Қаралы үйде тамақ жеу үкiмi

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Марқұмның отбасына көршiлерi тамақ дайындап берулерi – сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз»,- деп қолқалап отырса да болады. Өйткенi қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкiн. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәрiпiнде:

» إصنعوا لآل جعفر طعاما فقد جاء هم ما يشغلهم»

«Жағфар (р.а.) қайтыс болды» деген хабар келгенде: “Жағфардың үйiне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын iс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)”, – деген.
Қаралы үйдiң тұрмысы ауыр немесе бiреулерге қарызы болса, олардың одан әрі қарызға батып ас берулері дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршiлерi үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айрылып қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, қонақ күтудің қамына кірісу күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Туған-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаңдары қаза иесіне және алыстан келген көңіл білдірушілерге ас дайындап беруіне болады.

Return to Top ▲Return to Top ▲