ӘЛИ ИМРАН СҮРЕСІ

Атауы

Әли Имран сөзінің мағынасы «Имран ұрпақтары», «Имран әулеті» дегенді білдіреді. Исраил қауымындағы Жақып (а.с.) пайғамбардың ұрпағынан тараған ең әйгілі Имран әулеті жәйлі қасиетті Құранда жан-жақты баяндалған олар жайында:  «шын мәнінде, Алла Тағала Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның әулетін әлемдерге ардақты етті»[1] Әли Имран сүресінің басқа атаулары: «Истиғфар», «Таибә», «Қазына», «Амандық».

         РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құранғы реттілігі жағынан үшінші сүре. Бақара, Ниса сүресінен кейін ең ұзақ сүре, аят саны – 200, Сүре ғалымдардың тұжырымы бойынша хижреттің үшінші жылы Шәууәл айында Мәдина қаласында Әнфәл сүресінен кейін түскен деген дерек бар.  Құранның 3, 4-парасында 50-76 беттерде орналасқан.

         ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Бұл сүреде исламдағы екі негіз жайында бірі сенім және оған қатысты дәлелдер, екіншісі шариғат нақтырақ айтқанда соғыс, жиһадқа байланысты үкімдер. Сенім аясында кітаб иелерінің дінге, Құранға, пайғамбарға күмәндарына жауап беріледі. Бақара сүресінде яхудилер жайында көбірек сөз қозғалса, Әли Имран сүресінде христиандар, олардың сенімдеріндегі қателіктер жайында сөз етеді. Сонымен қатар Бәдір, Ухуд соғыстары және олардың салдары жайында баяндалады. 

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ[2]

Әбу Умамадан жеткен хабарда Алла елшісі (с.ғ.с): «Исму Ағзаммен дұға қылынса, дұға қабыл болады. Ол «Бақара», «Әли Имран», «Таһа» сүрелерінде», – деген.

Сағид бин Әби Һилалдан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қандай да бір адам «Бақара» және «Әли Имран» сүрелерін сәжде етуден бұрын бір рәкағат оқып, кейін Алладан қалаған қажетін сұраса, сол нәрсесі беріледі», – деген.

Осман бин Аффаннан жеткен риуаятта Алла елшісі: «Кім түнде «Әли Имран» сүресін оқыса, ол адам қияму ләйл (түнгі намаз) оқығанның сауабын алады», – деген.

ІНЖУЛЕРІ

[Құран, Інжіл, Тәурат]

﴿ نَزَّلَ عَلَيۡكَ ٱلۡكِتَـٰبَ بِٱلۡحَقِّ مُصَدِّقًا لِّمَا بَيۡنَ يَدَيۡهِ وَأَنزَلَ ٱلتَّوۡرَىٰةَ وَٱلۡإِنجِيلَ﴾

(Уа, Мұхаммед!) Ол саған осынау Кітапты ақиқаттың нақ өзі әрі титтей де жалған араласпайтындай етіп және өзінен бұрынғы кітаптарды (Тәурат, Інжіл сынды иләһи кітаптарды) растаушы ретінде (оқиғалардың ағысына қарай) бірте-бірте түсіруде.

(Әли Имран 3 – аят)

[ізгі жандардың бір сипаты]

﴿ ٱلصَّـٰبِرِينَ وَٱلصَّـٰدِقِينَ وَٱلۡقَـٰنِتِينَ وَٱلۡمُنفِقِينَ وَٱلۡمُسۡتَغۡفِرِينَ بِٱلۡأَسۡحَارِ﴾

Олар – сондай сабырлы, иманда шынайы, Аллаға қалтқысыз мойынсұнатын, мал-дүниелерін игі жолда жұмсайтын һәм (түннің біраз бөлігін құлшылықпен өткізгеннен кейін) сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін ізгі жандар.

(Әли Имран 17 – аят)

[ғалымдардың мәртебесі]

﴿ شَهِدَ ٱللَّهُ أَنَّهُۥ لَآ إِلَـٰهَ إِلَّا هُوَ وَٱلۡمَلَـٰٓئِكَةُ وَأُوْلُواْ ٱلۡعِلۡمِ قَآئِمَۢا بِٱلۡقِسۡطِۚ لَآ إِلَـٰهَ إِلَّا هُوَ ٱلۡعَزِيزُ ٱلۡحَكِيمُ﴾

Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып (осынау ақиқатқа куәлік етті).

(Әли Имран 18 аят)

[Алланы жақсы көрсең мынаны істе…]

﴿ قُلۡ إِن كُنتُمۡ تُحِبُّونَ ٱللَّهَ فَٱتَّبِعُونِى يُحۡبِبۡكُمُ ٱللَّهُ وَيَغۡفِرۡ لَكُمۡ ذُنُوبَكُمۡۚ﴾

(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт.

(Әли Имран  31 аят)

[Зәкәрия пайғамбардың дұғасы]

﴿ هُنَالِكَ دَعَا زَكَرِيَّا رَبَّهُۥۖ قَالَ رَبِّ هَبۡ لِى مِن لَّدُنكَ ذُرِّيَّةً طَيِّبَةًۖ إِنَّكَ سَمِيعُ ٱلدُّعَآءِ﴾

Сол кезде Зәкәрия Раббысына: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің», – деп мінәжат етті.

