Кебiннiң түрлерi мен сипаттары үкімі

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Кебiннiң жақсысы – ақ түстiсi, бірақ ол дәке сияқты жұқа болмауы тиіс. Оның жаңа немесе ескi болуы шарт емес.
Кебiннiң үш түрi бар:
Сүннет кебiн;
Кифая кебiн;
Зәру кебiн.
I. Сүннет кебiн: Ерлерге де, әйелдерге де қажет 3 қабат кебiн, яғни қамис (көйлек), изар (шалбар) және лифафа (сырт орау). Қамис мәйiт мойнынан балтырға дейiн, ал изар мен лифафа басынан аяғына дейiн жететiн болуы керек. Әйелдерге қосымша бастарына химар (орамал) және көкiректерiне байланатын кеудеше ләзім. Әйелдер кебiнi 5 қабат болады. Көйлектерiнде жең болмайды және оның ешбiр жерi ашық қалмауы тиiс. Ал лифафа мәйiттiң бас және аяқ жағынан да байланатындай артығымен алынады. Кебiндегенде мәйiттiң ешбiр жерi ашық қалмауы қажет. Кебiндегеннен кейiн мәйiттiң бас-аяғы байланады және кебiннiң ортасы ашылып кетпес үшiн кебіннен алынған матамен белiн байлауға болады.
II. Кифая кебiн: Ерлерді тек изар немесе лифафаға орау, ал әйелдерді басына химар (орамал) мен көкірегіне кеудеше байлап көйлексіз лифафаға орау керек.
III. Зәру кебiн: Өте зәру кезде мәйiт табылған матамен, тіпті болмаса мәйіттің шариғатта әурет саналатын жерлерін жабатындай матамен кебiнделедi. Кебіндейтін ешнәрсе табылмаса мәйiт өз киiмiмен кебiнделедi. Егер қайтыс болған кісі өте кедей немесе бiреуге қарызы болса, сондай-ақ бала-шағасы көп және олар жас болса, мәйiт кифая кебiнмен кебінделеді.

Return to Top ▲Return to Top ▲