Ақиқаттан аттама, телеарна!


«Адамның өтірікші болуына естігенінің бәрін айтқаны да жеткілікті» (Хадис)
«…Жалған сөздерден сақтаныңдар» («Хаж» сүресі, 30-аят).

«Айды аспанға шығарғың келсе, азулы тісіңді имамға сұқ. Олар қойдан да жуас, аяқтың астында жусаннан да төмен жатқан іздері де, сұрауы да жоқ, мемлекеттік категорияның ешқайсысына да кірмейтін, айыптау мен масқаралаудың қай түрінен де болсын қорғана алмайтындар. Сондықтан да олар жайында айызың қанғанша айта бер, қаламың мұқалғанша жаза бер», – деген сарыжалақ БАҚ өкілдерінің арасында жазылмаған қағида қалыптасқандай.

Олай дейтініміз, 22 қазан күні «7 телеарнаның» «Нысана» бағдарламасы дін қызметкерлерін тағы да нысанаға алды. «Имам. Иман. Имидж». Бір қарағанда әдемі ұйқас, табылған тақырып дерсің. Телеарнаға таңылған көрерменнің назарын аударып, жылт еткізіп сенсация жасау үшін тақырыптың атауын осылай таңдапты.

«Хош, құдағи бір нан бер». Сонымен нысаналық «құдашалар» дін қызметкерлерін қалай сынға алды? Бастапқысында, имамдардың ахуалына алаңдаушылық білдірген сыңай танытып, соңынан сойып салды. Айтып отырғандары шындыққа жанасса, компьютер клавиатурасын тарсылдатып неміз бар?! Молырақ қаламақыға қол жеткізудің қамын ойлап, ақиқатты барынша бұрмалап көрсеткен соң қолға қалам алып отырмыз. Ақталу үшін емес. Оқырман қауымға «Нысана» дұрыс нысанасына ала алмаған ақиқатты айтпақпыз.

Ауыл мешіті мен қала мешітінің жағдайын салыстыра отырып, ақиқатты іздеген тіл-шінің мақсаты имамдардың имиджін на-зарға алу емес, бас шаһардағы Бас мешіттің түсімін назарға алу болған секілді. «Қызық, мынау тұрған көк жәшікке ірілі-ұсақты түсіп жатқан садақалар қайда кетіп жатыр екен-ә? Оны кімдер ашып, қайда жаратады екен? Имамдардың мінгені кілең марқасқа маркалы машиналар. Иә, 30-ақ мың теңге айлық аламыз деп еңірегенде етегі толатын имамдар әп-әдемі киініп, қымбат көліктерді қайдан алуда?…», – деп күдікті ойын сан-саққа жүгіртті. Өзі үшін жауабы жоқ көп сұрақ. «Күмәннің кейбірі күнә» деген «Хужурат» сүресінің 12-аятын ескермей «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп көңіліндегі күмәнді ойларын оқша боратты. Әрқашан ұрымталдан тигізуге бағыттаған жебелі сөздері кей тұста бар нысананың бәріне дөп тие бермейтіндіктерін есепке алмаған «нысаналықтар» бұл жолы нысанаға дөп тием деп нақақ жала жапты.

Ал енді, жала жабудан алдына жан салмайтындардың жаласына жауап берейік. Мешіт – мемлекеттік мекеме емес, яки жылт еткізген дүниесін қомақты қаражатқа пұлдайтын ауқатты телеарна да емес, таза халықтың садақасына күнелтеді. Иә, сіздің көзіңіздің құрты болып, көңіліңізге күдік ұялатқан сол көк жәшікке түскен садақамен мешіттің жылуы, жарығы, суы секілді шаруашылық шығындары мен 20-дан астам қызметкерлерінің жалақысы беріледі. Жәшікті ашатын арнайы бекітілген адамдар және оны кіріске алатын есепші де бар. Әрі қарай жоғарыда көрсетілген шығындарға рет-ретімен жұмсалып отырады. Оның арасында жолда қалып, дәрі-дәрмек алуға, шетелге баласын емдетуге, т.б. көмек сұрайтын адамдарға да беріледі. Яғни, ешкімнің де жеке қалтасына түспейді.

