысымызға қарасты Тайынша ауданына арнайы іссапармен шықты. Тайынша аудандық әкімшілігінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Оған жергілікті мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-ның өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты. РАНТ мүшесі Мақсатбек Мақсұтұлы жиналған қауымға баяндама жасап: «Қазіргі таңда еліміздің жеткен жетістіктеріне көп елдер қызығып қарайды. Өйткені Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде ұлтаралық келісім, достық пен дінаралық татуластық орнаған», – деп, ислам дінінің басқа діндерге деген көзқарасы мен бейбітшілігін атап өтті. Ал облыс имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы: «Бүгінде Қазақстандағы жат ағымдарды алдын алуда ата-бабаларымыздың ежелден ұстанып келе жатқан, иісі қазақ халқымыздың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен біте қайнасқан дәстүрлі исламды насихаттауымыз керек», – деп, қазақы салт-дәстүрлерінің ислам дініне еш қайшы емес екенін айтты. Дөңгелек үстел барысында тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға РАНТ мүшелері толыққанды жауап қайтарып отырды.
Жоспар бойынша келесі кездесу Тайынша ауданының №5 қазақ орта мектебінің мұғалімдері мен оқушыларымен өтті. Оған РАНТ мүшесі Мақсатбек Мақсұтұлы, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков, облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Болат Омаров, облыстық «Көз жету» қоғамдық ұйымының төрағасы Рустам Садуев қатысып, оқушыларға асыл дініміздің құндылықтары жайында, сондай-ақ білімнің ислам дінінде алатын орны туралы айтылды.
Осындай әсерлі күннің соңында РАНТ мүшелері аудандық мешітте жергілікті жамағатпен кездесіп, намазхандардың діни ілімдерін арттыру мақсатында дәріс оқыды.
РАНТ мүшелерінің Қызылжар өңіріндегі алғашқы күндері осылай басталды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі