МЕЙІРІМДІЛІК КӨРКЕМ СИПАТ

  Барлық жаратылысты Алла тағала мейірімділікке негіздеп жаратқан. Алла тағала өз мейірімділігінен жаратқандарына да жүзден бір үлесін жер бетіне түсірген. Адам баласына да, аң құстарға да өз балаларына мейірімділік танытуы соның көрінісі. Осынау барлық жаратқандарына ризықтарына кепіл болып, ризық беруі де Алла тағаланың мейірімі деп білеміз. Қара жерден түрлі дақылдарды өсіріп шығаруы, ақылды адамға жетерлік дәлел емес пе!? Жер бетіндегі барлық нәрсе адамзат игілігіне арналған. Жер бетінде Алланың мейірімі болмаса, бір сәтте өмір сүру мүмкін болмас еді. Осы Алланың құдіретімен жаратылған әлемді көріп, ақылды адам қайран қалып, Алланы таниды, оның мейірімділігінің шексіз екенін аңғарады. Аллаға мадақтар, сансыз шүкірлер айтып, Алланың жаратқандарына мейіріммен қарайды. Алла тағаланың адамзат баласына соңғы түсірген Құрани каримде көптеген ғибратты насихаттар, әмірлер мен тиымдар, көркем қиссаларға толы. Алла тағаланың көркем сипаттарын да Құраннан табамыз.

 وَلِلّهِ الأَسْمَاء الْحُسْنَى فَادْعُوهُ بِهَا [1]

Сол көркем есімдерінің ішінде «Ар Рахман, Ар рахиим», мағыналары рақымды, мейірімді дегенді білдіреді. Бір жақсы істі бастағанда сүннет бойынша тасмия айту, яғни «Бисмилләәһир рохманир рохиим» деу, сауапты, әрі ісінің нәтижесі берекелі, сәтті болатынын хадистерден білеміз. Әлқисса, «бисмиллә» айтып жүрудің қасиеті туралы былай дейді: «Бір әйел адам не істесе де «бисмиллә» деп айтуды әдетке айналдырған екен. Күйеуі әйелінің бұл әдетіне сына түсірейін деп, бір алтын тола қалташықты сақтауға береді. Әйелі алтынды «бисмиллә» деп, бір жерге жасырады. Күйеуі ол жерді тауып алып, алтынды орман ішінде бір ескі құдыққа тастап жіберген  екен. Уақыты келгенде, күйеуі алтындарым қайда, бері әкел деп, ішінен «қап бәләм» деп, енді сенің «бисмилләң» көмектесе ме көрейін, деп қарап тұрады. Әйелі ойында еш нәрсе жоқ, жасырған жеріне барып, «бисмиллә» деп алтынды алып шығады. Алла тағала «бисмиллә» айтып жүргендігі үшін алтынды құдықтан шығартып, орнына қойған екен». Бұл әлемді жаратушы Иеміз мейіріммен жаратқан. Алла Тағала ешбір жаратқандарына зұлымдық қылмауы да, мейірімділік емес пе!? Құранда Жаратушы Иеміз: 

     وَلَا يَظْلِمُ رَبُّكَ أَحَدًا [2]

«Сенің Раббың ешкімге зұлымдық қылмайды» деген аяттардан Алла Тағаланың шексіз мейірім иесі екенін білеміз. Алайда адамдар өздеріне зұлымдық қылады деп, басқа құран аяттарында оқимыз. Соңғы пайғамбар Мухаммед (соллаллоһу алайһи  уа саллам) әлемдерге рахмет қылып жіберілгені құранда айтылған:

  وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ [3]

«Сені Мухаммед (соллаллоһу алайһи уа саллам) әлемдерге рахмет қылып жібердік» деген. Жалпы Мейірімді, Рақымды Жаратушы иеміз Алла Тағала мұсылман болсын, кәпір болсын барлықтарына ризықтарын беріп, белгілі бір уақытқа дейін мұрсат беріп, жер бетінде тіршілік етулеріне мүмкіншілік жасауда. Барлық жаратылысты Алла Тағала фитраттың үстінде жаратқан, яғни таза, пәк, күнәсіз, саф қылып дүниеге келтірген.

Ал кейбір пенделер ақылын дұрыс істетпей, дұшпанның азғыруына алданып, нәпсінің жетегінде кетіп адасуға түсіп, Құдайға қарсы шығып кәпірге айналады.  Құранда:

  وَمَا كَانَ اللّهُ لِيُضِيعَ إِيمَانَكُمْ إِنَّ اللّهَ بِالنَّاسِ لَرَؤُوفٌ رَّحِيمٌ [4]

«Алла Тағала имандарыңды жоймайды. Еш күмәнсіз Алла Тағала адам баласына тым жұмсақ, аса мейірімді».

