Қазақ халқының дін мен руханиятқа деген құрметі мақал-мәтелдерінен де көрініс табады. Халықтың ғұламалары мен данагөй қариялары Исламның негіздерін, аят-хадистерді өз өмір тәжірибесімен ұштастырып, тәрбиелік сөздер қалдырған.
Мақал-мәтелдер – халық даналығының ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы. Олар халықтың өмірлік тәжірибесінен туындап, тәрбиелік маңызы бар нақыл сөздерге айналды.
Мақал дегеніміз не?
Мақал – қысқа да нұсқа, тәрбиелік мәні зор нақыл сөздер. Олар белгілі бір оқиғадан немесе халықтың өмірлік тәжірибесінен туындап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. Мақалдар ақыл-өсиет беріп, дұрыс бағыт көрсетеді. Қазақ мақалдары көбінесе ізгілік, адалдық, еңбек, білім, достық, әділдік сияқты құндылықтарды дәріптейді.
Хадис дегеніміз не?
Хадис – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөздері мен амалдары. Исламда Құраннан кейінгі ең маңызды дереккөзі ретінде хадистер мұсылмандарға өмір сүрудің дұрыс жолын көрсетеді. Хадистер адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуға үндейді. Хадистер тек рухани тәрбиені ғана емес, отбасылық, қоғамдық қатынастар мен сауда-саттықтағы ережелерді де қамтиды.
Мақал мен хадистің ұқсастықтары
• Мазмұндық тереңдік: Екеуі де қысқа әрі нұсқа, бірақ мағынасы терең.
• Тәрбиелік мәні: Екеуі де адамдарды жақсылыққа, әділдікке, бірлікке шақырады.
• Өмірден алынған даналық: Мақалдар халық тәжірибесіне сүйенсе, хадистер Ислам іліміне негізделген.
• Жақсылыққа үндеу: Мақал да, хадис те қоғамда бейбіт өмір орнатып, адамдарды ізгілікке тәрбиелейді.
Хадистер – мұсылмандарға бағыт-бағдар беретін рухани нұсқаулықтар. Мақал-мәтелдер мен хадистер арасында мазмұндық, тәрбиелік және рухани үндестік бар екенін байқауға болады. Сол үйлесімділікті жік-жіктеп айта кетсек:
1. Адалдық пен әділдік үндестігі
Халық мақалында:
«Адалдық – ардың ісі, арсыздық – сордың ісі» деп айтылады.
Ал хадисте:
«Адалдықты ұстаныңдар, өйткені адалдық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді» (Бұхари, Муслим) делінген.
Бұл сөздер адалдықтың адамның абыройы мен өмірінің берік негізі екенін көрсетеді. Халық та, дін де адалдықты өмір сүрудің басты қағидасы деп біледі.
2. Еңбек пен қайырылымдылық үндестігі
Мақал:
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.»
Хадис:
«Сендердің ең жақсыларың – өз қолымен еңбек етіп, адал ризық табатындарың» (Әбу Дәуіт).
Екі нақыл да еңбектің маңыздылығын насихаттайды. Халық еңбек еткен адамның құрметке лайық екенін айтса,
хадис адал еңбек ету – мұсылманның қасиеті екенін ұғындырады.
3. Сабыр мен төзімділік үндестігі
Мақал:
«Сабыр түбі – сары алтын.»
Хадис:
«Сабыр – иманның жартысы» (Ән-Нәсаи).
Халық даналығында сабырдың өмірдегі қиындықтарды жеңудегі рөлі ерекше аталады. Исламда да сабыр иманның көрсеткіші ретінде бағаланады. Сабырлы адам сынақтардан сүрінбей өтеді деп айтылады.
4. Білімнің құндылығы туралы
Мақал:
«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.»
Хадис:
«Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мажа).
Екі даналық сөз де білімнің өмірдегі маңызды рөлін айқындайды. Халық білімді адамның өзгені жеңетініне сенсе, хадис білім іздену – мұсылманның міндеті екенін көрсетеді.
5. Көркем мінез-құлық үндестігі
Мақал:
«Жақсы сөз – жанға қуат.»
Хадис:
«Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелі – мінезі көркем болғаны» (Тирмизи).
Екі нақыл сөз адамның жақсы мінезі мен жылы сөзі адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартатынын көрсетеді. Жақсы мінез-құлық – адамның адамгершілік өлшемі.
Ендігі кезекте төменде қазақ даналарының аят-хадиске негізделген немесе оларға үндес мақал-мәтелдері ұсынылған.
Алланы тану мен иман туралы
• «Алладан қорықпағаннан қорық.»
