ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АТТЕСТАЦИЯДАН ӨТУДЕ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері еліміздің аймақтарындағы имамдар мен молдаларды сараптамадан өткізуде. Екі күннен бері теріскейдің дін қызметкерлерінің де білім білігі тексерілуде. Бұл уақыт талабы, деді діни басқарманың сараптама комиссиясының жетекшісі, ҚМДБ-ның діни істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

– Имамдар заман талабына сай қызмет атқаруы тиіс. Біз алдымен оңтүстік, батыс өңірлерде сараптама өткіздік. Теріскейден бұрын Ақмола облысының имамдары сараптамадан өтті. Кадрлардың тапшылығы бар, бірақ имамдар мен молдалар қатары жоғары білімді мамандармен де толығып жатыр. Аттестациядан кейін кейбір имамдардың білім деңгейін шет елдегі діни жоғары оқу орындарында көтеруге жібереміз ,- деді Камалжан Бекбосынұлы.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша имам-молдалардың саны жүзден асады. Бірінші күні олардың тең жартысы Ислам тарихы, құран, сүннет және қазіргі зайырлы қоғам, әкімшілік жүйе, тағы басқа да сұрақтар бойынша комиссия алдында жауап берді.
Ең бастысы, бұл сараптамадан кейін имамдардың біліктілігі анықталып, әркім өзінің біліміне сай қызметінде жоғарылай алады. Бірақ, сынақты нашар тапсырғандардың имамдық қызметінің төмендеуі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды, -дейді сараптама комиссиясы.

«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Return to Top ▲Return to Top ▲