Біз өмір сүріп жатқан қоғамнан бір мысал. Қызметкерлері орташа есеппен 70-80 мың теңге айлық алатын мемлекеттік мекемелердің алдында ондай жалақымен қол жеткізе алмайтын қымбат көліктер тізіліп тұрады. Сонда не, олар мемлекетті тонап, жымқырып жатыр деуіміз керек пе? Кеше ғана жұмысқа орналасқан журналист көлік алса, оған да күдікпен қарау қажет пе? Мүмкін, ол көлікті отбасымен бірігіп алған шығар. Яки өзінің басқа да қосымша табысы не отбасылық кәсібі бар шығар. Демек, барлығына арам пиғылмен, күдікпен қарай алмайсыз ғой. Олай болса, көлік мінген имамды көргенде, мешіт қаражатына қол сұқты деп күдіктенуге жол болсын?!

Көлік демекші, сюжет барысында өткен жылы Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы кезінде шетелден келген қонақтарды алып жүрген көліктерді имамдардың көлігі деп көрсетіп, мұны мешітке түскен садақаға алмағанда, аспаннан алып жатыр ма деген арам ойын да бұқараға паш етті. Тілші Айнұр Омардың тағы да бір жапқан жаласы осы еді. Өйткені, олар қаладағы кәсіпкерлер мен мекемелерден шара барысында уақытша сұрап алынған көліктер болатын. Көшедегі көрінген көлікті көрсеткенше, мықты болса, ниеті түзу болса, имамдардың тұрып жатқан үйлері мен мініп жүрген көліктерін неге көрсетпейді?! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ибн Масъуд риуаят еткен хадисінде: «Мұсылманға тіл тигізу пасықтық…» (Бұхари мен Мүслім), – деген. Имамдарды «ұры» деп тілдеу барып тұрған жала және пасықтық әрекет емес пе?! Сөзін қуаттамақ болып мешіт алдында қанша жылдан бері қайыр тілеп отырған кісінің аузымен «имамдардың барлығы шетінен ұры, олар көзге көрінбейтін қайыршы» деген сөзді айтқызды. И.Тасмағамбетов 2011 жылы ел алдында есеп беру кезінде: «Халыққа үй берсең, жер берсең, жалпы мәселесін шешіп берсең, жақсы әкімсің. Ал мәселесін шешіп бермесең, сенен өткен жаман әкім жоқ. Сонда жақсы әкім атану үшін қисынды-қисынсыз сұраған нәрсесін бере беруіміз керек пе?!», – деген еді. Сол секілді мешіт ауласында алақан жайып, ақша табуды кәсіпке айналдырған адамдарды тұрғызбауға тырысқан мешіт қызметкерлеріне тісі қайраулы қайыршы мұндай сәтті қалт жіберсін бе?! Жалпы, ондайларға жұмыс тауып беруге тырысқан намазхандар болды. Алайда, өз еңбегімен жұмыс жасап, жан баққысы келмейді. Ақи-қатқа көз жеткізгіңіз келсе, келіп жұмыс ұсынып көріңіз. Жеңілдің үстімен өмір сүргісі келген олар алақан жайып, ақша табуға арланбайды. Иә, қайыршы «апам» дұрыс айтады. Тұрмыстық жағынан салыстырған-да имамдар оларға қарағанда әлдеқайда қайыршы. Өйткені, астаналық имамдардың 80 пайызының басында баспанасы, ал жартысының астында көлігі де жоқ.

Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында «КТК» телеарнасының тілшісі Бекзат деген біреу қолына калькулятор алып, «Нұр Астана» орталық мешіті имамдарының «иманын» арифметикалық есепке салған еді. «Математик» тілші мешітке түсетін садақаны өз балгерлігіне салып, 10 мың кісілік мешітке әр жұмада 10 мың кісі 100 теңгеден салғанда 1 миллион болады, ал бір айда сөзсіз 4 миллион болады деп бал ашты. Осы жерде сөзін дәлелдеу үшін 3-4 кісіден сауалнама жүргізіп, «мешітке әр барғанда 200, 500, 1000 теңге саламыз» деген пікірлерді беріп, «мешіт қызметкерлері садақаны өздері бөліп алып, байып жатыр» деген жалған ақпарат таратты. Алайда, Құран оқытуға келетіндер болмаса, бес уақыт намаз бен жұма намазына қатысатын 10 мың адам әр жұма күні мешітке садақа сала ма деген сауал сол кісілердің өзіне қойылуы тиіс еді. «Балгер» тілші айтқандай, бір айда 4 миллион ақша түсіп жатса, ол қаражатты имамдар өз пайдаларына асырып отыр деп айыптауы орынды ма? Алайда, солай айыптап, жала жапты. Осылайша бесіктен белі шықпаған «спорт комментаторы» дін қызметкерлерін масқаралау мақсатына қол жеткізді.

