Отанды сүю иманнан

Аллаһ тағала Қасиетті Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», деп айтқан (Хужрат сүресі, 13-аят).  Бүгінгі күні менің елім Қазақстан, менің жерім Қазақстан деген осы екі асыл сөзді еліміздің  әрбір азаматы асқақ сезіммен, мақтанышпен айта алары хақ. Өйткені біз бір үйдін баласы сияқты асқақ арман жетегінде, отаншылдықты ту еткен ұлт пен ұлыстардың ұл-қыздары қасиетті қазақ жерінде бейбітшілік пен ынтымақта,  достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатқан жандармыз.

Дегенмен қазіргі таңда, әсіресе жастар арасында туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілік, махаббат, ұлттық намыстың жетіспеушілігінен туындап жатқан кейбір келеңсіз жайттарды көреміз. Имандылықты бойына сіңірген адам, отанын сүюді, ата-мекенін сүюді, ұлтын сүюді Алланың  бұйрығы деп біледі. Бүгінгі тақырыбымыздың  да өзегі Пайғамбарымыз с.ғ.с айтқандай отанды сүю – ол иманнан. Отанымыз –  тәуелсіз тұғыры биік Қазақстан. Отанды ешкім сатып та ала алмайды.  Сол үшін еліміз, дініміз бен діліміз, халқымыз біз үшін өте қымбат. Сондықтан әрқашан Жаратқан иемізден отан сүйгіштік сезім өрге бастап алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейміз. Ал ынтымағы жарасқан иманды елді ешбір жау ала алмайтыны баршаға аян. Осындай ұлан байтақ  жерімізді бабаларымыз сан ғасырлар бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, найзаның ұшымен, білектің күшімен, жүректегі иман нұрымен сақтап  қалып, бізге қалдырған аманаты деп  түсінуіміз керек-ақ. Қасиетті Құранда: «Аллаһтың қастерлі ұғымдарына құрмет көрсету – жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят) делінген. Ал, имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін отан оттан да ыстық. Олай болса, Отанды құрметтеу  мұсылман баласы  үшін қастерлі парыз, ағайын. Отан деп отбасы мен ошақ қасын,  жұтып жүрген ауасын,  ішіп жүрген суын, байлығы мол кең-байтақ жерін, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелерімізді, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығы мен ынтымағын тілеу әрбір мұсылманның діни де, әрі азаматтық  борышы. Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген ұғым бар. Отанды сүйюге, туған елге деген құрмет сезімі әрине әрқайсымыздың отбасымыздан бастау алуы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер өздеріңе жүктелген нәрсеге жауаптысыңдар». Олай болса елбасы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан  сұраққа тартылады», – деген. Ендеше, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен, туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты. Осыған орай  Жүсіп Баласағұн бабамыздың  мәні терең айтылған сөзі еріксіз ойға келеді: «Бала нені көрсе жаста ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді қайдан сезсін. Сондай-ақ қазақтың біртуар азаматы, халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан атамыз айтқандай «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзін қалай түсінеміз? Бұл деген сөз отанды қорғау жолында бәріне бара білу, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Жалпы  Отанды сүю үшін адам өз тілін, тарихы мен мәдениетін білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетінің қадірін білмеген адам бірте –бірте өзге де құндылықтарынан ажырайтыны анық.  Және де өз елін сүйетін әр азамат  шет жерде жүргенде кіндік қаны тамған жерін сағынбай қоймайды. Ардақты Пайғамбарымыз  с. ғ.с. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Өзінің туған жеріне Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деген.

Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың с.ғ.с. туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.  Және де жоғарыда айтылған хадисте «әркім өз қарамағындағыларға жауапты» дегеннен біздің алатын үлгіміз көп. Бірде  Хазреті  Омар (р.а.) халифалық тұсында сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап қатты. Бұл хазреті Омардың (р.а.)  ел басқарып тұрған Халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабалардың қай-қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені олар ақиретте осы дүниеде істеген әр ісі үшін сұрақ барына анық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Аллаһтың алдына ешкімнің ақысын жеместен  жүзі  жарқырап баруын  қалаған. Бұл бүгін біз үшін ой салуы тиіс. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары  қоя білетін, ар-ожданын ақшадан биік  санайтын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні белгілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет  екені  баршаға аян.

Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы  тиіс. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы қажет. Құранда: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Аллаһ тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105-аят) делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған  міндетіне  немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам»  дейді. Осы себепті туған елін  сүйетін әрбір азамат  мұнысын  нақты ісімен дәлелдеуі керек.

Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік ұстанған жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Оларды  әр жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздық танытып   отырғаны қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарамай, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу –  қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті «Отанды сүю – иманнан» деп хадисте бекер айтылмаса керек.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым, жастарымызды, өскелең ұрпақты туған еліне, жеріне деген махаббат, ұлттық патриотизм, ұлтжандылық сезімінде тәрбиелеу әрқайсысымыздың мойнымыздағы парызымыз деп түсінуіміз керек.

Алла тағала әр отбасына бақыт, береке әкелсін! Халқымыз әрдайым бірлік, ынтымақтан айырылмасын! Жаратқан ием елімізге тыныштық, асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына нәсіп етсін! Әмин.

 

 

                      Қайыргелді Руслан

БОЛАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі,

«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы

 

Return to Top ▲Return to Top ▲