Кәзіргі кездегі кейбір дінге жат ағым өкілдерінің мұсылман қоғамын даурықтырып жүрген өзекті мәселелерінің бірі – мазһабсыздық, мазһабты мойындамау. Яғни мазһаб ұстанудың қажеті жоқ, пайғамбарымыздың (с.а.у) оның сахабаларының кезінде мазһаб мүлдем болмаған, Құран алдымызда, хадистер кітаптарда жинақталған, тіпті мазһаб имамдарының өзі оларға тақлид жасауға тыйым салған, егер сахих хадис көрсеңдер менің сөзімді тастаңдар деген сөздерін келтіріп, әлсіз адамдардың жүрегіне күмән ұялатуда. Олардың ойынша әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей құраннан хадистерден үкімдерді текілей алып амалға асыра беруі қажет. Осы және басқа да кертартпа ойларын алға тартып, енді-енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылман жастарының жүректеріне сызат салуда. Олар мазһаб ұстайтындарды діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: сен «әһлу сунна уәл жамағаны» ұстанасың ба? әлде Абу Ханифаның жолын ұстанасың ба? деген сұрақтарын қояды.
Исламның алғашқы дәуірінде мазһабтардың болмауы ол мазһабқа қажеттілік болмағандығымен түсіндіруге болады. Себебі ол кездегі дінге, Құран аяттарына, хадистерге деген түсінік қосымша талқылауды зерттеуді қажет етпейтін. Кейінгі дәуірлерде ислам қанат жайып, дінге кірушілер саны көбейген кезде олардың деңгейі Құран мен хадистерді тікелей түсінетіндей дәрежеде болмады, оларға дінді түсіндіруші ғалымдар қажет болды.
Әлбетте Құран, хадис, сахабалардың үкімдері ислам шариғатының негіздері бірақ оны түсіну кез келген адамның шамасы келмейтін әрекет. Оны тек таңдаулылар ғана түсіне алады. Атақты ғалым Суфиян ибн Уйайна: «Хадис фиқһ ғалымдарынан басқаны адастыруы мүмкін», деп айтқан. Бұл дегеніміз хадисті түсіну оны орынды орнына қолдану ол тек ғұламалардың қолынан келетін әрекет. Алғашқы дәуір ғалымдарының фиқһ саласында айтқан сөздері, үкімдері, осы Құран мен хадисті түсінуден туындаған мәселелер, өйткені олар кәзіргі кейбір ғалымсымақтар секілді емес діннің атынан сөйлеудің қадірін түсінген адамдар. Керісінше біз олардың сөздеріне жармасуымыз қажет, дін бізге солар арқылы жетті.
Олар бейне ауруға шипа іздеген дәрігер секілді, мыңдаған дәрілік қасиеті бар емдік шөптердің ішінен адамның жасына, ауруына қарай дәрі жазып берген секілді фиқһ ғалымдары да өмірдегі әртүрлі мәселелерде адамның, жердің, бүтін халықтың ерекшеліктерін ескере отырып, шариғи дәлелдерді таңдап діни мәселелерді шешіп отырған. Ал кәзіргі кездегі кейбір мұсылман бауырлардың бір мәселе туындаса шетелде жүрген белгісіз бір шейхтарға телефон соғып, үкімін сұрап сұрақтарына жауап алып жатқанын көресін. Қазақстанда болмаған сол шейх үкім берген кезде елдің ерекшелігін, әдет-ғұрпын ескерді ме екен?!!….
Мазһабтардың жеке мектеп ретінде пайда болуы тарихына қайтсақ, Табиғиндер кезеңі фиқһ мәзһабтардың негізі қаланған және жеке дара мәзһабтардың ортаға шыға бастаған дәуірі ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мәзһабқа ие болды, алайда шәкірттерінің аздығынан, үкімдерінің жазбаша түрде біздің уақытқа шейін жетпегендігінен бұл ұлы ғалымдардың мектебі ғасырлар өте жойылған. Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.