Әбу Бакраның (р.а.) жеткізуі бойынша бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең үлкен күнәлардан хабар берейін бе деп үш рет қайталады. Біз: «Иә, уа, Алла елшісі», – дедік. Сонда Ол (с.ғ.с): «Аллаға серік қосу және ата-ананы ренжіту», – деді де жантайып отырған жерінен бойын тіктеп: «Жалған сөз айту және жалған куәлік беру», – деп қайталай бергені сонша біз енді тоқтаса етті деп ойладық, – дейді оқиғаның куәсі болған сахаба. (Бұхари мен Мүсілім). Бір қызығы, екі тілші де мешітке келгенде мүлдем басқа мақсатта сюжет жасайтындықтарын айтып, ант су ішкен-ді. Тіпті, Бекзат бауырымыз еліміздегі мешіттердің тарихы мен сипат-тамасын таныстырмақпыз десе, оның әріптесі Айнұр тек имамдардың жалақысының аз-дығын әңгімеге арқау етпекпіз деп ағынан жарылған соң, ақтарыла сұхбат та бердік. Артынан дүдәмал деректерге құрылған арзан хабар жасап, мешіт қызметкерлеріне қара күйе жағып, бетімізге түкіріп кететінін біз, әлбетте, білген жоқпыз. Осыдан кейін еріксіз арзан хабар жасау үшін өтірік айтудан тайынбау журналист мамандығында өтетін бір дәріс-ау сірә деген ойда қалдық. Мұндай өтірікті шындай еткен тілшілер таратқан хабарларға қалай сенуге болады?

Кісінің сыртынан ғайбаттап, жала жабу арқылы оның күнәларын арқалап, өздерінің қасықтап жинаған сауаптарын ғайбатталған адамның ақыреттік қоржынына шелектеп құйып беретіндігі хадисте баяндалған. Кәсіпкерлер секілді қаражатымен көмектесе алмаса да кейбіреулер таңдайларын та-қылдатып-ақ жәрдем беруде. Өкінішке орай, ғайбаты мен жаласы нақты бір имамға бағытталмағандықтан, негізсіз кінә арту-шылар қиямет күні барша имам атаулымен есептесуіне тура келеді. Алла тағала ақырет күні мүйізі бар қошқардан жәбір көр-ген тоқал қошқардың ақысын алып беретіндігі ақиқат. Дегенмен, пенделікке салынып, жала жабудан жаны масайрайтындарға аяныш-пен қарап, Алладан тілдеріне туралықты салып, хақ жолға бастап, тәубесін қабыл ете гөр деп тілейміз.

Талғар ауданына қарасты Қызыл-Қайрат ауылына алғаш рет имам болып барғанымда мен тұрған үйдің көршісі: «Молда бала не жейді екен, ол өзі моншаға түсе ме екен», – деп сұраса, алдымнан жүгіріп шыққан Әкежан есімді бес жасар бала: «Аға, сақалыңыз қайда, молданың сақалы болмаушы ма еді?» деп таңқалдырған еді. Сүйтсем, ойында арам ойы жоқ аңқылдаған ауылдағы ағайынға реніш жоқ екен. Кейбір «данышпандардың» пайымдауынша, «имам» деген өзі де, бала-шағасы да ішіп-жемейтін, көлік мінбейтін, ұялы телефон қолдануды білмейтін, бүгінгі тілмен айтқанда қоғамдағы ең «отсталый» адамдар екен. Сосын ол бір қосымша жұмыс жасаса яки саудамен айналысса, тағы да сынап шыға келеді. Бір аудан имамының үстінен жергілікті халық арыз жазыпты. Тексеріп барсақ, айтатын уәждері «біздің имам бос уақытында ауыл арасында таксовать етеді» дейді. Бірақ, өздері имамдарының қалай жан бағатынына бас ауыртқысы да келмейді. Сонда имамның бала-шағасы саусағын сорып отыра беруі керек пе?! Сауда жасаудың өзі сүннет емес пе? Дін қызметкерлерінің көрінген адамға алақан жаймай, өз күнін өзі көруге әрекет етуін сынға алу қаншалықты әділеттілік?

