Ислам – ақиқат дін


بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين وَأَمَّا بَعْد

Бүкіл мақтау-мадақ Аллақһа ғана тән. Біз Оны мадақтап, дәріптейміз, Одан медет сұраймыз, күнәларымызға жарылқау тілейміз. Аллаһтың атымен нәпсілеріміздің кесір-кесапаттарынан, теріс істеріміздің жамандықтарынан сақтанамыз. Расында Аллаһ кімді тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды, ал кімді адастырса, оны ешкім де тура жолға сала алмайды.

Мен Аллаһтан басқа ешбір құдайдың жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне кәміл куәлік беремін.

Сүйікті де ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына және солардың ізіне ерген Қиямет күніне дейінгі барша пенделерге Аллаһтың сансыз салауаты мен сәлемі болғай.

Расында сөз атаулының ең ақиқаты әрі шынайысы – Аллаһтың Кітабы. Ал ең дұрыс жол – Пайғамбар (с.ғ.с) салып кеткен сүннет жолы.

Құрметті жамағат! Шындығында Ислам діні – Аллаһ Тағала тарапынан түсірілген ақиқат дін. Одан басқа дін атын жамылып жүрген дінсымақтардың барлығы да шынайы дін емес. Исламнан өзге жолды ұстанғанның амалы қабыл емес, түбінде опық жейді. Әлемдердің Патшасы, күллі жаратылыстың, ақиқат діннің Иесі – Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿إِنَّ الدِّينَ عِنْدَ اللَّهِ الإِسْلاَمُ﴾

«Ақиқатында Аллаһтың дәргейіндегі дін – Ислам. Ал кітап берілгендер болса, өздеріне бір білім жеткен кезде өзара өшпенділіктердің кесірінен таласып, бөлінді..» («Әли Ғимран» сүресі, 19 аят);

﴿وَمَنْ يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِيناً فَلَنْ يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ﴾

«Кімде-кім Исламнан басқа дінді қаласа онысы қабыл болмайды» («Әли Ғимран» сүресі, 85 аят).

Ислам діні жаңа дін емес, адамзат тарихында болған бүкіл пайғамбарлардың діні. Құран Кәрімде көптеген пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың яһуди де, христиан да емес, нағыз шынайы таза дінде – мұсылман болғандығы былайша баяндалады.

﴿مَا كَانَ إِبْرَاهِيمُ يَهُودِيّاً وَلاَ نَصْرَانِيّاً وَلَكِن كَانَ حَنِيفاً مُّسْلِماً وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ﴾

«Ибраһим яһуди де, христиан да болмады. Алайда шынайы мұсылман болды» («Әли Имран» сүресі, 67 аят).

Ал яһудилер мен христиандардың дін деп жүргені әбден өңі өзгертіліп, бұрмаланған наным-сенімдер. Құран Кәрімде олар «қаһарға ұшырағандар мен адасқандар» деп сипатталады. Аллаһ Тағаланың әмірімен әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазында оқитын Фатиха сүресінде олардың жолдарына түсіп кетуден сақтанады.

﴿اِهدِنَا الصِّرَاطَ المُستَقِيمَ* صِرَاطَ الَّذِينَ أَنعَمتَ عَلَيهِمْ* غَيرِ المَغضُوبِ عَلَيهِمْ وَلاَ الضَّالِّينَ﴾

«(Иә, Аллаһ!) Бізді тура жолға сала гөр. Нығметке бөлегендеріңнің жолына, ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес» (Фатиха, 5-7).

Ислам деген арабтың сөзі «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, Аллаһ Тағалаға мойынсұну дегенге саяды. Ислам сөзі сәлем – «бейбітшілік» сөзімен түбірлес. Сондықтан да асыл дініміз зорлық-зомбылықты, соғыс-жанжалды, лаңкестікті ешқашан да қолдамайды.

Ислам дінінің шынайы анықтамасы туралы Пайғамбардан (с.ғ.с) артық ешкім түсіндіріп бере алмас. Жәбірәйіл періште (ғ.с) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Ислам діні туралы сұрағанда былай деп анықтап берген еді.

وَقَالَ: يَا مُحَمَّدٌ أَخْبِرْنِي عَنِ الإِسْلاَمِ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اَلإِسْلاَمُ: أَنْ تَشْهَدَ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَتُقِيمَ الصَّلاَةَ وَتُؤْتِي الزَّكَاةَ وَتَصُومَ رَمَضَانَ وَتَحُجَّ الْبَيْتَ إِنِ اسْتَطَعْتَ إِلَيْهِ سَبِيلاً

Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с): «Ислам Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның Елшісі екендігіне куәлік беруің, намаз оқуың, зекет беруің, рамазанда ораза тұтуың, жолына күшің жетсе Аллаһтың үйіне (Меккеге) хаж жасауың», – деді.

Демек, Пайғамбар (с.ғ.с) айтып өткен бес парызды мойындап, орындаған адам мұсылман болып есептеледі. Ал олардың біреуін теріске шығарса немесе біреуін қасақана, әдейі орындамаса шынайы мұсылман болып есептелмейді.

Қадірлі әлеумет! Жалпы Ислам дінінің басты-басты мынадай ерекшеліктері бар.

