عن أبي عبدِ اللهِ النُّعمانِ بنِ بَشيرٍ رَضِي اللهُ عَنْهُما قالَ: (سَمِعْتُ رسولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يقولُ: {إنَّ الحَلاَلَ بَيِّنٌ وَإِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنٌ، وَبَيْنَهُما أُمُورٌ مُشْتَبِهَاتٌ لاَ يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ، فَمَنِ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقَدِ اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وعِرْضِهِ، ومَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِي الْحَرَامِ، كَالرَّاعِي يَرْعَى حَوْلَ الْحِمَى يُوشِكُ أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ، أَلاَ وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى، أَلاَ وإِنَّ حِمَى اللهِ مَحَارِمُـهُ، أَلاَ وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، أَلاَ وهِيَ الْقَلْبُ
Әбу Абдиллә ән-Нуғмән ибн Бәшир (оған Алла разы болсын) былай деді: “Мен Алла елшісінің (с.а.у) былай айтқанын естідім: «Расында халәл – анық, харам да – анық. Ал ол екеуінің арасында күдікті нәрселер бар. Олар туралы көп адам білмейді. Кімде-кім күдіктерден сақтанса, өз діні мен ар-намысын арылтады, ал кім күдікті нәрселерге барса, харамға да баратын болады. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алланың қорығы – адамға тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде, ол – жүрек»” [1]
Хадис жеткізушісі
Ән-Нуғмән ибн Бәшир Сәғд әл-Әнсари әл-Хазражи. Ғалымдардың айтуынша, ол пайғамбарымыз (с.а.у) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған соң (һижра), ансарларда (Мәдина тұрғындарында) туылған ең бірінше бала. Ол Дамаск қаласындағы сотты басқарған. Сосын Муғауия оны Куфаға, ал одан кейін Химсқа ауыстырды. Ол өте жомарт, қайырымды, кең пейілді жан болған. Тағы да ән-Нуғмән керемет уағыздаушы, әрі ақын болған екен. Химс қаласының аумағындағы ауылдардың бірінде, Һижра бойынша 65-ші жылы өлтірілген.
Хадистің тілдік мағынасы
Арабша | Аудармасы | Арабша | Аудармасы | Арабша | Аудармасы |
سَمِعْتُ رسولَ اللهِ | Алланың елшісінен естідім | إنَّ | шынында | الحَلاَلَ | хәләл |
الْحَرَامَ | харам | بَيِّنٌ | анық | بَيْنَهُما | Ол екеуінің арасында |
أُمُورٌ | нәрселер | مُشْتَبِهَاتٌ | Күмәнді болған | لاَ يَعْلَمُهُنَّ | Оны білмейді |
كَثِيرٌ | көп | مِنَ النَّاسِ | адамдардан | فَمَنِ | Кімде-кім |
اتَّقَى | Алыс болса, қорықса | الشُّبُهَاتِ | Күмәнді заттар | فَقَدِ اسْتَبْرَأَ | Таза болады |
لِدِينِهِ | Діні үшін | عِرْضِهِ | Ары үшін | ومَنْ وَقَعَ | Кімде-кім бас сұқса |
فِي الْحَرَامِ | харамға | كَالرَّاعِي | Бақташы секілді | يَرْعَى | Бағып жүрген |
حَوْلَ الْحِمَى | Қорықтың айналасында | يُوشِكُ | Жақын қалады | أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ | Бағып жүрген |
لِكُلِّ مَلِكٍ | Әрбір патшаның | حِمًى | қорық | مَحَارِمُـهُ | Харам қылғаны |
فِي الْجَسَدِ | денеде | إِذَا صَلَحَتْ | Егер дұрыс болса | كُلُّهُ | барлығы |
فَسَدَتْ | бұзылады | الْقَلْبُ | жүрек |
Жалпы түсіндірме
«Расында халәл – анық»
Халәл дегеніміз бұл – Алла Тағала Құран Кәрімде және Оның елшісі (с.а.у) хадистерінде рұқсат етілгенін анық айтқан нәрселері. Мысалы: Алла былай деді: «Сендерге мал рұқсат етілді»[2] яғни түйелер, сиырлар, қойлар және олардан туылытындар рұқсат еліген болып табылады. Басқа бір аятта: «Алла сауданы хәләл етті»[3], – деді. Демек, сауда-саттық рұқсат етілген, әрине егер онда алдау, арбау сияқты тыйым салынған істер болмаса. Сонымен, нені Алла анық халәл деп атаса, оны адам қолданса болады, әрі ол үшін адам еш күнә алмайды.
