Наиб мүфти Мәскеуде халықаралық форумға қатысты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Мәскеу қаласында өтіп жатқан халықаралық форумға қатысты.

Басқосуда дін қайраткерлері әлемде орын алған дүрбелең оқиғалар мен рухани дағдарыс мәселелерін шешуде Ислам дінінің рөлін сөз етті.

Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Ресей Мүфтилер Кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдинмен кездесіп, пікір алмасты. Дін өкілдері Ресей мен Қазақстанның мәдени-рухани салаларындағы қарым-қатынасы жайлы сөз етті.

Форумда баяндама жасаған Серік Сатыбалдыұлы Орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан шет қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, өркениеттен қол үзбегенін және бұл сауда жолының бойында орналасқан қалаларда әсем мешіттер мен тарихи кесенелер салынғанын тілге тиек етті.

«Еуразиялық интеграция идеясы мұсылман әлеміне, оның ішінде Ислам қайраткерлеріне зор жауапкершілік жүктейді. Осы тұрғыдан келгенде, мұсылман үмбеті мен Ислам ғұламалары елдің игілігі үшін жасалған мұндай маңызды қадамдарға үн қосып, қолдау көрсетуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда мұсылмандарға: «Жақсы істерде бір-бірлеріңе көмекші болыңдар», – деп бұйырған. Мұсылман ғұламалары әлемдік діни тұрақтылыққа қашан да үлес қосып отыруы тиіс. Өйткені, дін – мемлекеттің рухани тірегі», – деді ҚМДБ төраға орынбасары С.Ораз.

Халықаралық форумға Мәскеу қаласында екі апталық курста оқып жатқан елімізден барған имамдар да қатысуда.

ҚМДБ Баспасөз қызметі


 

Return to Top ▲Return to Top ▲