КҮНӘДАН АРЫЛУ ЖОЛДАРЫ

Өмір жолы қиын, әрине, пенделердің арасында тура жолдан адасып, күнәға батып жататындары да бар. Нәпсінің қалауына жол беріп, жүрегін ластап алған пенделер үшін Құран және хадис аясында айтылар насихаттарға зер салайықшы:

  • Алла аса мейірімді әрі тәубені қабыл етуші екеніне кәміл сену:

Күнәға батқан құл егер Алланың мейірімінен мүлдем күдер үзсе, батқан батпағына одан бетер бата берері сөзсіз. Дегенмен, Алла өте мейірімді егер шын ниетімен тәубе жасаса, оның тәубесін әлбетте қабыл етеді. Алла тағала Құран кәрімде:

        وَهُوَ الَّذِي يَقْبَلُ التَّوْبَةَ عَنْ عِبَادِهِ وَيَعْفُو عَنِ السَّيِّئَاتِ وَيَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

Ол, құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегендеріңді біледі.[1]

         Басқа бір аятта:

الَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَائِرَ الإِثْمِ وَالْفَوَاحِشَ إِلاَّ اللَّمَمَ إِنَّ رَبَّكَ وَاسِعُ المَغْفِرَةِ هُوَ أَعْلَمُ بِكُمْ إِذْ أَنشَأَكُم مِّنَ الأَرْضِ وَإِذْ أَنتُمْ أَجِنَّةٌ فِي بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ فَلاَ تُزَكُّوا أَنْفُسَكُمْ هُوَ أَعْلَمُ بِمَنِ اتَّقَى

         Сондай күнәлардың үлкенінен және арсыздықтан сақтанғандардың аздаған кінәлары болса да шәксіз Раббыңның жарылқауы кең. Сендерді жерден жаратқанда және аналарыңның қарнында шикі өкпе кездеріңді де жақсы біледі. Сондықтан өздеріңді өздерің ақтамаңдар. Ол, кім тақуа екенін жақсы біледі.[2]

         Тәубенің шарттары

Бірінші: АллаТағала алдында ықыласпен кешірім сұрау, өкіну.

Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргенде! Аллаһқа шынайы тәубе қылыңдар». [3]

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Расында, Аллаһ ықыласты түрде және тек Ол үшін жасалған амалдарды қабыл етеді!” .[4]

Екінші:Күнә жасауды тоқтату

Аллаһ Тағала былай дейді: «Сондай кәпір болғандарға: «Егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі…» деп айт» [5]

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Аллаһтың құлы күнә жасаса, оның жүрегінде қара дақ пайда болады, ал егер күнәсін тоқтатып, кешірім сұрап, [күнә жасағаны үшін] өкінсе дақ кетіп қалады. Егер күнәні жалғастыра берсе, дақ үлкейе береді және бүкіл жүректі орап жабады. Бұл жөнінде [Аллаһ] Тағала: «Жоқ, олардың жүректерін істеген қылықтары орап жапты» (Мутаффифин сүресі, 14-аят),деп айтты». [6]

Үшінші: Зұлымдық жасалған адам алдында хақысын қайтару

Мұсылман біреуге қолымен, тілімен зиян тигізген жағдайда, сол адамның алдында айыбын жуып-шаймайынша, не хақысын қайтармайынша, не кешірім сұрамайынша жоғарыда айтылған шарттар жеткілікті болмайды.

  • Жылдам кешірім сұрауға асығу:

Жасаған күнә үшін тәубені бірден жасау керек, себебі неғұрлым күнә жасағаннан кейін тәубе ету ұзаққа созылса, соғұрлым оның күнәсі ауырлай береді. Алла Тағала былай дейді: «Расында, Аллаһ жамандықты білмей істеп, кейін дереу тәубе еткендердің тәубесін қабылдайды».[7]

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, сол жақ кітапшаның иесі (жаман істерді жазатын періште) күнә жасаған мұсылман құлдың кітапшасының үстінде өзінің қаламын алты сағат бойы ұстап тұрады. Егер ол тәубе етіп, Алладан кешірім сұраса, сол күнәні лақтырып жібереді. Олай жасамаса бір күнә деп жазады», – деген.[8]

  • Күнә амалдарды жасамауда сабырлық таныту:

Күнә амалдардың жасаудан бас тартып, нәпсінің жетегіне ермеу үлкен сабырлықты талап етеді.

