Қымыз еліміздің әр өңірінде әр түрлі дайындалады. Ол көбіне жылқының жеген шөбіне, қымызды ашытатын күбінің ағашына, күбіні ыстайтын шөптің ерекшелігіне байланысты әр түрлі болады. Бірақ қымыздың ең басты күтімі-оның қалай жасалуында, оны жасайтын адамның шеберлігінде.
Башқұрт қымызын жылқының сүтінен арнайы ыдыстарды былғап ашытады. Кейде оны «Бал қымызы » деп те жатады. «Бал қымызы» деп, бал немесе басқа да тәтті қосылып дайындалған қымызға айтылады.
Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуфтың жеткізуі бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал деп есептелген. Ал адамды мас қылатын сусындардың үкімі басқаша. Алла елшісі (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіндердің азы да харам»,-деп үкім еткен (Нәсаи, Ибн Мәжа және Ахмад риуаяты).
Таза табиғи қымыз сусыны «халал сусын» ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан және адамды мас қылдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен, Ханафи мәзһабы бойынша харам үкімін тудырмайды. Соңғы уақытта шетелден келетін қымыздар туралы қойылатын сұрақтар көп. Тұтынушылардың айтуы бойынша, олар бас айналдырып, мастық дәрежеге жеткізеді. Олай болса мұндай қымыздан сақтанған абзал.
Біріншіден, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды. Себебі, құрамына бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кіреді. Құрамындағы бал ашыту процесін жеделдетеді.
Екіншіден, егер қымызды сақтау температурасы сақталмаса, құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбейіп кетуі ықтимал.
Үшіншіден, спирт сырттан әдейі қосылды ма, жоқ па, ол да белгісіз.
Егер қымыз ашытылмаса, оны сусын ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Қымызға басқа да қоспалар қосылып ( бал, ашытқылар, қышқыл сүт бактериялары) ашытылса және адамды мас ететіндей дәрежеге жеткізсе, оның (ашытылған) азын да, көбін де қолдануға тыйым салынады.