Мазһаб ғалымдарына еру мәселесіне келер болсақ кәзіргі кездегі ұлы төрт мазһабтың ғалымдары өз заманынын ислам ілімінде шоқ жұлдыздары болған және ислам дініне басқа ғалымдарға қарағанда ауқымды еңбек жасап кеткен, және әр біреуінің ислам заңдарында (фиқһ) құран мен сүннеттен бастау алатын бекітілген қағидалары болған. Оларды басқа мазхабтардан ерекшелейтін басты белгілері мемлекеттік деңгейде амалға асырылған, онымен үкім етілген және ол кітап күйінде қалып шәкірттері арқылы біздің күнге шейін жеткен.
Кәзіргі дін ілімі таяз болған, аумалы-төкпелі заманда бір ғалымның үкіміне жүгіну әрбір мұсылман үшін темірқазық іспеттес бағыт-бағдар берер тура жол. Ислам ғұламаларының көпшілігі бірауыздан қарапайым адамдар үшін төрт мазһабтың біріне тақлид жасауды міндеттейді.
Төменде бір мужтаһид ғалымның айтқанына жүгінуге орай ғалымдардың пікірлері:
Имам әш-Шанқиты: «Қарапайым пәтуә беруге шамасы келетін адамның бір ғалымға тақлид жасауы шариғатта рұқсат етіледі» .
Имам ибн Қудама әл-Мақдиси: «Фиқһ мәселелерінде тақлид жасау барлық ғалымдардың келісімі бойынша рұқсат етіледі» .
Имам ибн Абду әл-Бирр: «Қарапайым адамның тақлид жасауына байланысты ғалымдар арасында келіспеушілік болған емес».
Осыған орай ұстанған дәлелдері:
Бұл ұстанымдарын олар Құран аяттарымен, хадис, мантықпен (логикамен) қуаттады.
Бірінші дәлел:
{ فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ}
Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар.
Алла тағала білмеген адамға білген адамнан сұрауды әмір етеді. Бұл адамдар арасында білімнің бір деңгейде емес екенінің дәлелі. Сондай-ақ әрбір адамның шамасы ғалым болуға жетпейтіндігінің дәлелі. Бұл жерде аят жалпылама үкіммен айтылған. Дегенмен дін мәселесінде егер адамның жеткілікті білімі болмаса, одан білімдірек адамнан сұрауы міндетті амалдардан.
Екінші дәлел:
{ فَلَوْلاَ نَفَرَ مِن كُلِّ فِرْقَةٍ مِّنْهُمْ طَآئِفَةٌ لِّيَتَفَقَّهُواْ فِي الدِّينِ وَلِيُنذِرُواْ قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُواْ إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ }
Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардың сақсынулары үшін ескертулері керек емес пе?
Үшінші дәлел:
{ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ }
Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар.
Бұл жердегі әмір иелері деп кейбір ғалымдар, үмметтің ғалымдарды айтқан. Өйткені басшы үкім шығарғанмен ғалымдармен ақылдасып шешетіні белгілі.
Төртінші дәлел:
{ وَالسَّابِقُونَ الأَوَّلُونَ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالأَنصَارِ وَالَّذِينَ اتَّبَعُوهُم بِإِحْسَانٍ رَّضِيَ اللّهُ عَنْهُمْ وَرَضُواْ عَنْهُ وَأَعَدَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي تَحْتَهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَداً ذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ }
Мұһажир, әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ Алла, олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннәттер әзірледі. Осы ірі мұрат.
Оларға ергендер деген құранда келген аят оларға тақлид жасаған деп түсіндіруге болады.
Бесінші дәлел: Пайғамбарымыздан (с.а.у) жеткен хадис бойынша былай деп айтқан болатын: «Менің сүннетіме және менің ізгі халифаларымның сүннетіне жармасыңдар» .
Алтыншы дәлел: Сахабалар және табиғиндердің кезінде мұсылмандар кез келген жағдайда сахабалардың үкіміне жүгініп, шешімін табатын. Сахабалар және табиғиндер олардың бұл әрекеттерін бұрысқа шығармаған. Сол кезде мұсылмандарға өз алдына үкім шығаруға жол бермеген. Сол заманда бұл ижмағ түрінде болған.
Жетінші дәлел: Ғалымдар арасында ілім іздену талап ету парыз кифая екені яғни, бір адамның орындауымен басқа адамдардан міндет түсетініне өзара келіскен. Егер тақлид рұқсат етілмесе барлық адамдарға ғалым болып үкім шығару міндет болар еді. Бұл сәләфтардың ұстанымына керағар әрекет.
Сегізінші дәлел: Егер барлық адам ижтиһад жасау мақсатында діни білімге ден қойып кетсе дүние тепе-теңдігі бұзылары анық. Өйткені басқа өмірдің тепе-теңдігін сақтайтын кәсіптер көп, егер оларды ешкім істемесе дүние ағымы өзгереді. Бұл әлбетте адамзатты құрдымға апарады. Алла тағала құран кәрімде:
{ وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ }
Сендерге дінде қиындық қылған емес.
Тоғызыншы дәлел: Алла тағала құран кәрімде:
{ لاَ يُكَلِّفُ اللّهُ نَفْساً إِلاَّ وُسْعَهَا }
Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді
Ижтиһад жасау әр адам шамасы келмейтін нәрсе, ол ғалымдардың сипаттарынан өйткені үкім беру деңгейіне жету үшін өмірінің біраз бөлігін оқу білімге арнауы ләзім ол болса бүкіл адамға міндетте емес.
Ижтиһад мәселесі бойынша Мухаммад Хассан Хайтудың « әл-Ижтиһад уа табақат мужтаһиди әш-Шафиғия» кітабынан мысалдар келтіруді жөн көрдім.
Әл-Ижтиһад және мужтаһидтердің түрлері
Ижтиһад дәрежесіне жету кез келген мұсылманның асыл мұраты, ислам шариғатындағы биік шың. Біздерден ілгері өткен алғашқы дәуір мұсылмандарының ішінде таңдаулылары бұл салаға ерекше мән беріп, бір жүйеге салған. Шариғатты кіршіксіз таза күйінде қалдыру олардың басты назарында болған. Олардың шариғат іліміне түйсіктері табиғи түрде болған.
Соңғы уақытта қоғамда ғалымсымақ үкім шығаратын топтар көбейіп кетуі шала үйренген білімдерімен хәләл нәрсені харамға шығарып, харамды хәләлға шығаруда. Осы кері түсініктің нәтижесінде оларда сүннет амал бидғат болса, бидғат амал сүннет болып кеткен жайттар кездеседі. Бір беткей үйренген білімдерінің нәтижесінде исламның ұлы ғалымдарынан қате іздеп, оларды адастыға шығаруда. Кейбіреуі мазһаб ұстануды бидғат десе, кейбіреуі, фиқһ негіздерін бидғатқа шығарады. Мұсылман ғалымдарының он төрт ғасыр бойғы ғылымның әр саласында тірнектеп жазған құнды еңбектерін жоққа шығарып, мәнсіз қылды. Бұрынғы ғалымдардың өміріне көз жүгіртетін болсақ, ешуақытта өздері жеке дара жол бастамаған белгілі бір мазһабтың жолын ұстанған . Мысалға алғанда Бұхари, Муслим, әл-Хаким, әл-Байхақи, Ибн әс-Саллах, ән-Науауи, әз-Заһаби, Ибн Хажар, әс-Суютый және басқа да ұлы ғалымдар ижтихад жасауға шамасы келсе де мазһаб ғалымдарының пікірімен санасқан. Осы аталған ғалымдардың ілімінен жүзден бірі болмаса да кәзіргі кезде кейбір тұлғалардың жеке дара мазһаб ретінде сөйлеуі нағыз адасушылық.
