«Қызылжар» орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің негізін қалаған Рысжамал Бекетқызы 75 жасқа толып отыр. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада салтанатты іс-шара өтіп, қаламыздың қадірлі азаматы, талай ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрінен сусындатқан ардақты ұстазды замандастары, білім саласының өкілдері, әжелер мектебінің мүшелері мен орталық мешіт қызметкерлері құттықтады. Наиб имам Аян Алыпқашев мерейтой иесінің әжелер мектебімен бірге жастар тәрбиесіне, әсіресе, қыздардың өнегелі тәлім алып, иманды болып өсуіне барынша үлес қосып жүргеніне алғыс білдірді. Мешіт қызметкерлерінің ізгі тілектерін жеткізе отырып, гүл шоқтарын табыс етті. Ал әжелер мектебінің бүгінгі төрайымы Сәлима апай мерейтой иесіне шапан кигізді.
«Қызылжар» орталық мешіті жанындағы әжелер мектебі осыдан бес жыл бұрын құрылып, бүгінде нәтижелі жұмыс істеп келеді. Рысжамал апай мешіт қабырғасында өтетін қоғамдық іс-шараларға белсенді араласып, әжелер мектебі жұмысына қолғабыс етуде.