«Харам да – анық»
Харам дегеніміз бұл – Алла немесе Оның елшісі (с.а.у) анық тыйым салынған анық нәрселер. Бұған мысал ретінде Алланың мына сөздерін келтірсек болады: «Сендерге өліксе, қан, шошқаның еті және Алладан өзгеге бауыздалған нәрсе тыйым салынған»[4] . Тағы да Алла былай деді: «Алла харам еткен жанды, еш ақысыз өлтірмеңдер!» [5]. Басқа бір аятта Алла: «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені, ол арсыздық және жаман бір жол»[6], – деп айтты.
Демек, Алла және Оның елшісі (с.а.у) анық халәл деп бекіткен нәрсесі алынады, қолданылады, ал харам деп бекіткені тасталады, қалдырылады. Бұл мәселелер анық, түсінікті, әрі адамның жүрегінде ешқандай күдік пен күмән, жалтақтау туғызбайды.
Харамға кірудің себептері және оның зияны
Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің мүбарак хадистерінде қиямет жақындағанда адамдың ризық табуда оның қандай жолмен келетініне мән бермейтінін, харам кәсіптердің кең тарайтыны айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у) Әбу Хурайрадан келген мүбарак хадисінде:(Сондай бір заман келеді адам ризығының қайдан келгеніне оның харам, хәләл екеніне мән бермейді)[7].
Харамға барудың себептері:
Бірінші: Алладан қорықпау. Ибн Масғудтан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: (Алладан шынайы түрде ұялыңдар! Біз айттық «Ей Алланың елшісі, біз Аллаға шүкір Алладан шынауы қорқамыз. Пайғамбарымыз: «Ол бұлай емес, Алладан шынайы түрде ұялу, көкейіңдегі ойларға, қарныңды толтыратын затыңа мән беру және қияншылық пен өлімді еске алу, кімде-кім ақыретті қаласа, дүние қызығын тастайды, кімде-кім осыны істесе, Алладан шынайы қорыққаны)[8]
Екінші: Тез баюды қалау. Қазіргі кезде адамдардың көбі тез байып, қысқа уақытта пайдаға кенелгенді қалайды. Хәләл тауарлармен бірге харам тауарлардың да араласып, соңы орны толмас өкініштерге апарғанын өзі байқамайды, өйткені харам жолмен түскен пайда оның көзіне бірден шел болып, аз мөлшерде героин қабылдаған нашақор адам секілді бара-бара сол мөлшерді де көбейе түсіреді. Шынайы хәләл жолмен кәсіп қыла алмаған хәләл есіктері жабылып, харам есіктері ашылған кезде дер кезінде тоқтап, оның барлығы тағдырында бекітілгенін түсінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінді: (Жәннатқа жақындататын амалдар сендерге әмір еткен амалдарым, тозаққа апаратын амалдарым сендерге тыйым салған амалдарым)[9].
Үшінші: Қанағатсыздық. Харамға бас сұғудың бірден-бір жолы Алланың бөлген несібесіне разы болмай, азға қанағатсыздық таныту.Пайғамбарымыз (с.а.у) хадис шарифінде: (Шын мәнінде Алла сендердің әрбіреуіңе мінез құлық дарытқандай, ризықтарыңды да бөліп берді. Алла тағалай дүниені жақсы көргеніне де жақсы көрмегеніне де береді. Ал дінді тек жақсы көргеніне ған береді. Жаным құзырында болған Алламен ант етемін құлдың жүрегі, тілі дұрыс болмайынша және көршісімен жақсы болмайынша аманшылықта болмайды.)[10]
Осыған байланысты Әбу Хурайрадан риуаят етілген пайғамбарымыз (с.а.у) нан келген бір қисса бар: (Бір заманда бір адам екінші бір адамнан жер сатып алған, сатып алған адам жер қойнауынан бір кесек алтын тауып алады. Алтынды жердің бұрынғы қожайынына апарып: «сенен жерді сатып алдым, қойнауындағы алтынды сатып алмап едім» деп алтынды алуын талап етеді. Жер сатқан адам болса: «Мен саған жерді сатқан қойнауындағы затпен бірге саттым» деп, алмай қояды. Сөйтіп екеуі қазығы барып шағымданады. Қазы: «Екеуіңнің біреуіңнің ұлың бар ма?» дейді. «ия» менде ұл бар дейді біреуі. Біреулеріңнің қыздарың бар?» дейді. «ия» менде бар деп жауап береді екіншісі. Олай болса екеуің құда болыңдар алтынды сол балаларыңа беріңдер» деп үкім береді.
