«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНДЕ (1913-1918 ЖЖ) ЖАРНАМАЛАНҒАН ДІНИ ЕҢБЕКТЕРДІҢ МАЗМҰНЫ

Шамамен бір ғасыр алдынғы қазақ халқының негізгі мақсаты, ұстанған саясаты бүгінмен салыстырғанда мүлдем өзгеше болды. 1913-1918 жылдары басылған «Қазақ» газетінің жауапты редакторы Ахмет Байтұрсынов, кеңес үкіметі шырмауынан құтылу үшін өз мәдениетімізді, дінімізбен ата тарихымызды ұмытпай сақтап қалу арқылы тәуелсіз Қазақстанды құруды мақсат тұтты.

Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды қазақ ағартушылары бұл жолда ерен қызмет қылған. Ахмет Байтұрсыновтың өзі бастамашы болып, алғашқы жарыққа шығарған еңбегі (сахих жазу) имла үлгісінен расында халықты сауаттандырып, білімділікке бастайтын жолдың негізін қалағанын байқаймыз. Бұл жазу түрі Арабша әріптерден құрастырылды. «Қазақ» газетінде жиі көзге түсетін «Жазу құралы» атты тақырыпшадағы барлық хабарлар осыған дәлел болмақ. Сонымен қатар қазақ халқының дінге жақындығының белгісі ретінде қазақтар арасында алысты-жақынды кең таралып тұрған бұл газет беттерінде қазақтан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін жарнамалап, оқуға шақырып жатқанын көруге болады.

Тақырып аясындағы ізденісіміздің нәтижесінде тура бір ғасыр алдыңғы Ресей құрамындағы қазақ халқының дінге деген ықыластары мен жазылған кітаптардың мазмұны өте құнды екеніне көз жеткіздік. Ислам негізі бойынша ең маңызды сала саналатын ақида (сенім), фиқһ және ахлақ секілді тақырыптардың қолға алынуы, сондай қиын-қыстау кезеңде бола тұра қазақ халқының діннен әсте алшақ кетпегенін білдіруде.

Діни кітаптардың жарнамаларына қосымша ақпарат ретінде газет беттерінде бұл кітаптардың қай санаттағы оқырмандар үшін және мазмұнында не жайлы сөз қозғалғандығына да тоқталып өтілген.

«Қазақ» газетінде басылып шыққан қазақ дін ғалымдарымыздың жазған бірнеше кітаптары жайлы деректерді ұсынамыз.

Тіл құралы – Мектепте 2-ші жылы оқылатын қазақ тілінің сарфы (Қазақ газеті, № 105).

Иман һәм намаз – Бастауыш мектептің екінші жылына арналған жаңа ғылымхал кітабы (Қазақ газеті, № 106).

Иман – Итиқад – Тілі таза қазақша, имласы (жазылуы) түзу. Мағынасы усулі-тағлим жағынан балалардың аңғаруына жатық. Кітаптың авторы бірінші ғылымхал кітабының жазушысы Жүсіп Темірбеков (Қазақ газеті, № 115).

Пайғамбар заманы – Тілі қазақша, имласы «Қазақ» имласы. Басылуы әдемі. Бастауыш мектептердің соңғы жылында оқыту үшін арналып жазылған. «Қазақ» имласымен Әліппе және Қырағат тілі кітаптарын оқыған қазақ балалары үшін «Пайғамбар заманы» ең пайдалы һәм керекті кітап. Бұл кітап мектеп кітабы болуымен бірге әр түркіше танитын алаш азаматының алып оқуына тұратын кітап. Кітапта пайғамбар алейхис саламның туғанынан өлгеніне шейін болған қал-жайы, тұрмысы, мінездері түгел жазылған (Қазақ газеті, № 130).

Құран құралы – Бұл кітап қазақша әліппені әбден түсініп, оқып шыққаннан кейін бастауыш екінші бөлім шәкірттеріне Құран оқу жайын үйрететін кітап. Кітаптың имласы қазақша, жазылу реті усулі-тағлим бойынша жазылған (Қазақ газеті, № 147).

Иман – Ислам – Бастауыш мектептің 2-ші жылы үшін қазақша ғылымхал басылып шықты (Қазақ газеті, № 159).

Мақала соңында айтар түйініміз, тарих қиында-қатпарлы кезеңдерді өз қойнауына көмді. Алайда бір ғасыр бұрынғы қазақ зиялыларының зар-мұңдары мен ерен қызметтері еш зая кетпеді. Өйткені олар дәстүрлі Ислам дінінің бүгінге дейін аман-есен жетуінде шешуші рол ойнады. Сол еңбектердің нәтижесінде қазір қазақ елі ата-бабадан қалған дәстүрлі дінін ары қарай өркендетіп, жас ұрпақтардың дұрыс тәрбие алу жолында аянбай қызмет етіп жатыр.

Мақалаға көз салар болсақ, қазақ халқы тек қазіргі таңда ғана емес өткен тарихында да дінді жақсы түсініп, шариғат шеңберін толықтай білгендігін байқаймыз. Осы себепті қазақ халқы арасында діни бөлінушілік мәселелері аса көп туындай қоймағанды. Қазіргі таңдағы діни түсініспеушіліктердің кейбір себептері де осындай ата-бабадан қалған құнды тәрбиенің жетіспеушілігінен болуы бек мүмкін. Біз осындай олқылықтарға жол бермейтін болсақ, ел ішінде дінаралық татулық пен бірізділік орнығып діни бүліктерден аман боламыз.

Батыржан Темирханов

 Облыстық дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушысы

Return to Top ▲Return to Top ▲