• «Құдайсыз қурай да сынбайды.»
• «Тәубесіз пендеден түңіл.»
Бұл мақалдар Исламдағы иманның негізі – Алланы тану мен оған тәуекел етудің маңыздылығын айқындайды.
Хадис:
«Кімде-кім Аллаға тәуекел етсе, оған жеткілікті болады» (Тирмизи).
Адалдық пен әділдік туралы
• «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді.»
• «Әділдіктің белгісі – жақыныңа да, жатқа да бірдей қарау.»
• «Арамнан тапқан – астан болмайды.»
Аят:
«Расында, Алла әділдік пен жақсылықты, туыстарға қарайласуды бұйырады» (Нахыл сүресі, 90-аят).
Хадис:
«Адалдықты ұстаныңдар, өйткені адалдық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді» (Муслим).
Еңбек пен ризық туралы
• «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.»
• «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.»
• «Жігіттің үш жұрты бар: өзі, еңбегі, Отаны.»
Аят:
«Адам тек өз еңбегінің жемісін ғана көреді» (Нәжім сүресі, 39-аят).
Хадис:
«Сендердің ең жақсыларың – өз еңбегімен адал ризық табатындарың» (Әбу Дәуіт).
Сабыр мен шүкір туралы
• «Сабыр түбі – сары алтын.»
• «Шүкір еткеннің ырысы артады.»
• «Сабырлы жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа.»
Аят:
«Сабыр етіңдер, шүкір етіңдер. Алланың нығметі үшін оған разы болыңдар» (Ибраһим сүресі, 7-аят).
Хадис:
«Мұсылманның ісі қандай ғажап! Оған әр іс қайырлы. Қуаныш келсе – шүкір етеді, бұл оған қайырлы болады. Қайғы келсе – сабыр етеді, бұл да оған қайырлы болады» (Муслим).
Білім мен ақыл туралы
• «Ақыл азбайды, білім тозбайды.»
• «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.»
• «Ғылым – шырақ, ақыл – жарық.»
Аят:
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зумар сүресі, 9-аят).
Хадис:
«Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мажа).
Достық пен бауырмалдық туралы
• «Досы көпті жау алмайды.»
• «Адам адаммен көрікті.»
• «Жақсы досты қымбат қазынаңдай сақта.»
Аят:
«Барлық мүміндер – бауырлар» (Хужурат сүресі, 10-аят).
Хадис:
«Өзіңе қалаған жақсылықты өзгеге де
қаламайынша толық иман келтірген болмайсың» (Бұхари).
Қорытынды
Байқап отырғанымыздай қазақтың ауыз әдебиетіндегі көптеген мақал-мәтелдер түп тамыры хадистерден бастау алғаны себепті бір-бірімен тығыз үндесіп, адамдарды адалдыққа, сабырлылыққа, еңбекқорлыққа және білімділікке шақырады. Екеуі де тәрбиелік мәні зор, рухани қазына болып табылады. Қазақ халқының мақал-мәтелдері мен Ислам дінінің құндылықтары үйлесім тауып, адамзат баласының рухани байлығын нығайтуға қызмет етеді.
Мақал мен хадис – қазақ даласы мен баласының мәдениеті мен рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Қазақ мақал-мәтелдері Исламның негіздерін өз болмысымен сіңіріп, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен руханиятына бағыт-бағдар беретін рухани ұғымдарға айналдырған. Мақал-мәтелдер аят-хадистермен үндесе отырып, ұрпақтарды тәрбиелеудің басты құралы ретінде қызмет етуде. Ата-бабамыз айтқандай «Дін – тірек, ақыл – жетек».
Сондықтан кейбір хадистер мақал-мәтел ретінде қалыптасып, өмірлік, адамгершілік қағидаға айналған. Осылайша хадистер қазақ даласында халықтық нақыл ретінде өмір сүрген. Бұл хадистердің мағынасын өзгерту деген сөз емес, керісінше халық жадында ұзақ сақталу үшін қазақтың мәдениеті мен болмысын, тұрмыс-тіршілігі мен этникалық-этикалық тағылымын ескере отырып, адам өмірінің өткені мен бүгінін танып-білу мақсатында хадистерді одан әрі ұшқыр және жеңіл етіп жеткізу. Сол үшін мақал-мәтелдер мен хадистерді ұштастыра отырып адамдар өмірін мәнді әрі үйлесімді ете алады деп нық сеніммен айта аламыз.
Жылқайдаров Адай Талғатұлы
“Qyzyljar qalalyq meshiti”-нің наиб имамы