Төртінші: Харам кәсіптің зиянынан хабарсыз болу. Көп адамдар күнәға барудағы басты себептерінің бірі харамның хасіреті жайлы хабарсыздығы. А йшадан келген хабар бойынша айтты: «Әбу Бәкірге қызмет жасап жүрген жігіттердің бірі бір тағам ұсынып оны Әбу Бәкір жеді. Содан кейін әлгі жігіт: «Сен бұның қайдан келгенін білесің бе деді. «Қайдан келіп еді деді. «Кезінде көріпкелдікпен айналысқан уақытымда бір адамды алдап, содан тапқан ақшамнан алған едім» деді. Ол сол мезетте қолын аузына тығып құсық шақырып жегенін сыртқа шығарып тастады.[11]
Харам кәсіптің зияндары:
Бірінші: Жүректе қара дақ пайда болып, құлшылық жасауда әлсіздік туады. Харам кәсіппен айналысып, харам несібеден азықтанған адамның бойында құлшылыққа деген немқұрайлық, әлсіздік басым тұрады. Ибн Аббас ол жайында: «Жақсы іс адам жүрегінде нұр кіргізіп, жүзіне шуақ береді, денесіне қуат беріп, ризығын кеңейтіп, жаратылғандарға мейірімділігі оянады. Жаманшылық болса адамның жүзін түнертіп, жүрегін қарайтады, денесінде әлсіздік пайда болып, ризығы кеміп, айналасын жек көреді.[12]
Екінші: Алланың ашуына апарады. Харам кәсіп Алланың ашуына апарып, тозаққа кіруі уәжіп болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) ның Әби Умама әл-Хәрисиден келген мүбарак хадисінде: (Кімде-кім мұсылман адамның хақысын өтірік ант ішіп бұзатын болса, оған тозақ уәжіп болып, жәннәт харам болады.)[13]
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен басқа бір хадисте хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күні Алла тағала үш түрлі адаммен тілдеспейді. Оларға (мейіріммен) қарамайды әрі (күнәларынан) тазартпайды, сондықтан олар өте ауыр азапқа душар болады. Олар:шөл далада қажетінен артық ауыз суы бола тұра, оны өзге жолаушылардан аяған адам. Кешкі базарға шығып, сатып алушыны: «Алланың атымен ант етейін! Өзім мұны мынанша бағаға сатып алған едім» деп сендіріп, дүниесін алдап өткізген адам. Сондай ақ, ел билеген басшының алдында қара басының пайдасы үшін «саған адал боламын» деп ант қабылдап, кейін әлгі басшының шарапаты тисе уәдесінде тұрып, ешбір жақсылығын көрмесе, сертінен тайған адам», – деп айтты», – деген[14].
Үшінші: Дұғасы және ізгі амалы қабыл болмайды. Дұға қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы жеген тағамы, киген киімі, тапқан табысы адалдан болу. Алла тағала Құран кәрімде:
(Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер.)[15]
Харам аспен тамақтанып, киім киіп, жанұясын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде баян етілген. Алла елшісі (с.а.у) көптеген хадистерінде харам аспен қоректенген ағзаның қандай жағдайға душар болатындығын сипаттап, одан сақтануды ескерткен: «Расында, адамның ең бірінші шіритін жері – асқазаны, сондықтан қай-қайсың да мүмкіндігінше таза нәрселермен азықтануға тырысыңдар».[16] Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) хараммен қоректенген адамның дұғасының қабыл болмайтындығын айтқан: «Қасиетті сапарға шыққанымен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа күйде Алла Тағалаға қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға жасап жатқан адам туралы «Бұл кісінің жегені харам, ішкені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса екен деп үміттенеді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?»[17].
