Мәйiттi жерлеу және оның үкiмi

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Мәйiттi шариғатқа сай жерлеу – парыз кифая. Жерлеуге мүмкіншілік болмаса, мысалы, бiр кiсi теңiзде кеме үстiнде қайтыс болып, оны жағаға жеткiзгенше мәйiт бұзылып кетер болса, онда мәйітке ауыр бiр нәрсе байлап, суға тастауға болады.
Жердi аң қаза алмайтындай және өлiк иiсi шықпайтындай терең қазу уәжіп. Әбу Ханифа (р.а.) мазһабы бойынша қабiрдiң тереңдiгi кем дегенде орта бойлы адамның жартысындай болуы қажет. Бұдан тереңірек болса абзалырақ. Мәйiттi жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу, таласу шариғатымызда жоқ амал.
Жер қыртысы қатты болса, лахад жасау (астын үңгiп қазу) – сүннәт. Лахад қабірдің төменгі қыбыла жағынан мәйіт сиятындай етіп қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса, лахад қазу қажет емес. Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: «Жер жұмсақ болса, лахат қазбай-ақ, қабiрдiң ортасын төмен қарай тағы да қазып, iшiне мәйiттi қойып үстiн және айналасын қышпен қалау керек»,-деген. Әл-Аламгирия мен Миғражу-л-дираяда да осылай делінген. Мәйiтті қабірге қойғанда жүзін қыбылаға қаратып жатқызу – уәжіп.
Мәйітті қыблаға қаратып, оң жақ бүйіріне жатқызар кезде:

بسم الله و على ملة رسول الله صلى الله تعالى عليه و سلم

“Бисмилләһи уа ъалә милләти Расулилләһи” (с.ғ.с)- деп айту сүннет. «Фатху-л-Қадир» шархында: «Мәйіт қабірдің қыбла жағына қойылады. Мәйітті қабірге қоятын кісі, мәйітті лахадқа қойғанда қыблаға қарап тұрады»,- делінген. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен жүзін қыблаға қаратып қояды. Егер жүзін қыблаға қаратпаса немесе шалқасынан сол бүйір жағына жатқызып үстін топырақпен көміп қойғаннан кейiн дұрыс қойылмағандығы байқалса да қабірді қайта қазбайды. Бірақ жоғарыдағы айтылған жәйттерді көму алдында біліп қалса, тіпті лахад қышпен өріліп қойылса да, мәйітті туралап жатқызу үшін ашу керек. Мәйiтті қабiрге оң жақ бүйірімен қойғанда, қыбылаға қарап жатуы үшін бас-аяғын қышпен немесе топырақпен сүйеп қою мұстахаб. Мәйiттi табытқа салып жерлеу – мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Бірақ табыт темірден болмауы керек. Мәйiтпен бiрге көрпе-жастық сияқты заттарды қабiрге салу – мәкрүһ. Мәйiт лахадқа қойылған соң адамдардың үш уыс топырақ салуы мұстахаб. Топырақты мәйіттің бас жағына тастайды.
1-шi уыс тастағанда:منها خلقناكم، “Минһә холақнакум”, (топырақтан жараттық) – деп айту, 2-шi уыс тастағанда: فيها نعيدكم “Уә Фиһа нуъидукум”, (және топыраққа қайтарамыз) ал 3-сiн тастағанда: و منها نخرجكم تارة أخرى “Уә минһә нухрижукум тәротан ухро”, (және топырақтан қайта шығарамыз), – деп айтады.
Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі мұстахаб. Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабiрдiң төбесiн гипстеу немесе неше түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.
Қабiр үстiне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу үшін қойылады. Ал мақтан үшiн, байлығын көрсету үшін қою – харам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабiр үстiне белгi қойып, оған жазу жазуға рұқсат етедi. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды.

Return to Top ▲Return to Top ▲