Бүгінгі таңда дүниежүзінде өзекті мәселелердің бірі – діни радикализм, экстремизм және терроризм. Жалпы радикализм сөзінің мағынасына тоқталатын болсақ, бұл сөз латын тілінен аударғанда қалыптасқан тұрақты жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған саяси-әлеуметтік идеялар мен әрекеттер деген мағына береді. Діни радикализмнің және бір белгісі, мұнда адам шариғат міндеттемеген амалдарды өзіне-өзі міндеттеп алғанды жөн деп санайды. Бірақ заманның жылжуы, адамзаттың ой-өрісінің жетілуі, шарттар мен жағдайлардың әртүрлі болуына байланысты діннің кейбір мәселелері өзгеретіні белгілі. Осы орайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жеңілдетіңдер, ауыр етпеңдер. Сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар»– деп үкім берген хадисін ескергеніміз жөн.
Адам шариғат міндеттемеген амалдарды өзіне-өзі міндеттеп алса – бұл радикализмды ұстанғаны болады. Өйткені, мұндай жағдай оны үнемі қалыптасқан жағдайды түбегейлі түрде өзгертуге итермелеп тұрады. Ал радикализмді ұстанған адам басқаларды да осындай ұстанымды ұстануға итермелесе, онда бұл экстремизмге айналады. Жалпы радикализмнің ең қауіпті де қатерлі түрі – экстремизм мен терроризм. Бүгінгі жаһандану дәуірінде «экстремизм», «терроризм» терминдері саясатта жүргендер арасында да, қарапайым халық арасында да жиі айтылады. Саясаткерлер көп жағдайда экстремист және террористерді дұрыс түсініп жатса, қарапайым халық экстремизмнің түп төркінін мұсылман елдері мен исламнан іздеп, оған діни сипат беретіндер де баршылық. Шын мәніне келгенде, бұндай әрекеттерді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстыруға болмайды. Себебі, ол ислам дініне ғана емес, әлемдегі кез-келген дәстүрлі діндердің бір де біріне ешқандай қатысы жоқ, жат іс-әрекет. Аллаһ тағала Қасиетті Құранда: «Жазықсыз адамды өлтірген кісінің күнәсі барлық адам баласын өлтіргенмен тең болады…» деп (Мәида сүресі, 32-аят), ислам дінінде зорлық-зомбылық, қорқыту-үркіту, елдің берекесін алу, адам өлтіруге үзілді-кесілді тыйым салынғанын көрсетті.
Ислам діні – бейбітшілік діні, татулық пен сүйіспеншілікке жетелейтін әділ да турашыл дін. Бірақ «исламдық экстремизм» деген ой-түсінік қалыптастырып, көпшілікті жаппай адасушылыққа бұрмалап жүрген кейбір азаматтардың бұл істерін қалай түсінуге болады? Бұл – белгілі бір саяси топтардың өз мақсаттарына жету жолындағы діннің атын жамылып жасаған қылмыстық әрекеттері деп түсінгеніміз дұрыс. Қай жағынан қарасақ та, экстремизмнің көздеген мақсаты теріс пиғылдағы іс-әрекеттер болып табылады. Себебі экстремисттер тек қана өз мүдделерін көздей отырып, адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалану арқылы дін жолында әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады. Өкінішке орай, қазір солардың жалған әрекеттеріне сеніп, айлалы арбауларына түсіп жатқан жастар да баршылық.
Осы індетке тосқауыл қоюдағы дұрыс жолдарды тауып, алдын-алу мәселелері бойынша өзімнің жеке пікірімді айтатын болсам, радикализмді алдын алудың жолдарын табу үшін екі бағытта жұмыс жүргізу керек: біріншіден, аталмыш тақырыптар аясында өткізіліп жүрген форум, конференциялардың жұмыстарын әрі қарай дамыту; екіншіден, радикализм және басқа да деструктивті топтардың соңынан ілесіп кеткен азаматтармен жұмыс жасау. Яғни құрамында білікті теолог, психолог мамандары бар арнайы топтардың теріс ағымдардың арбауларына түскен әрбір азаматпен жеке тілдесу арқылы уағыз-насихат ретінде жұмыс жүргізу. Сондай-ақ келесі шараларды жүзеге асыру керек:
- Экстремизм мен терроризмнің шығу себептері мен оған әсер ететін факторларды табу керек.
