АТАУЫ
Әғраф сөзінің мағынасы «Биік тосқауылдар», «Қорғандар» дегенді білдіреді. Тәпсір ғалымдары бұл сөзді жәннәт пен тозақтың ортасындағы тау, ал ол қорғанда тұратын адамдарға келетін болсақ, тозақтың да, жәннәттің да сипаттары бар адамдардың түрі.
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Құранғы реттілігі жағынан жетінші сүре, ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 206. Cүренің 163-170 аяттары мәдиналық сүре, қалғаны меккелік сүрелер. Түсу реттілігі Сад сүресінен кейін, Жын сүресінің алдында түсті деген дерек бар.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Ағраф сүресі Әнғам сүресінің түсіндірмесе секілді. Әнғам сүресінде дін негіздері қозғалса, Ағраф сүресі сол негіздерді тарқатады, әсіресе пайғамбарлар тақырыбы кеңінен қамтылған. Бұл сүреге мән берген адам екі тәсілді байқайды: бірі – Алланың сансыз нығметтерін еске алу, екіншісі – сол нығметтердің есебі, Алланың азабы да бар екенін еске алу.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Кейбір тәпсір кітаптарында Замахшари, Саъләбиде Ағраф сүресінің артықшылығы жайында мына хабар жеткен: «Кім Ағраф сүресін әр ай сайын оқитын болса, қияметте қорқыныш та, уайым да болмайтын адамдардың қатарында болады, әр жұма оқыған адам, қияметте есепке тартылмайтын болады, бұл сүре қияметте әр оқыған адамға шапағатшы болады» делінген. Бұл хабарды көп ғалымдар хадиске жатқызбағанымен уағыз кітаптарында, уағызшылар тілінде көп тараған әңгіме.
ІНЖУЛЕРІ
Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын (немесе Қағбаны тауап ететін) болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. (Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды.
(Ағраф сүресі 31-аят)
Олардың жүрегі бар, алайда онымен терең ойланбайды, ақиқатты түсінейік демейді. Көздері бар, алайда онымен негізгі көретін нәрсені, ақиқатты көрмейді. Құлақтары бар, алайда онымен естуі керек нәрсені естімейді. Сондықтан олар мал сияқты, тіпті одан да бетер. Олар – (ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың нақ өзі.
(Ағраф сүресі 179-аят)
(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен қиямет-қайымның қашан орнайтынын сұрайды. Оларға: «Ол жайлы нақты мәлімет Раббымның жанында», – деп айт.
(Ағраф сүресі 187-аят)
(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма).
(Ағраф сүресі 199-аят)
Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!
(Ағраф сүресі 204-аят)
Ертелі-кеш іштей жалбарынып һәм (қаһарынан) имене отырып, бәсең дауыспен Раббыңды ауызға ал. (Ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың қатарына қосылма.
(Ағраф сүресі 205-аят)