ЖАТ АҒЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ЖАУЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады.

Бұл – еліміздің рухани даму кезеңіндегі маңызды қадам. Отбасы құндылығының маңыздылығын арттыру, діни тұрғыдан да ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда отбасы құндылығы жаһандық мәселеге айналуда. Дер кезінде қауіптің алдын алу шаралары қолданылмаса, адамзат өз қолымен жасаған жамандықтың өкінішінде қалуы мүмкін. Сондықтан отбасыдағы түйткілді мәселелерді күн тәртібіне шығару – Діни басқарманың игі шешімінің бірі.

Отбасы –  салиқалы ұрпақ өсіретін алтын бесік. Адам баласы ұрпағының болашағы жарқын болғанын қалайды. Баласы дүниеге келгеннен бастап әйел ана атанады. Баласын құшағына алып бауырына басқанда мейірімі тасып, Раббысының құлдарына деген рақымын еске түсіреді.  Бала мен ананың арасындағы байланысты үзгісі келетіндерді Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ана мен сәбиін бір-бірінен айырғанды Алла да Қиямет күні сүйгенінен айырады»,- деп қатаң ескертеді. Тіпті аузына салғалы тұрған құрманы баласы сұрай қалғанда аузына салған ананың жұмаққа баратыны хадистерде айтылған.

Перзенті дүниеге келгенде отағасы әке атанады. Қияметке дейін соның есімімен еске алынып, мойнына жауапкершілік жүктеледі. «Отбасының сенде ақысы бар» деп ескерткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өзіне жүктеген жауапкершілігін орындауға атсалысады. Еңбек ету арқылы қолына тиген нығметті отбасымен де бөлісіп, үйіне жақсылық әкеледі. Барлық жамандық атаулыдан шаңырағын аулақ ұстап, бұл жолда жан тапсырса, шейіт болатынын әсте есінен шығармайды.

Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сенімі. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде, тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.

Ислам діні әрбір мұсылманның әлеуметтік жағдайына да басты көңіл бөледі. Отбасы, бала тәрбиесі, мұсылман арасындағы қарым-қатынастың жүйелігін Ислам жіті қадағалайды. Сондай-ақ кез келген әлеуметтік мәселелерді түсіністікпен шешуге, ауыртпалықтарға сабыр етуге шақырады. Осының салдарынан мұсылманның бойында белгілі бір мінез-құлқы пайда болады. Мұсылман үшін отбасын бағып-қағу үлкен сауап. «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары үшін шығарған динар, Алла жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Алла жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар» делінген хадисте.

Бүгінгі таңда қоғамда дін атын жамылып, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың пайда болғаны белгілі. Бұл ағымдар өздеріне тән әдістері мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, діни мәселелерді терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. Дін атын жамылып, дүниауи мақсаттарды көздеген, жастарды дәстүрлі дінінен ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар сенушілердің сана-сезіміне етене жақын құндылықтар арқылы әсер етіп, жаулап алуды мақсат етеді. Аталмыш ағымдардың бір бөлігі өздерін діни, мәдени, ғылыми танымдық, білім беру қызметін көрсетушілер ретінде таныта отырып, дәстүрлі дін негіздерімен мүлде байланыспайтын, жеке тұлғалардың ілімінен бастау алатын сан алуан сенімдік бағыттарын насихаттап, сенушілердің қатарын көбейту арқылы дүниауи игіліктерге қол жеткізу мақсаттарын көздеуде.

Қазіргі таңда адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзелмейтіндей зиян келтірген теріс пиғылды діни ағымдардың қызметі алаңдатушылық туындатуда. Деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін, діни, саяси, психотерапиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым саналады.

Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысу салдарынан сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар.

Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер  халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей, идеология ретінде әрекет ететіндіктен, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.

Қазақстан Республикасының Ата Заңында және басқа да заңнамаларында көзделген нормаларға қайшы іс-әрекет жасаған, азаматтардың діни сенім мен ар-ождан бостандығы құқығына нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына, имандылығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-әрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынған.

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