Ендеше, бүгінгі «имам» деген адамға анықтама берейікші. Имам – Алланың ризалығы үшін ел арасында ынтымақ пен бірлікті нығайтуға атсалысып, үнемі мемлекетке және отанға деген сүйіспеншілікке үндеп, сүннетті сал-тымызбен сабақтастырып, ата діннің құндылықтарын насихаттау жолында барын да, нарын да салып жүрген және бұл үшін ешкімнен ақы талап етпейтін, өскелең ұрпақты қоғамдық індеттерден арашалауға тырысып, жатса да, тұрса да тек қана Жаратқаннан қоғамның тыныштығын ғана тілейтін, ел басына күн туса, елді сабырға шақырып, жамағатты жұдырықтай жұмылдыратын, мұсылман баласының туылғанынан бастап, соңғы сапарға аттанғанға дейін, тіпті, одан кейінгі де діни рәсімдерін атқаратын, басқалар секілді жеп-ішетін, балалы-шағалы болатын, ауыратын, қайғыратын, қуана да білетін, бір сөзбен айтқан да пенделік кемшіліктерге ие, әрбір ісінің жемісін тек Алладан ғана күтіп, барға қанағат ете білетін жан.

Рас, бір құмалақ бір қарын майды шірітері белгілі. Дін саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың арасында халықтың көңілінен шықпайтындары да бар. Көпшілік болған соң, ондайдың болуы да заңдылық. Әсіресе, қолында ҚМДБ-ның бұйрығы жоқ, бірақ ел арасында ресми имаммен діни рәсімдерді тең дәрежеде атқарып жүргендердің жауапкершілікті сезінбеуінен діни басқармаға қара күйе жағылып келеді. Сонымен қатар, өзіне жақпаған адамның имам болып тұрғанын қаламайтын кісілер (руына, туған жеріне, дінді ұстанудағы бекемдігіне, діни рәсімдерді Ислам талаптарына сай өткізуге тырысып, қайшы салт пен жоралғыларды жүзеге асыртпауды талап етуіне орай) тырнақ астынан кір іздеп, домалақ арыздарын жоғары жаққа домалатып жатады. Кейде тексеру барысында арыз жазған адамның өзін таппай қалатын жағдайлар орын алса, арыз иесі табылған күннің өзінде де арыздары көп жағдайда негізсіз болып шығады. Бірақ, осы күнге дейін имамдардың үстінен жөнсіз арыз жазғандардың ешбірі де жазаланған емес. Сондықтан да болар негізсіз шағымданушылардың тыйылатын түрі де жоқ.

Имамдық қызмет көпір секілді. Көпірден кім өтпейді десеңші?! Көпір үстінен патша да, хәкім де, бай да, бағбан да, бәрі өтеді. Сол сияқты имамның алдына ауру да, сау да, бай да, бағбан да, кедей-кепшік те, ақын да, ақылман да келеді. Бұлардың парасаты мен ақыл-ойы және мұң-мұқтажы да сан қилы. Жабырқау көңілін жұбатып, рухани демеу беруді халық мешіт қызметкерлерінен күтеді. Сол адамдардың барлығының да көңілін табу үшін дін қызметкері барынша асқан сабырлық пен кішіпейілділікті жанына жолдас етпек. Яғни, сайраңдап, мысқылдап өтіп бара жатқанды да, қаһары мен зәһәрын шашып өтетіндерді де, бәрін-бәрін мылқау көпір секілді үстінен өткізе білуі керек.