Ислам – бейбітшілікке, ынтымақтастыққа, ағайындыққа, достық пен сүйіспеншілікке шақыратын дін. Пайғамбар (с.ғ.с) Ислам дініндегі адамның шынайы сипатын былайша анықтап берген:

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ وَالْمُهَاجِرُ مَنْ هَجَرَ مَا نَهَى اللهُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

«Мұсылман – оның тілі мен қолынан басқа мұсылмандар аман-сау болған (яғни, қиянат шекпеген) адам, ал мүһәжір – Аллаһ тыйым салған нәрсені тастаған адам». Бұхари риуаят еткен.

عَنْ أَنَسِ بنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبَّ لِأَخِيهِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

«Сендердің біреулерің қашан өзі үшін жақсы көретін нәрсені өзінің бауырына да жақсы көрмейінше (толық) иман келтірмейді», – деген. Бұхари риуаят еткен.

Ислам – білім мен ғылымның, ижтиһад-ізденістің, мәдениет пен өркениеттің діні. Аллаһ Тағала былай деп бұйырды:

﴿قُلْ رَبِّ زِدْنِي عِلْمًا

«Раббым, білімді арттыр деп айт!» (Таһа сүресі, 114-аят).

Ислам дінінде білім алу әрбір мұсылманға парыз. Ол жайында Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) былай деген:

طَلَبُ الْعِلْمِ فَرِيضَةٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ وَمُسْلِمَةٍ

«Білім талап қылу әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз».

Құрметті жамағат! Адамзаттың ең басты маңызды ісі – Ислам діні, содан кейін намаз, сосынғысы тынымсыз еңбек пен күрес болуы тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с) ол туралы былай деген:

عَنْ معاذ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «رَأْسُ الأَمْرِ الإِسْلاَمُ، وَعَمُودُهُ الصَّلاَةُ وَذَرْوَةُ سَنَامِهِ الْجِهَادُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

«Істің басы (ең бастысы) – Ислам, омыртқасы (негізі) – намаз, шоқтығы биігі (ең ардақтысы) – жиһад». Бұхари риуаят еткен.

Ислам діні пендені Раббысымен үнемі байланыста болуға, жаратылысының мақсатын жадынан шығармауға үндейді. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай бұйырған:

﴿قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ * لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ﴾

«Намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» деп айт» (Әнғам, 162, 163).

Ислам – Аллаһ Тағаланың Өзінің пенделеріне разылықпен түсірген ең соңғы әрі ең толыққанды діні. Аллаһ Тағала соңғы аяттарының бірінде былай деген:

﴿الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلاَمَ دِيناً﴾

«Бүгін Мен сендерге діндеріңді кемеліне жеткіздім әрі нығметімді толықтырдым және Исламды сендерге дін етіп құптадым» (Мәида, 3).

Қорыта айтқанда, Ислам – кемеліне жетіп, толысқан дін, біртұтас жүйе, әділ үкім, раббылық заңнама, шынайы бағыт, орта бағдар, әлемдік дағуат, рух пен тәннің талаптарын толықтай қамтамасыз ететін бірден-бір дін, ол жеке тұлғаның да, тұтастай қоғамның да қос дүниедегі мүдделерін толықтай қорғайды.

Ақыл-ойдың биігіне жеткен кез келген кемеңгер, алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері Ислам дінінің ақиқатын еріксіз мойындап, бас иген.

Орыстың ойшылдары Иван Бунин: «Құранның бұйрығына құлақ аспағанды қарғыс атсын!», – десе, Александр Пушкин: «Жаратқанға табыныңдар. Ол – Аса Ұлық», ал Лев Толстой: «Мені Мұхаммед үмметінен деп есептеулеріңізді өтінемін», – деп өздерінің Ислам дінін мойындағандарын айтып өткен.

Сондай-ақ Батыстағы біраз белгілі адамдар Ислам дінін мойындаған. Солардың бірі Ричард Белл: «Еуропаның алдында бір-ақ таңдау тұр. Ол – аман қалудың бірден-бір жолы. Ол жол – Ислам», – десе, Лорд Давенпорт: «Исламның аңыз-әпсаналар мен күдік-күмәнның арасында қалған басқа діндерден айырмашылығы – гүл тазалығындай пәктікке көтеріліп, күш-қуат пен ақыл-ойдың символына айнала білуінде», – дейді.

Көптеген ғалымдар Ислам дінінің ақиқаттығын ғылыми жаңалықтар негізінде танып-біліп, мұсылман болуда. Солардың бірі француз теңіз зерттеушісі Жак Кусто былай дейді: «Ғылыми жаңалықтың (екі теңіздің шекарасы жайында) 1400 жылдай бұрын түсірілген Құранда айтылғандығы туралы естігенімде қатты таң қалып, сөз жоқ, Құран – Аллаһтың сөзі дедім. Сөйтіп, ақиқат дін – Ислам дінін қабыл алдым».

Аллаһ Тағала Ислам дініне күш-қуат бергей! Мұсылмандардың мерейін үстем етіп, даңқын асырғай! Басқа жолға түсіп, адасып жүргендерге һидаят, тауфиқ бергей! Әмин.

Раббәнәә әәтинәә фид-дуниәә хасанатау-уа фил-аахирати хасанатау-уақинәә ъазәәбән-наар, раббанағфирләнәә уа лиуаалидиинәә йәумә йақуумул-хисәәб, бирахматикә йәә архамар-раахимиин.

Саллаллааһу тәъәәлә ъәләә нәбиийнәә уа сәийидинәә мухаммадиу-уа ъәләә әәлиһи, уа асхаабиһил-ахиаари әджмәъиин!

 

Сабит Ибадуллаев,

дінтанушы

 

Return to Top ▲Return to Top ▲