Жалпы мужтаһид дегеніміз – үкім шығаруға шамасы келетін фиқһ іліміндегі маман.
Мужтаһид деңгейіне байланысты топтарға бөлінеді. Олардың ішінде ең жоғарғысы мужтаһид мутлақ ол ешкімге тақлид жасамайтын, өзіндік фиқһ ережелері бар тікелей құран, хадистен үкім шығаратын, фиқһ мәселелерінде негіздер мен тармақшалардан хабардар, білімді адамды айтады. Ал егер бір ғалымның бекіткен ережелеріне сәйкес үкім шығаратын болса, ол сол мазһаб ғалымының мужтаһиді болады.
Жалпы мужтаидтер Шейх Амру ибн әс-Саллахтың және оған ерген Науауидің «әл-Мажмуғта» келген мәліметтер бойынша бес түрі бар:
1- Мужтаһид Мутлақ (ешбір ғалымның пікірін негізге алмайтын).
2- Мужтаһид Мунтасиб (бір ғалымның негізімен үкім шығаратын).
3- Мазһабтың мужтаһиді (ислам мазһабтарының бірінің сөзін негізге алатын).
4- Ғалымдардың пәтуаларын салыстыру арқылы үкім шығаратын мужтаһид.
5- Белгілі бір мазһабтың өкілі болған мужтаһид.
Мужтаһид мутлақ пен мазһаб мужтаһидіне қойылар талаптар:
Бірінші: Ислам.
Бұл еш күмәнді талап етпейтін шарттардың бірі. Кейбір ғалымдар мұсылман болуды шарттарға кіргізбейді, өйткені ол міндетті болған шарттардың қатарында. Сол себепті кез келген адам білім деңгейінде толық ижтиһад дәрежесіне жеткенмен егер кәпір болса, оның ижтиһады қабыл алынбайды.
Екінші: Ақыл.
Егер ижтиһад дәрежесіне жетіп, ақыл-есінен ауысқан адам болса, оның сөзі негізге алынбайды. Ал ақыл-есі ауысқанға дейінгі айтқан үкімдері амалға асырылады, сол секілді ақыл-есі қайта оралса, оның айтқаны қабыл алынады. Егер бұл әрекет жиі қайталанып тұратын болса, сөзі қабылдан емес.
Үшінші: Балиғат.
Мужтаһид болудың шарттарының бірі балиғат жасына жету, өйткені оның ақылының деңгейі кемеліне келмеген.
Төртінші: Әділдік.
Әділсіз залымның ижтиһад деңгейіне жету мүмкін болғанымен пәтуасы қабыл етілмейді.
Бесінші: Ой ұшқырлығы.
Үкім шығаруға ұсынылған мәселелердің белгісіз астарлы мағыналарын сезу. Сол секілді зайырлы ілімдерден жоғары деңгейде хабардар болу.
Алтыншы: Құран ілімі.
Мужтаһидке міндет болған амалдардың бірі – құран ілім, оны жатқа білу міндет болмаса да мужтаһид үшін абзал амалдардың бірі, өйткені имам Ғазали, ибн Әл-Араби айтқандай үкім аяттар шамамен бес жүз аят бар, міне осы аяттарға қажет туындағанда жатқа білгені абзал. Алайда шынайы үкім аяттардың саны бұдан да көп. Құранды терең білген адам құранда келген қиссалардан да үкім шығара алады. Құран ислам шариғатының негізгі қайнар көзі болғандықтан оның тілін, мағынасын, білу жеткіліксіз.
Құран ілімінен білуі қажет ілімдер:
– Насых және мансух. Насых аяттар үкімді жоюшы аяттар, мансух аяттар үкімі жойылған аяттар. Үкім шығарарда мужтаһид үшін үкімі жойылған аяттардан алыс болуы ләзім. Осыған орай, аяттардың түсу уақытын, насых ережелерін, оның түрлерін, осыған қатысты сахабалардың сөздерін білуі керек.