«Ал ол екеуінің арасында күдікті нәрселер бар»
Халәл және харамның арасында күмәнді де, шүбәлі нәрселер бар екен. Оның не рұқсат етілгенін, не тыйым салынғанын білу оңайға соқпайды. Себебі, бір дәлелдерге қарасақ, оның харам екені анықталады, басқа дәйектерге жүгінек оның рұқсат етілгені айғақталады. Сол сияқты, ғалымдарда кей мәселелерде келіспеушілікке түседі. Олардың бірі белгілі бір істің халәл екеніне пәтуа берсе, екіншісі оның харам екенін алға тартады. Өйткені, дәлелдерге қарап, әр ғалым өзі ұстанған пікірді күштірек деп көреді. Осыдан кейін адамдарда күмән туады.
Сұрақ: бұндай жағдайларда не істеу керек?
Жауабы: ондай істреден аулақ болу қажет. Олардың халәл яки харам екені анықталмайынша аса жоғары ықтияттылық, сақтық танытып, оларды тастау қажет. Ал егер оның рұқсат екендігі айқындалса, оны қолдануға, алуға болады.
«Олар туралы көп адам білмейді»
Көп адамдар күдікті істердің, негізінде халәл не харам екенін білмейді. Осыдан түсінетініміз, көп адамдар оны біледі. Пайғамбарымыз (с.а.у): «олар туралы адамдардың көбісі», – деген жоқ, ол: «олар туралы көп адам білмейді», – деді.
Сұрақ: күдік-күмәндардың пайда болу себебі неде?
Жауап: олар төрт себеппен пайда болады:
1) Білімнің аздығы. Білімнің аздығы, әлбетте, күдіктер туғызады. Білімі көп адам басқа білмейтін нәрселерді біледі.
2) Түсініктің аздығы. Кейде адамның білімі көп болуы мүмкін, алайда ол ештеңені түсінбейді. Соның себебімен, әрине оның күдіктері болады.
3) Ой жүгіртуде кемшілік жіберу. Адам, оның міндетті емес екенімен сылтауратып, ойлануға, ден қоюға тырыспайды.
4) Жаман ой. Бұл – ең сорақысы. Мәселен, адам тек өз пікірінің ғана ұтқанын қалайды. Ол шындығы қайсы, жалғаны қайсы деп бас ауыртпайды. Бұндай ниетпен адам ешқашан білім игере алмайды.
«Кімде-кім күдіктерден сақтанса, өз діні мен ар-намысын арылтады»
Бұл сөздердің арабша нұсқасында «тақуалық» танытса деген сөздер келді. Ал «тақуа» сөзі «әл-уиқоя», яғни «бөгет, тосқауыл» деген мағына беретін сөзінен шыққан. Осылайша, адам шүбәлі істер мен өзінің арасында тосқауыл қоя білу керек екен. Соның себебімен ол екі ұлы пайдаға қол жеткізе алады:
1) Дінін арылту, яғни дінін таза күйінде сақтап қалу;
2) Ар-намысын арылту, яғни адамдардың сөгістерінен өз жанын аман қалдыру.
Осы екі ұлы пайданы бағалай білген адам тірліктерінде асығу мен аптығудан алыс жүреді. Егер адамдардың арасында қарама-қайшылық болып жатқанын көрсе, біреуі белгілі бір нәрсені халәл, ал басқасы оны харам деп жатқанын естісе, тоқтайды да, келеспеушілік туғызған нәрсеге, мән-жайы анықталмайынша жоламайды.
«Ал кім күдікті нәрселерге барса, харамға да баратын болады»
Егер адам күдікті мәселелерге жеңіл қарап, оған қатысты немқұрайлы болса, онда ол ақырында харамға да бас ұрады. Өйткені, ол күмәнді істерде ғапылдық танытқан соң, анық тыйым салынған істерде де немқұрайлы болады. Бұл проблемма адамдар арасында жоқ емес. Кейбіреулер: “Бұл мәселеде келіспеушілік бар болған соң, қалаған пікірді таңдағанымда еш күнә болмас”, – деп айтып жүр. Біз оған: “Жоқ, сен халәл жолын іздеуің керек. Әйтпесе, харам істерге де барып жүретін күнің ұзақ емес. Сонда дініңді де, ар-намысыңда да аман-есен алып шыға алмайсың!”, – деп насихат жасауымыз міндет. Егер ақылды адам бір жолмен өтпек болса, бірақ оның қауіпсіз екенін, бұзақылар я жабайы хайуандардан бос екенін білмесе, ол жолмен өтуден қорқады, одан сақсынады. Бұл дүниеуи бір мысал ғой, онда одан да маңызды болған дінімізде ықтиятты болу жөнінде не айтса болады?!
«Ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алланың қорығы – адамға тыйым салған нәрселері»
Алла Тағаланың қорығы – тыйым салған нәрселері. Мұндай мысалдың келтірілу мақсаты анық нәрселермен жасырын істерді және сезіммен қабылдауға болатын нәрселермен дерексіз істерді көрсету. Араб патшалары әдетте өздерінің малына арналған жайылымдарды, оған жақындаған адамдарды әр алуан жазалау түрлерімен қорқытып, қоғағаны белгілі. Патшаның жазалауынан қорыққан адам өз малдарының оның қорығына барып қалу қауіпінен сақтанып аулаққа әкететін, ал патшадан қорықпағандар малдарын қорықтың маңында жаятын болған, нәтижесінде өздері қаламаса да патшаның шекарасын бұзып қойып, жазаға ұырап отырған.
Дәл сондай-ақ Алла Тағаланың да қорығы бар. Мұндай қорық – күналар мен барлық тыйым салынған харам нәрселер. Бұлардың қандай да бірін жасаған адам Алла Тағаланың дүние-ахыреттегі жазасына лайықты болады, ал кімде-кім шүбәлі нәрселерден тартынбай жақын барса, ол харам нәрсені де жасауға дайын тұрады.
«Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде, ол – жүрек»
Хадистің аяғында пайғамбар (с.а.у) адамның ықтияттылық пен сақтық танытуға себеп болған нәрсені баяндады. Сол сияқты ол (с.а.у) адамды күдікті нәрселерге, ал сосын харамға да немқұрайлы, салғырт болуының себебін түсіндірді. Барлығы адамның кеудесіндегі жүректің ізгілігі мен бұзықтығына байланысты екен.
Егер адамның жүрегінде ізгілік болса, онда ол шүбәлі істерден қашады, ал егер жүрегінде ізгілік жоқ болса, онда ол күмәнді нәрселерге көңіл аудармайды. Уақыт өте келе, ол тыйым салынған нәрседерді істеуден де қорықпайды. Демек, негіз – жүректе!
Сұрақ: жүрек дегеніміз не?
Жауап: Ол – адам кеудесіндегі бір кесек ет. Ол арқылы адам зиянды мен пайдалыны, игі мен сұмды ажырата алады. Алла Тағала былай деді: «Шын мәнінде, соқыр болатын көздер емес, алайда кеуделердегі жүректер көрмейді»[18]. Егер адамның жүрегі соқыр болса, онда ол ширкке (серік қосу), куфрға (имансыздыққа), бұзақылыққа түседі. Ал егер жүректе көрегендігі болса, ол жоғарыда бұл күналардан аулақ болады. Негіз – жүректе!
Жүрек – бұл дене мүшелерінің патшасы. Егер патша ізгі болса, оның қоластындағылары да ізгі болады. Ал егер ол бұзылған болса, онда оның қоластындағылары да бұзылады. Сол үшін, мұсылман адамның міндеті – әрқашан Алладан жүрегін ізгі қылуын сұрау. Ізгі жүрек адамға екі дүниеде де үлкен пайда әкеледі. Алла Тағала былай деді: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)»[19].
Сондықтан, пайғамбарымыз (с.а.у) өте жиі: «Әй, жүректерді құбылтып тұрушы. Менің жүрегімді дініңде берік қыла гөр!», – деп дұға ететін[20]
Алынатын пайдалар
1) Істер үшке бөлінеді: анық халәл, анық харам және шүбәлі нәрселер.
2) Келіспеушіліктер туындаған мәселелерде күдіктену барлық адамдарда болмайды. Өйткені, хадисте: «көп адамдар оны білмейді», – деп айтылған. Ал егер де барлық адамдар күдікке түссе, хадисте: «ешкім оны білмейді», – деп айтылатын еді. Сондай-ақ, егер де кейбір істер бүкіл адамзат үшін күмәнды болғанда, онда Құран анық, әрі түсінікті деген сипатқа лайықты болмас еді.
3) Күдікті істерді атап өтудегі Ұлы Алланың даналығы. Өйткені, сол арқылы кімнің білім ізденуге ұмтылғыш екені айқындалады.
