ҚР Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 24 қазан күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тақырыбы – «Дін және патриотизм». Алқалы жиынға дін қызметкерлері, әскери қызметкерлер, оқытушылар мен жастар қатысты. Өткізілген конференцияның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштікті тәрбиелеу және дұрыс діни бағдар берудің маңыздылығы турасында салиқалы ой, салмақты пікірлерімен бөлісу.
Бірінші болып Марат Әзілханов, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушысы: «Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясында қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі деп атап өткендей, біздің дін қызметкерлеріміз халықпен күнделікті араласып, жастарымыздың тәрбиесіне, еліміздің бейбіт өмір сүруіне өз үлестерін қосуда. Діндердің отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы ерекше. Өйткені, дін ежелден бері еліне деген махаббатты, еліне деген ерекше сезімді тәрбиелей білген», – деп конференцияны бастады.
Бұдан кейін мінбеден ҚР Қарулы күштері Бас Қолбасшысының орынбасары, Жастар саясаты комитетінің басшысы, ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы, сонымен қатар ғалымдар, қоғам қайраткелері мен белсенді жастар дайындаған баяндамаларын оқыды. «Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы Қайыргелді Руслан «Отанды сүю иманнан» тақырыбында дайындаған баяндамасында: «Бүгінгі күні менің елім Қазақстан, менің жерім Қазақстан деген осы екі асыл сөзді еліміздің әрбір азаматы асқақ сезіммен, мақтанышпен айта алары хақ. Өйткені біз бір үйдін баласы сияқты асқақ арман жетегінде, отаншылдықты ту еткен ұлт пен ұлыстардың ұл-қыздары қасиетті қазақ жерінде бейбітшілік пен ынтымақта, достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатқан жандармыз», – деп, жастарды, жиналған қауымды отанымызды, туған жерімізді сүюге шақырды. Сондай-ақ: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам», – деген хадисін жеткізіп, туған елін сүйетін әрбір азамат мұнысын нақты ісімен дәлелдеуі керек екенін айтты.
Конференцияға қатысушылар отансүйгіштікке тәрбиелеу жайында өз ойларын білдіре отырып, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға толлыққанды жауап беріп отырды. Салмақты пікірлерді ұйып тыңдаған зал толы студенттің бұл жиыннан салиқалы ой түйгені сөзсіз.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі