Адам баласы – тән мен жаннан тұратын тіршілік иесі. Тән ішіп-жеуді қажет етсе, ал жанның қорегі Алла тағалаға деген иләһи сенім. Алла тағалаға сенген адам рухани азықтанады, зор күш-қуатқа ие болады. Мұның себебі, адам қашан да Жаратушының қолдауы мен көмегіне мұқтаж. Сондықтан, Жаратушысына сеніп, мойынсұнған адам шын бақытқа қол жеткізеді. Түйіндеп айтқанда, иман – рухымыздың азығы, жүрегіміздің нұры. Пенде бұл өмірде түрлі қиындықтарға кездеседі. Сонда бар болмысымен Аллаға сенгені уайым-қайғыға, үмітсіздікке салынбай жеңіп шығады. Алланы пана тұтады. Соған ғана сеніп, нендей істің ақырын сабырмен күтеді. Жасырып-жабатыны жоқ, иманнан алыс, не рухы әлсіз пенде кездескен қиыншылықтан құтылудың жолын арақ-шараптан іздейді. Осылайша өз ортасында абырой-беделден айырылады. Рухани күйзеліске түседі. Алла тағала имансыздықтан сақтасын!
Көпшілікке белгілі, бұл күндері имандылыққа бетбұрысты үл-кенді-кішілі мешіттеріміздің жанындағы сауат ашу курстарынан анық байқап сезінуге болады. Жазғы демалыстарын сауат ашу курстарында өткізген жастардың үлкен тобын Алматыдағы өткен сәуір айының басында ашылған «Әл-Хамид» мешітінен кезіктірдік. Мешіт 2 мың кісілік. Үш қабатты. Іші де, сырты да бүгінгі озық үлгіде көркем безендірілген. Көз жауын алады. Бұл көркем ғимаратты белгілі кәсіпкер, дін жанашыры Кеңес Рақышов салдырған. Қолынан келген мүмкіндігін де, қаржысын да аямаған екен. Алла тағала разы болсын!
Мешіттің имамы Наурызбай Назаров та, ұстаз Думан Сейфуллин де Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің түлектері. Сауат ашу курсына келген шәкірттерінің дені жасөспірімдер мен жас жігіттер. 8-10 жас аралығындағы Ернұр Нұрахметов, Мақсат Алпысбаев және Артур Ашраповтар діни сауаттарын ашысымен, сәждеге бас қойған. Шариғат бойынша ер бала 12-13 жастан бес уақыт намазды тұрақты оқуға тиіс. Ал 8-9-10 жасынан намаз оқуға кіріскен бұл бүлдіршіндер қандай бақытты! Курсқа оларды ата-аналары өздері жетелеп алып келіп тапсырған. Сынақтан бәрі де сүрінбей өтті. Шәкірттердің арасынан 73 жастағы Қайырлы Қыдырұлын да көрдік. Бұл оның үшінші рет сауат ашу курсын оқып, куәлік алуы. Ол алған діни білімін немерелеріне үйретіп, олардың алды намаз оқуға кірісіпті. Атадан қалған мал балаға мал болмайды, тек берген тәрбиесі мен ұлағаты ғана өз жемісін бермек.
Алматы қаласының батыс жақ шетіндегі «Достық» ықшам ауданындағы «Муззаммиль» мешіті жанындағы сауат ашу курсында 250-ге тарта шәкірт дәріс алған. Оларға ұстаздар Ялкунжан Нұрұзов, Бақытжан Хамраев, Ахметали Акбаров, Әйгерім Қалдыбай, Маржан Исмухаммедова, Гүлзат Ақүрпекова дәріс берген. Барлығы 6 топ. Шәкірттерінің арасында қасиетті Құранның екі парадан артығын жаттағандары да бар. Екі ай бойы шәкірттерге демеушілер есебінен түстік ас берілген. Мешіттің бас имамы Әбдіқұл Әзбергенов пен ақсақалдар алқасының төрағасы Инәмжан Құдайбердиевтің ұйымдастыруымен кәсіпкер Сайдуллам Хабибуллаұлы бастаған бір топ демеушілер шәкірттердің алаңсыз білім алуына тиісінше жағдай жасаған. Шәкірттерден алынған сынақ нәтижесі бойынша, Абылай Нұрдәулет пен Асиям Шамуратова ең үздік деп танылып, заттай сыйлықтарға ие болды. Алты топтан да жүлделі орындарға ие болғандар осындай сыйлықтармен марапатталды. Шәкірттердің ешқайсысы да құр қол қайтпады. Бәрі де жайнамаз, кітап толы сөмке, қасиетті Құран Кәрімге ие болды. Осынау сыйлықтар үшін демеушілер екі жарым миллион теңге жұмсады.
Шәкірттердің бәрінің де жүзі шат, қуанышты. Бәрінен де қасиетті Құран Кәрімді тұпнұсқада оқып, сүрелер мен хадистерді жаттағанға не жетсін?!
(www.muftyat.kz)