Өңірге іс–сапармен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб муфти Сансызбай Шоқанов пен Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай келді.
Сапар аясында олар облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде қала және аудан имамдарының білімін шыңдауға арналған семинар ұйымдастырды. Семинар барысында исламның негізгі мәселелері- ақида, фиқһ, мәзһаб ұстану сонымен қатар, ихсан ілімі тақырыптары қамтылып, талқыға салынды.
Наиб муфти Сансызбай Құрбанұлы аталмыш шараның мәні мен маңызын, көзделген мақсатын айтып түсіндірді. Тағылымы мол семинарға өңірдің 15-ке жуық имамы қатысты.
Сондай-ақ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы атынан келген өкілдер үш күндік семинарға қатысқан үміткерлерді сараптамадан өткізді. Оның қорытындысы бойынша имам-молдаларға арнайы сертификаттар табысталды.