КЕШБЭКТІ ЖӘНЕ ДИСКОНТ КАРТАЛАРДЫ ҚОЛДАНУҒА РҰҚСАТ ПА?

Кешбэк (ағыл. Cashback – ақша қайтару) – бұл тауарды сатып алудан немесе қызметтер ақысын төлеуден түсетін бонустық пайыздар.

Кешбэк жүйесінде карта иесі (клиент) белгілі бір дүкеннен тауарды сатып алған жағдайда эмитент (банк) клиенттің шотына белгілі бір пайызды қайтарады. Ал сатушы банк арқылы тауарын сатқаны үшін эмитентке белгілі бір комиссия төлейді[1].

Кешбэктің үкімі төлем карталардың түрлеріне байланысты әрқалай болады:

  1. Дебеттік карта – клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлемді немесе ақша аударымын жасауға мүмкіндік беретін төлем картасы[2].

Дебеттік картаны қолдануға көптеген ғалымдар мен пәтуа ұйымдары рұқсат берген[3]. Өйткені бұл картада өсім беру қарастырылмайды. Ислам Фиқһ Академиясының 139 (5/15) қарарында: «Дебеттік карталарды шығаруға әрі қолдануға рұқсат… Сондай-ақ карта иесіне шариғатта тыйым салынбаған қызмет көрсету немесе тауардың бағасын төмендету сияқты жеңілдіктерді пайдаланудың оқасы жоқ»[4], – делінген. Осы ретте төлем барысында клиенттің картасына қайтарылған кешбэкті қолдануға рұқсат етіледі.

  1. Кредиттік карта – эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен төлемдерді, ақша аударымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем картасы[5]. Кейбір эмитенттер клиентке қарызды пайызбен немесе пайызсыз беруі мүмкін. Пайызсыз берген жағдайдың өзінде қарызды уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгіленеді.

Кредиттік карталарды қолдануға байланысты ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарас бар:

1) Кредиттік карталарда өсім әрі оған алып баратын шарттар қамтылғандықтан бұл картаны қолдануға тыйым салынады[6]. Өйткені кредиттік картада эмитент пен клиент арасындағы байланыс қарыз ретінде қарастырылады. Егер кредиттік картаны қолдануға тыйым салынса, онда одан түскен кешбэкті де пайдалануға болмайды.

2) Эмитент қарызды пайызсыз береді. Бірақ қарызды өтеу уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгілейді. Егер клиент қарызды пайызсыз алып, уақытылы төлеуге сенімді болса онда бұған қажеттілік жағдайда кейбір ғалымдар рұқсат берген[7]. Дегенмен одан түскен кешбэкті қайырымдылыққа жұмсайды дейді.

  1. Бонустық карталар. Бонус жинақтауға мүмкіндік беретін арнайы карта. Сатушы өзі немесе кешбэк сервистерінің қызметін пайдалана отырып клиентті тарту мақсатында бонус карталарын ұсынады. Осы карта арқылы клиент балл, бонус жинап, сол дүкеннен зат алуына болады. Бұл картаны қолдануға төмендегі шарттар негізінде рұқсат етіледі:

– Төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы; Кредит карталарын пайдаланып, ол үшін бонустар алуға болмайды.

  • Бонусты шариғатта тыйым салынбаған нәрсеге жұмсауы;
  • Бонустың есесіне клиенттен комиссия алынбауы;
  • Бонусты сый ретінде беруі;
  • Бонус себепті тауарды қымбатқа сатпауы тиіс[8].

Дисконттық (жеңілдік) карта – бұл сауда орталықтары, туристік фирмалар т.б. жеңілдіктерді ұсынатын карта. Бұл карта ақылы және тегін болуы мүмкін. Ислам Фиқһ Академиясының №138 қарарында: «Егер карта тегін берілсе, ондағы берілетін сыйлықтарды, жеңілдіктерді пайдаланудың оқасы жоқ. Бірақ сатушы жеңілдік бергені себепті тауарды қымбат сатпауы тиіс. Егер дисконт картаны сатса әрі бағасы негізі құнынан жоғары болса немесе жыл сайын төлеп тұратын төлемі болса, онда пайдалануға тыйым салынады. Өйткені бұл құмар болып саналады»[9], – делінген.

ШЕШІМ:

  1. Дебеттік картаны қолдануға әрі ол арқылы түскен кешбэкті қолдануға рұқсат.
  2. Кредиттік картаны және одан түсетін кэшбэкті қолдануға тыйым салынады. Тек аса қажеттілік жағдайда қарызды пайызсыз алып, уақытында төлеуге сенімді болса ғана қолдануға рұқсат. Алайда одан түскен кешбэкті қайырымдылыққа жұмсауы керек.
  3. Бонустық картадан түскен сыйақыны төмендегі шарттар негізінде пайдалануға болады:
  • Төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы;
  • Берілген бонус шариғатта тыйым салынбаған нәрсеге жұмсауы;
  • Бонустың есесіне клиенттен комиссия алынбауы;
  • Бонусты сый ретінде беруі;
  • Бонус себепті тауарды қымбатқа сатпауы тиіс.
  1. Дисконттық карта тегін берілсе, оны пайдаланудың оқасы жоқ.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D0%B5%D1%88%D0%B1%D1%8D%D0%BA. Уаһбату әз-Зухайли, «Битақату әл-итиман: 10-бет.

[2] Әл-Мәғаир аш-шарғия, 125-бет.

[3] «AAOIFI», «Мысырдың пәтуа комитеті», «Қатардың уақф және дін істер министрлігі», т.б. Мухаммад Тәқи әл-Усмани, Уаһбату әз-Зухайли, т.б.

[4] Ислам Фиқһ Академиясының қарарлары: 444-бет. Әл-Мәғаир аш-шарғия, 132-136 беттер. Мухаммад Тәқи әл-Усмани, Фиқһу әл-Буйуғ: 1/453-454.

[5] Әл-Мәғаир аш-шарғия, 144-бет.

[6] Ислам Фиқһ Академиясының №108, 2/12 қарары. Иордания пәтуа комитеті, «AAOIFI», «Қатардың уақф және дін істер министірлігі», т.б.

[7] Әл-қарарат уә әл-фатауа әл- маджлис әл-урубба лил ифта уә әл-бухус: 209-бет.

[8] https://aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=2966.

[9] Ислам Фиқһ Академиясының №138 қарары. https://www.aliftaa.jo/Question2.aspx?QuestionId=3160.

Return to Top ▲Return to Top ▲