Әлбетте, сабыр түбі – сары алтын. Кезінде өзінің жейтін тағамынан құдай жасап, қарны ашқанда соны жей салатын араб халқын қараңғыдан жарыққа шығарған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабаларға дін жаулары не көрсетпеді десеңші?! Жүрер жолына тікен төсеп, үстінен жуынды төгіп, бала-шағаға тас атқызып, итке айтақтатып қорласа да, олар төзімділіктің ең биік өнегесін көрсетті. Соңында ұлы жеңіске жетті. Әрине, ол жеңіс – Ислам шуағының сол тараптан әлемге жайылуы еді. Сондықтан, олардың игі істері үмметке үлгі ретінде Құранда баяндалып, тіпті тірісін де жәннатпен сүйіншіленгендері де болды. Сол себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) уағыз айтқан мінбердің бүгінгі иелерін қазіргі таңда дін саласына қатысты (өздерінің жеке басына қатысты) айтылып жатқан түрлі сындарға барынша түсіністікпен қарап, сабырлылық танытуға шақырамыз. Елдің ынтымағы мен бірлігін нығайту жолындағы жұмыстарды жандандыра түсіп, бақа-шаяндай қаптап кеткен ағым-секталарға қарсы күресті қарқындатуымыз қажет. Діни басқармаға орынсыз сындар айтқызбау үшін барша мешіт қызметкерлері арқаны кеңге салмай, керісінше жауапкершілікті сезіне отырып, қызмет етуіміз керек-ақ. Бірақ, «құмыра күнде сынбайды, күні жеткенде сынады» демекші, ет-сүйектен жаралған имамдардың да жарылатын, сағы сынатын кезі болады. Сондықтан мұндай жағдайда қоғамның қорлауы емес, қолдауы қажет екенін ұмытпайық!

Қаблиса жыраудың өлең шумақтарында: «Бақыт қайда барасың? Еш адамды күндемес, өсек отын үрлемес, әдепті үйге барамын», – делінген. БАҚ өкілдерінің ішінде телеарнаның өзіне тән сиқырымен көрерменді баурап, мақсат-мүддесін қалайда санаға сіңдірер құдіреті барын ескерсек, базбір тілшілердің таратқан теріс хабар-лары елдің ұйытқысына үлесін қосып жүрген имамдарды қаралап, халықты қарсы қоюға себеп болары сөзсіз. Бұл мешіт пен халықтың арасындағы алтын көпірді бұзып, ынтымақ пен бірлікке сызат түсіруі бек мүмкін. Негізсіз масқаралаудың нәтижесінде болашақта жанып тұрған жастардың дін саласында қызмет етуге деген ынта-жігері су сепкендей басылып, бұл салаға ешқайсысы жоламайды. Сосын орта білімді жарытып та оқымаған, айтар ойы мен пікірі де дұрыс қалыптаспаған талапкерлер медреселерге түспек. Осыдан кейін имамдық қызметтің деңгейі қалай өрлемек? Ең сорақысы, осындай теріс ақпараттың кесірінен мешіттен көңілі қалған халық, әсіресе, жастар легі теріс пиғылдағы ағым-секталардың жетегінде кетпей ме?! Сондықтан ушығып кетудің сәл-ақ алдында тұрған діни ахуалды одан сайын күрделендіріп, түрлі келеңсіздіктерге жол бермес үшін БАҚ саласына жауапты құзырлы орындар таңдайы тақылдаған тілшілердің аса нәзік тақырып жайында тарататын ақпараттарын жете қадағалағаны жөн. Әйтпесе, мұның соңы жақсылыққа апармасы анық.

Құрметті оқырман қауым! Бұл мысал-дардың барлығын да соңғы кездері дін саласына жөнсіз жабылып жатқан жалаларға жауап ретінде келтіріп отырмыз. Жоғарыда атап айтқанымыздай, біздің мақсатымыз – ақиқатқа атүсті қарамай, ақиқат көзімен зер салуға шақыру. Яғни, болар елдің ұлдары секілді қам-қарекет етуіміз лазым. Сондай-ақ, хадисте: «Адам өтірікші болу үшін естігеннің бәрін айтқаны да жеткілікті», – делінгендей алып-қашпа әңгіменің бәрін ақ-қарасын анықтамай жатып таратпай, елді шатастырмас үшін халыққа дұрыс ақпарат таратуды әрбіріміз мақсат тұтайық. Аққа Құдай жақ. Кеудеңде жаның барда, жақсылыққа жаның жақын болсын, ағайын! Әумин!

Төлеби ОСПАН,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