Негізі күнәларды адам баласына әшекейлеп көрсететін – шайтан. Бейне бір ішіне у қосып бал берген секілді. Ондай балды жеген адамның халі қандай болса, нәпсінің жетегінде кетудің ақыры да сондай болмақ. Харам нәрселерге көз жұма білуге асқан сабырлық керек. Алайда, пенде болған соң көбіне адамның көзі харамға түспей тұрмайды.

Пайғамбарымыз бірде хазірет Әлиге «Алғашқы мәрте қарағаның күнә емес. Бірақ, кейінгілері күнә» деу арқылы алғашында көздің қандай да бір харамға еріксіз түсуі күнә болып саналмағанымен, нәпсіге беріліп қайта-қайта әлгі харамға көз тастаудың күнә болып саналатындығын ескерткен. Өйткені, харамға көз салу – көз ілеспес шапшаңдықпен суылдап барып адамның жүрегіне қадалған улы жебе тәрізді. Ол қадалған жеріне уын жая отырып, жүректі аяусыз жарақаттағанымен қоймай, ішкі жан-дүниенің астаң-кестеңін шығарып, пендені бір сәт күнә жасауға итермелейді. Оған қарсы тұра білу үшін, мықты ерік-жігер, табандылық әрі берік иман қажет. Осы бір жайтты ұқтырған Пайғамбарымыз бір хадисінде: «жаннаттың жолы қиындықтармен, тозақтың жолы нәпсінің қалауларымен көмкерілген».[9] (Муслиим, Жаннат, 1; Әбу Дауд, Сунна, 22) дейді.

4-Күнәдан үзілді кесілді алыстау.

Егер құлды әр кез жұмыс бабына сәйкес немесе араласқан адамдары күнәға итермелеп, күнәні көркем түрде көрсетіп тұрса, ондай жұмыстан достардан алыс болған абзал. Пайғамбарымыз мүбарак хадисінде: «Мухажир (қоныс аударушы) Алланың тыйым салған нәрсесінен қоныс аудару»[10], яғни күнә жасауға апаруы мүмкін амалдар болса, олардан шамасы келгенше алыс болғаны абзал.

  • Салихалы амалдарды көбейту:

Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, ізгі амалдар жаман амалдарды жояды!»[11]

Ал Алла елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жаман амал жасап, кейін ізгі амал жасаған адам – үстіне қысып сауыт киілген адам секілді. Бір ізгі амал жасаса, сауыттың бір жүзігі босайды, кейін басқа (ізгі амал жасаса), екіншісі (босайды), осылай ол (шешіліп) жерге құламайынша».[12]

  • Ізгі жандармен сұхбаттас болу:

Мұсылманның ең үлкен үш дұшпаны бар: шайтан, нәпіс және жаман дос. Жаман дос шайтан мен нәпістен де зиянды. Өйткені ол әр кез сені жаман амалдарыңда қолпаштап, соған итермелеумен болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Адамның діні досының діні сияқты. Кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!»[13]

Басқа бір хадисте: «Ең жақсы дос – Алла тағаланы еске алған кезіңде көмектесетін, ұмытқан кезіңде есіңе түсіретін адам.» [14]. Ата-бабамыз адамға досына қарап, баға берген.

Иә, расында күнәлар адам жүрегінің қатайып, көкірегін мұң басып, бір сәттік ләззат оған әрдайым қайғы-мұң, уайым болмақ. Сонымен қатар толассыз уасуастың астында қалуы да ғажап емес. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде: Ал, кім үгітімнен бет бұрса сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз. «Раббым, мені неге соқыр етіп тірілттің? Расында мен көретін едім»деді.(Аллаһ): «Міне осылай өйткені саған аяттарымыз келген еді. Сонда сен оны ұмытқан едің сол сияқты бүгін сен де ұмытыласың»  дейді.

Сондықтан дүниенің тарлығынан Аллаһтың кеңдігіне шығу үшін көп тәубе етуге міндеттіміз. Тәубе есігі әрқашан ашық.

Қасымхан Исаев,

 СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы

 

 

 

 

 

 

[1] Шура сүресі, 25-аят

[2] Нәжм сүресі, 32-аят

[3] Тахрим сүресі, 8- аят

[4] Ән-Насааи 3140

[5] Әнфал сүресі, 38-аят

[6] Тирмизи хадистер жинағы, 3334

[7] Ниса сүресі, 17-аят.

[8] Әт-Табарани “әл-Кабир” 2/25,

[9] Муслиим, Жаннат, 1; Әбу Дауд, Сунна, 22

[10] Бұхари хадистер жинағы

[11] Һуд сүресі, 114-аят

[12] Ахмад 4/145,

[13] Хаким хадистер жинағы

[14] Хаким хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