- Жастарымызға тілді, тарихты, мәдениетті қалай насихаттаймыз, экстремизм мен лаңкестіктің залалын, тигізетін зиянын да солай айтып жеткізуіміз керек. Яғни жастар өздерінің діни дәстүрлері туралы білімді жастайынан-ақ алу керек.
- Қазақ, орыс тілдерінде шығатын діни әдебиеттердің сапалы болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау керек. Өйткені қажет кітаптармен қамтамасыз ету үшін кейде демеушілерге жүгінетіміз де бар.
- Қазіргі жаһандану заманына сай ғаламторлардың жұмысын күшейту.
- Мешіттерде кадр мәселесін шешу, уағыз-насихаттың сапасын күшейту.
- Шетелде білім алуға ниет еткен жастарды алдын-ала сараптаудан өткізу және қадағалау.
- Қазақстан Республикасының діни оқу орындарын бітірген түлектерге мектептерде, оқу орталықтарында дінтану сабағынан дәріс беруді ұйымдастыру.
Ислам дінінің негіздері – бұл қайырымдылық, жомарттық, кеңпейілділік, таза жүрек, кешірім және әділдік. Аллаһ тағала Қасиетті Құранда: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар. Және Аллаға қауіп әрі үмітпен жалбарыныңдар. Расында Алланың рахметі жақын» – деп (Ағраф сүресі, 56 аят), адамзатты тек қана бейбіт өмір сүрулеріне бұйырады. Сондай-ақ Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Аллаһ тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Аллаһ тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады – деп айтты» – делінген (Бухари, Муслим риуаят еткен). Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды» деген екен.
Өмір адам баласына бір рет беріледі. Сондықтан да оның мәні мен сәнін, мақсаты мен міндетін саналы түрде түсіне білу жас ұрпақ үшін аса қажет. Бұл бағытта адамның алғашқы әлеуметтік ортасы – отбасының рөлі ерекше. Адамгершілік пен имандылықтың, ізгі тәлім-тәрбиенің негізі осында қалануы керек. Бүгінгі таңда кейбір келеңсіздіктер осы отбасы, ошақ қасынан дұрыс бастау алмағандықтан туындап отыр.
Сондай-ақ жастар арасында қазіргі әлемдегі экстремистік ұйымдардың мақсатын, олардың қарулы топ құра отырып, кез келген іс-әрекеттерге баратынын, дәстүрлі діннің қағидаларын бұзып, бұрмалап, дінаралық қайшылықты тудыратынын, сол сияқты халыққа жат идеологияны насихаттау, ұлтаралық араңдатушылық, іріткі салу фактыларын жан-жақты көрсетіп, мұның барлығының елдің тыныштығына, мемлекеттің тәуелсіздігіне, жалпы адамзатқа төндірер қаупін айтып түсіндіру қажет.
Жалпы адамзатқа жат осы бағытта түрлі идеяларға қарсы толеранттық қағидаларды, азаматтық бірлікті алға тарту керек. Бұл ең алдымен түрлі діни конфессия өкілдерінің, діни органдардың ғана емес, сонымен қатар қоғамның болашағына жауапкер әрбір абзал азаматтың арлы ісі, патриоттық парызы. Осылай сезінгенде ғана қазіргі таңда күрделі де маңызды мәселе болған экстремизмді, лаңкестік әрекеттерді алдын-алып, оның әрі қарай бой көтеруіне тосқауыл бола аламыз.
Дүйсенбай Кенжетай қажы
БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
ҚМДБ–ның СҚО бойынша
өкіл имамы, «Қызылжар» орталық
мешітінің бас имамы