– Жалпы және жалқы. Құранда жалпы айтылған мәселелерді басқа дәлелдермен ықшамдау. Ықшамдау қағидалары, онымен жұмыс істеу жолдары.
– Шексіз және шекті. Яғни құранда айшықтауды қажет ететін мәселені екінші бір дәлел айшықтап беруді айтады. Осыған қатысты ережелерді білуі қажет.
– Түсу себептері. Аяттардың түсу себептерін білуі керек, өйткені бұл ілімді білу аяттың мағынасын аша түседі.
– Cол секілді құранның Меккеде, Мәдинада түсуін ашық, астарлы мағыналарын білу міндет.
Жетінші: Сүннет.
Құранда білуі қажет білімдерді сүннеттен де білуі тиіс. Сүннет те насых және мансух, шексіз, шекті, жалпы жалқы болып бөлінеді. Хадистерді жатқа білу шарт емес дегенмен оларға қайтқан кезде олардың қай кітапта келгенін білуі ләзім. Әсіресе хадис негіздері болып табылатын алты негізгі кітап: Бұхари, Муслим, Абу Дауд, әт-Тирмизи, ән-Нәсәәи, Ибн Мажа, және Ахмад, Байхақидың хадистер жинағы білуі керек және бұнымен шектелмей басқа да хадис ғалымдарының үкім беруде хадистерін білуі міндет. Хадистермен айналысқан кезде білуі қажет амалдардың қатарында:
– Ахад (бір жолмен келген) және мутауатир (жамағаттың жеткізуі арқылы келген) жолмен келген хадистерді айыра білу.
– Әлсіз және сахих хадистер немесе қабыл алынатын қабыл алынбайтын хадистер. Хадис сахихтің хадис хасаннан ерекшелігін және әлсіз хадистерден қандай айырмашылығы бар оның іштей бөлінуі олардың ішінде амалға асырылатыны мен дәлелге жарамайтыны әрбіреуінің анықтамалары, шарттарын білу қажет.
– Хадистерді жеткізуші адамдар жайында олардың ахуалдары, әлсіз тұстары олар жайында ғалымдардың айтқан пікірлері, олардың ұстаздары мен шәкірттері жайында толық мәліметтен хабардар болу.
– Хадисті жеткізуші адамдардың кемшіліктері олардың риуаяттарын қабылдамау себептері оның ережелері.
– Сол секілді хадистің тізбегіндегі кемістіктерді ажырата білу керек.
Сегізінші: Араб тілін білу. Араб тілін білу дегеніміз оның қағидаларын, грамматикасын, реторикасын, ескі араб жырларын білу. Араб тілінің сөзіндегі бір харекет мағынаны түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін, ал оны араб тілі грамматикасын білмесе біле алмайды. Қате түсінілген сөз қате үкімге апаруы мүмкін. Наху ілімін үйрену арқылы сөйлемнің құрылымын білсе, сарф үйрену арқылы сөздің құрылымын үйренеді. Реторика (балаға) үйрену арқылы сөздің ауыспалы, тура мағыналарын біледі. Шариғат араб тілінде болғандықтан пәтуә беруші адам араб тілін меңгерген адам болуы ләзім.
Бұл жайында имам Ғазали: «Пәтуә беруші адамға араб тілін Сибуайхи, Халил, әл-Мубаррид сияқты терең білудің қажеті жоқ. Ең бастысы Құранның астарлы, тура мағыналарын, шексіз, шекті, жалпы жалқысын, ажырата білуі қажет». Қорыта келе егер кімде-кім өзін мужтаһидпін деп жариялап, өзі араб тілін білмесе ол жалғаншылардан болады.