4) Шариғаттың қандай да бір мәселесін адамдардың барлығы білмеуі мүмкін емес.
5) Шүбәлі істерден аулақ жүруге ынталандыру. Алайда бұның өте маңызды бір шарты бар: күдіктің негізі, дәлелі болу міндетті. Ал егер де күдіктенуге еш дәлел болмаса, онда ол жәй шайтанның уәсуәсы болып есептеледі. Бұған мысал ретінде имам әл-Бухаридің «Сахих» жинағында жеткізген хадисін келтірсек болады: “Бір кісілер пайғамбарымызға (с.а.у) келіп, одан былай сұрайды: «Әй, Алланың елшісі, бізге бір адамдар ет әкеледі, бірақ біз оның Алланың атымен сойылған/сойылмағанын білмейміз». Сонда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Өздерің Алланың есімін атаңдар да, жеңдер!», – деп жауап береді. Ал олар Исламды жаңадан қабылдаған адамдар еді”.[21]
6) Күдікті істерге баратын адам, харам істерге де барады.
7) Пайғамбарымыздың (с.а.у) сабақ берудің, үйретудің жақсы тәсілі. Ол мағынауи нәрселерді сезім мүшелерімен қабылдауға мүмкін болатын мысалдар келтірген. Бұл – Құрандағы әдіс. Алла Тағала былай айтты: «Адамдарға Біз бұл мысалдарды келтіреміз. Алайда оны тек білетіндер ғана түсінеді»[22].
8) «Сәддуз-зәри`а» (апаратын жолдарды жабу) қағидасы. Тыйым салынған істерге апаратын көздердің барлығын тыю қажет. Мысалы: Алла Тағала Құранда зина жасаудың өзін тыйым салмай, оған жақындауды тыйым салды. Тағы да мысал – Алланың келесі сөздері: «Алладан өзге сиынатындарына тіл тигізбеңдер, әйтпесе олар Алланы еш білімсіз, қастықпен сөгеді».[23]
9) Ізгілік пен бұзықтықтың негізі – жүректе!
10) Дене мүшелердің амалынан көрі, жүрекке қаттырақ көңіл бөлу керек. Өйткені, амалдардың негізі – жүректе. Дәл сол жүрек, Қиямет күні сыналады екен. Алла Тағала былай деді: «Расында, Алла адамды қайта тірілтуге шамасы жетеді. Сол күні сырлар ашылады. Сонда адамның күші де, көмекшісі де болмайды»[24]. Тағы да Алла: «Қабірдегілер шығарылған кезде және кеудегілер ашылған кезде не болатынын ол білмей ме?», -деді[25].
11) Адамдардың істерін жүрек басқарады.
Сұрақ: бұл ақылдың жүректе екеніне дәлел бола ала ма?
Жауап: Ия, бұнда ақылдың жүректе екеніне нұсқау бар. Дене істерін басқаратын жүрек екеніне Құранның өзі куәлік береді. Алла Тағала былай деді: «Олар ақылға салатын жүректерімен, еститін құлақтарымен жер бетін кезбеді ме? Шын мәнінде, соқыр болатын көздер емес, алайда кеуделердегі жүректер көрмейді» [26].
[1] (Бухари 52, Муслим 1599).
[2] Мәидә сүресі, 1-аят
[3] Бақара сүресі, 275-аят
[4] Мәида сүрес, 3-аят
[5] Исра сүресі, 33-аят
[6] Исра сүресі, 32-аят
[7] Бұхари хадистер жинағы, №2059
[8] Ахмад, Тирмизи хадистер жинағы
[9] Хаким Нисабуридің «Мустадрак» кітабында
[10] Хадис шариф
[11] Бұхариде келген
[12] https://islamqa.info/ar/23425
[13] Муслим хадистер жинағы
[14] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[15] Бақара сүресі 172- аят
[16] Бұхари хадистер жинағы
[17] Муслим хадистер жинағы
[18] Хаж сүресі, 46-аят
[19] Шуғара сүресі, 88-89 аяттар
[20] Тирмизи, Ибн Маджа хадистер жинағы
[21] Бұхари хадистер жинағы №2057
[22] Ғанкабут сүресі, 43-аят
[23] Әнғам сүресі, 108-аят.
[24] Тариқ сүресі, 8-10 аят.
[25] Ғадият сүресі, 9-10 аяттар
[26] Хадж сүресі, 46-аят