(Әли Имран  38 – аят)

[қабыл болатын дін]

﴿ وَمَن يَبۡتَغِ غَيۡرَ ٱلۡإِسۡلَـٰمِ دِينًا فَلَن يُقۡبَلَ مِنۡهُ وَهُوَ فِى ٱلۡاٰخِرَةِ مِنَ ٱلۡخَـٰسِرِينَ﴾

Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе, (біліп қойсын), ол дін әсте қабыл болмайды.

(Әли Имран  85 аят)

[Алла жолында мал жұмсасаң…]

﴿ لَن تَنَالُواْ ٱلۡبِرَّ حَتَّىٰ تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَۚ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَىۡءٍ فَإِنَّ ٱللَّهَ بِهِۦ عَلِيمٌ﴾

Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі.

(Әли Имран  92 аят)

[Алла атынан өтірік айтпа!]

﴿ فَمَنِ ٱفۡتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ ٱلۡكَذِبَ مِنۢ بَعۡدِ ذَٰلِكَ فَأُوْلَـٰٓئِكَ هُمُ ٱلظَّـٰلِمُونَ﴾

Ал енді бұдан былай кімде-кім өз ойынан өтірік айтып, соны Аллаға телитін болса, міне, солар – (Алланың алдында асы болып, өз-өзіне қиянат жасаған) нағыз залымдар.

(Әли Имран  94 аят)

[қажылық – парыз амал]

﴿ وَلِلَّهِ عَلَى ٱلنَّاسِ حِجُّ ٱلۡبَيۡتِ مَنِ ٱسۡتَطَاعَ إِلَيۡهِ سَبِيلًاۚ ﴾

Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы.

(Әли Имран  97 аят)

[мұсылман күйіңде жан тапсыр!]

﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ ٱتَّقُواْ ٱللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِۦ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنتُم مُّسۡلِمُونَ﴾

Уа, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келіп, асы болудан барынша сақтаныңдар һәм (өмір бойы бір Аллаға қалтқысыз мойынсұнып, ажалдарың келгенде де) кәміл мұсылман болып қана жан тапсырыңдар, басқаша өлмеңдер!

(Әли Имран  102 аят)

[ізгілікке шақыру, жамандықтан тию]

﴿ وَلۡتَكُن مِّنكُمۡ أُمَّةٌ يَدۡعُونَ إِلَى ٱلۡخَيۡرِ وَيَأۡمُرُونَ بِٱلۡمَعۡرُوفِ وَيَنۡهَوۡنَ عَنِ ٱلۡمُنكَرِۚ وَأُوْلَـٰٓئِكَ هُمُ ٱلۡمُفۡلِحُونَ﴾

(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер.

(Әли Имран  104 аят)

[таршылықта бере алмағандар]

﴿ ٱلَّذِينَ يُنفِقُونَ فِى ٱلسَّرَّآءِ وَٱلضَّرَّآءِ وَٱلۡكَـٰظِمِينَ ٱلۡغَيۡظَ وَٱلۡعَافِينَ عَنِ ٱلنَّاسِۗ وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلۡمُحۡسِنِينَ﴾

Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді.

(Әли Имран  134 аят)

[жұмсақтық – қорқақтық емес]

﴿ فَبِمَا رَحۡمَةٍ مِّنَ ٱللَّهِ لِنتَ لَهُمۡۖ وَلَوۡ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ ٱلۡقَلۡبِ لَٱنفَضُّواْ مِنۡ حَوۡلِكَۖ فَٱعۡفُ عَنۡهُمۡ وَٱسۡتَغۡفِرۡ لَهُمۡ وَشَاوِرۡهُمۡ فِى ٱلۡأَمۡرِۖ ﴾

(Уа, Мұхаммед!) Сен (сондай қиын шақта) Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дөрекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылардың бәрі сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле, сондай-ақ олармен әр істе кеңесіп отыр.

(Әли Имран  159 аят)

 [тәуекел ету]

﴿ فَإِذَا عَزَمۡتَ فَتَوَكَّلۡ عَلَى ٱللَّهِۚ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلۡمُتَوَكِّلِينَ ﴾

Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді.

(Әли Имран  159 аят)

[пайғамбарлардың жіберілуі]

﴿ لَقَدۡ مَنَّ ٱللَّهُ عَلَى ٱلۡمُؤۡمِنِينَ إِذۡ بَعَثَ فِيهِمۡ رَسُولًا مِّنۡ أَنفُسِهِمۡ ﴾

Расында, Алла мүміндерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады.

(Әли Имран  164 аят)

[өлімнің дәмі]

﴿ كُلُّ نَفۡسٍ ذَآئِقَةُ ٱلۡمَوۡتِۗ وَإِنَّمَا تُوَفَّوۡنَ أُجُورَكُمۡ يَوۡمَ ٱلۡقِيَـٰمَةِۖ ﴾

Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Қиямет күні бұл дүниеде істеген істеріңнің қарымын толық аласыңдар.

(Әли Имран  185 – аят)

[күн мен түннің ауысуының хикметі]

﴿ إِنَّ فِى خَلۡقِ ٱلسَّمَـٰوَٰتِ وَٱلۡأَرۡضِ وَٱخۡتِلَـٰفِ ٱلَّيۡلِ وَٱلنَّهَارِ لَاٰيَـٰتٍ لِّأُوْلِى ٱلۡأَلۡبَـٰبِ ﴾

Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай айқын белгілер (дәлелдер) бар.

(Әли Имран  190 – аят)


[1] Әли Имран сүресі 33-аят.

[2] «Иман» журналы, №2, 2024 жыл

Return to Top ▲Return to Top ▲