 Пайғамбарымыздың (соллаллоһу алайһи  уа саллам) заманыңда кәпірлермен соғыс болып, ұрыста жеңіске жетеді. Сол уақытта бір ана жоғалтып алған баласын іздеп, шырылдап жүргенін көреді. Біраз уақыттан кейін табылған баласын құшақтап, қуанғаннан жылап, аймалаған анасын көрген Пайғамбарымыз (соллаллоһу алайһи  уа саллам) :

الله ارحم بعباده من هذه بولدها[5]

«Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейір шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе артық» деген. Барлық жанды жаратылыстың өзінің ұрпағына деген мейірімділігі болады. Құранда:

  إِنَّ رَحْمَتَ اللّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ[6] 

  «Әлбетте Алланың рақметі жақсылық қылушыларға жақын» деген. Бұл жерде арабша «мухсин» деген термин қолданылып тұр. Бұл көркем сипат ішіне көптеген жақсы қасиеттерді алады. Атап айтсақ, кешірімділік, сабырлық, мейірімділік, сыпайылық, ашуын жеңу сияқты көркем сипаттар. Әл қисса, бір адамның жалғыз баласын, үйіндегі қызметшісі байқамай, баланың үстіне ыстық сорпа төгіп алып, бала мерт болады. Ойлаңыздаршы, қандай қайғылы жағдай, кінәлі қызметшісі, күң әйел. Жалғыз баласынан айырылған әке ашуға берілгенде, қызметшісі құрандағы: «Алла  тағала ашуларын жеңгендерді, адамдарды кешіргендерді, жақсылық жасағандарды (мухсиндарды) жақсы көреді» деген аятты оқи жөнеледі. Қайғы жұтқан әке Алланың сөзіне тоқтап, әлгі күң әйелді кешіріп, азаттық берген екен.

و رحمتي وسعت كل شيء

«Алла тағаланың рақметі барлық нәрсені ішіне алады» деген хадис құдсиді айтылады. Тек сол Алланың кең рахметінен бас тартпау керек. Құранда, хадистерде жолдарын көрсетіп қойған, сол жолдармен Алланың рахметіне қарай жүруіміз ләзім. Хадисте келеді, бір күнәкәр шөл даламен келе жатады. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып, қиын жағдайда болады. Сөйткенде жолда құдыққа кезігеді. Қараса түбінде су бар. Ішіне түсіп, шөлін қандырып, сыртқа шықса, бір ит шөлден ылғал жерді қауып, қиналып тұрғанын көреді. Мейірімі оянып, құдыққа сол ит үшін қайта түсіп, аяқ киіміне су толтырып, итке су алып шығады. Осы ісіне риза болған Алла тағала ол адамның күнәләрін кешіріп, жаннатқа кіргізгені айтылады.

ارحموا من في ا لارض يرحمكم من في السماء[7]

«Жердегілерге мейірімді болыңдар, сонда аспандағылар да сендерге мейірімді болады» деген. Ал енді бір адам мысығын қамап, аштан өлтіргендіктен, отқа лайық болғанын хадистерден көреміз. Қоршаған ортаны аялау да мейірімділіктің бір көрінісі. Омар (розиаллоһу анһу) халифалық құрған заманында бір діні басқа қарт кісінің қайыр сұрап тұрғаның көріп, хал жағдайын сұрап, бұл әрекетке не түрткі болғанын сұрайды. Сонда ол қарт адам денсаулығының жоқтығын, салықтың көптігін айтып, шағымданған екен. Омар (розиаллоһу анһу): Бұл адам жастық уақытында қоғамға қызмет жасады, енді осындай күйде қалдыру дұрыс болмайды деп, қазынадан зейнетақы тағайындаған. Қазіргі уақытқа дейін сол үрдіс жалғасып, ата әжелеріміз зейнетақы алып отыр. Бұл адамдардың бір біріне деген мейірімі.

Абай атамыз өлеңдеріңде бес асыл іс туралы жырлайды:

Талап, еңбек, терең ой

Қанағат, рақым, ойлап қой-

Бес асыл іс көңсеңіз,-  деген өлең шумағында рақымдылық туралы өсиет айтуда.

Мейірімділік жақсылыққа бастайды,

Мейірімді адам Аллаға, адамдарға жақын болады.

Мейірімділік әлемді құтқарады,

Мейірімділік көркем мінездің айнасы,

Мейірімді болсаң, мейірімділік көресің,

Алла мейірімділерді жақсы көреді.

Абылай Құрмашұлы

Мухсин мешітінің бас имамы


 

Return to Top ▲Return to Top ▲