Бос уақыт

Уақыт. Осы сөздің астарында нендей мағына, қанша естелік, қанша арман бар. Кешірім мен өткеннің өткелінен өтіп, жаңа қадам басу үшін де уақытты күтеміз. Осыдан болар көкейімізде мыңдаған сауалдардың ішінен «біз уақыттың қадірін білеміз бе?» дегеніне жауап беруге қиналып жатамыз.

Зулаған күніміздің қадірін білмей немқұрайлылық танытсақ, шайтан лағин «Өмірің ұзақ, уақытың жеткілікті, асықпа» – деп күніне құлағымызға неше келіп сыбырлап, іске аспас арманмен алдандырады. Шайтанның айтқанына иланып, Алланың кешірімділігінен үміт етіп, көңіл бөлмейтіндер үшін қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Сендер іске аспас арманмен алдандыңдар, міне, тәңірге жүгінетін сәт келді, ал сендерді Алла кешірімді, жазаламайды деп шайтан алдады. (Хадид сүресі 14 аят)».

Сәби дүниеге келгеннен бастап өсіруге, оқытуға, қызмет бабымен мансап қууға үйретіп жүргенімізде, уақыт – қылыш сынды қиып өткен қанша ғұмырдың сабынан да ұстай алмай қаламыз.

Су сынды уақыттың да сұрауы бар емес пе?

Хазіреті Әли (одан Алла разы болсын) өзінің бір сөзінде: «Уақыт – қылыш. Егер сен оны шаппайтын болсаң, ол сені шабады» деген болатын. Өмірімізді ұрлайтын бос уақыт қана емес, сол бос уақыт бетіңіздің нұрын кетіретін бос күлкіге, не тәніңізге зардабын тигізетін темекіге кетсе, тіптен өкінішті.

Дін ғалымы Ибнул Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе уақыттың қадірін түсініп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын пайдасыз іске өлтіретінін байқадым, ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам» десе, дана халқымыз «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып кеткен.

Халқымыздың даналық сөздерінде «Уақыт емші», «Заманы бір – құрдас», «Адамды уақыт билейді» деген нақыл сөздерінен өтер мен өткінші уақытты қадірлей білсе, енді бірде Алланың берген нығметін орынды жүмсай алмай жататынын байқаймыз.

Аталарымыз өмірді «Қас қағым сәт, түс көргендей уақыт, қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп бекер айтпаған. Осы қысқа өмірімізді құлшылықсыз, не кіші өлім деп саналған ұйқымен өткізіп алсақ, әрине,  өкінішті. Себебі, Уақыттың тағы бір жауы ол ұйқы. «Түн ұйқысын түгел ұйықтаған мақсатына жете алмайды» деген дана халқымыз. Таңның атысымен, күннің батысына дейін күннің жарығын, түннің қадірін білген атамыздың ақылынан қазіргі таңда тек тырнақтай тағылымы қалды.

«Күні ұйқымен, түні жиын, күлкімен өткен жастарымыздың бетін қалай қайырамыз?» деген сансыз ойларға жауап таба алмай саналамыз. Ал уақыт болса, шапанының жиегінен де ұстатпай барады. Шайтан адамға «Бұл дүние бір-ақ рет беріледі, ойна да күл, сен әлі жассың, нағыз шалқып жүрер кезің, құлшылыққа көніл бөлсең осы қызықтың бәрінен құр қаласың деп азғырады. Шайтан бірер адамның ғана соңынан ергенін қаламайды. «Жігіттер жас күніңде ойнада күл» – деп жер жаһанға жар салып жарнамалап, алдамшы дүниенің қызығына алдандырып жаһаннамға тартады.

«Бес нәрсенің қадіріне бес нәрсе болмастан бұрын жете біл: қартаюдан бұрын жастығыңның, аурудан бұрын денсаулықтың, кедей болудан бұрын байлықтың, бірнәрсемен шұғылданып қалудан бұрын бос уақыттың және өлуден бұрын өмір сүрудің қадірін біл». («Әл-Жәмиъус-Сағир», 1210)

Уақытты зая кетіру өкініші – ең ауыр өкініш. Өйткені уақытты орнына келтіру мүмкін емес. Өлген адамды қайта тірілте алмағанымыздай, бос кеткен уақытты да қайта келтіре алмаймыз.

Уақыт – кідірместен тез өтетін жаратылыс. Сондықтан уақытын қадірлемеген көптеген мүмкіндіктен айырылып, нәтижеде көптеген өкінішке қалады. Әрине санасы болса!

Әнгімемізді бүкіл әлемге құдайшылдығы және тақуалығымен әйгілі болған тұлғалардың сөзімен қортындыласақ.

Имам Ибн Жәузи айтады: «Адамның бүкіл уақыты – ғұмыры. Оның ғұмыры нығметке толы мәңгі жәннатқа болмаса тозақтағы мәңгі азапқа айналады. Адамның өмір сүргеніне тек Аллаһ Тағалаға құлышылық етіп, Оны зікір етіп өткізгені жатады. Ал хайуанға ұқсап өмірін ғапылдық, селқостық және жалған рахатпен өткізген адамның өмір сүргеніне өлгені артық».

Уақыт «қадірімді біл!» дегендей зымырап барады. Қамшының қысқа сабындай ғана мына ғұмырда уақыттың қадірін білейік, ағайын!

 

Аққайың аудандық мешіттің

Бас имамы  Бердыбеков А.Ж.

Return to Top ▲Return to Top ▲