Тоғызыншы: Ижмағ мәселелерін білу. Мужтаһид үшін өзіне шейінгі ғалымдардың бір ауыздан берген пәтуаларына қарама-қайшы пәтуа жасамауы керек.
Оныншы: Мазһаб ғалымдарындағы хилаф (қарама-қайшы) мәселелерді білу. Кез келген мәселеде сәләф ғалымдардың пәтуаларын білу оларды негізге алу. Бұл жөнінде Имам әш-Шафиғи былай деп айтты: «Әрбір қияс қылушы адамға өзіне шейінгі ғалымдардың сөздерін, ғалымдардың бір мәселеде келісуін, келіспеуін негізге алуы керек.
Он бірінші: Усулу әл-Фиқһты (Ислам заңдары негіздері) білу. Бұл ілім мужтаһид үшін ең маңызды білуі қажет ілімдердің бірі. Бұл ілімді үйрену арқылы шариғи дәлелдерден үкім шығару әдістерін үйренеді.
Мужтаһидқа міндетті емес нәрселер:
Бірінші: Кәләм ілімінің ғалымы болуы шарт емес өйткені оның фиқһпен ешқандай байланысы жоқ.
Екінші: Фиқһ тармақтарын білу шарт емес. Тармақтарды білу ол ижтиһадтың жемісі болып табылады.
Үшінші: Ижтиһад жасауда тек ер адамдар болуы шарт емес егер ижтиһад дәрежесіне жетсе, әйел мужтаһид ғалымдар болуы мүмкін.
Төртінші: Ижтиһад жасауда бостандықта болуы шарт емес, құл да білімімен мужтаһид дәрежесіне жете алады.
Бесінші: Мужтаһид дәрежесіне жету үшін әділдік шарт емес бірақ әділдік болмаса, оның ижтиһады қабылданбайды.
Жоғарыда көріп тұрғанымыздай діннің атынанан сөйлеу мазһабты ұстанбау ижтиһадтық деңгейдегі ғалымдарға ғана рұқсат етіледі. Кәзіргі біз мазһаб ұстанбаймыз деп жүрген мұсылмандар жүрісі сырқатқа шалығып, ауруына ем іздеп әртүрлі балгер, тәуіптерге барған адамның кейпіне ұқсайды. Біреулер оған бір дәріні меңзесе екінші біреулер екінші бір дәріні меңзейді. Әрбіреудің айтқанын тыңдап, саналуан дәріні ішкен ол байқұс соңында ауыры асқынып, кемтар болады. Егер әуелбаста білгір дәрігердің айтқанын істеп, жазып берген дәрісін қабылдаса ауруынан Алланың қалауымен сол мезетте-ақ айығып кетер еді….
Бұл мысалдан алар ғибрат құрметті бауырлар! Адамдардың ғасырлар бойы қабылдап емін жазып жүрген дәрісінен ішейік. Егер әр адам бір құлшылық істерде жеке дара жол ұстанып, амал жасайтын болса, оның үстіне жоғарыдағы ижтиһад жасайтынадай шамасы болмаса,соңы құрдымға кетеді. Әрбіреуі өз жолына тартқан ол қоғамның соңы – тоз-тоз болады. Ал мазһаб үкімдеріне келер болсақ, оның негізі отыз, қырық жыл бұрын емес он төрт ғасыр бұрын қаланған. Он төрт ғасыр бойы үкім шығаруға шамасы келмейтін қарапайым мұсылмандар осы жолды ұстанып келген. Соның нәтижесінде қазақ елі сан ғасырлар бойы қилы қилы кезеңдерді басынан кешіріп, ынтымағын сақтай білген. Қазақта жесір дауы, жер дауы, ру дауы кездессе де, дін дауы болған емес. Ол әлбетте бір негізге жұмылғанның, бір үкімге бағынғанның нәтижесі. Бір мазһабқа жүгінудің де негізгі мақсаты – мұсылмандарды ынтымақта, бірлікте ұстау. Алла ынтымағымызды баянды етсін!