СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы жұмыс сапарымен Алматы қаласында болды. Сапар аясында ол Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының студенттерімен арнайы жүздесіп, тағылымды кездесу ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – туған өлкеден жырақта білім алып жүрген жастармен байланыс орнату, олардың рухани дамуына бағыт-бағдар беру және елмен етене жақын болуға шақыру болды. Бас имам өз сөзінде қазіргі қоғамдағы білім мен имандылықтың маңызына ерекше тоқталып, жастарды тек кәсіби тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыдан да кемелденуге үндеді.
Хамзат Қажымұратұлы жастарға адам өміріндегі уақыттың қадірін түсіндіре келе, әрбір сәтті тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Ол өз баяндамасында адамның өмірлік ұстанымы, мақсат қою, жауапкершілік пен тәртіп секілді маңызды құндылықтарды кеңінен қозғады. Сонымен қатар, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, ашық форматта пікір алмасты.
Тағылымды басқосу барысында бас имам өзінің авторлық еңбектері – «Құран інжулері» және «Уақыт және сен» атты кітаптарын таныстырып, олардың мазмұны мен негізгі идеяларына тоқталды. Аталған кітаптарда адамгершілік, имандылық, уақытты тиімді пайдалану, өзін-өзі дамыту сынды өзекті тақырыптар қамтылған. Кездесу соңында бұл кітаптар студенттерге сыйға тартылып, жастар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.
Студенттер өз кезегінде осындай мазмұнды кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, туған өңірден келген рухани жетекшінің ақыл-кеңестері мен насихаты өздеріне үлкен мотивация бергенін жеткізді. Олар болашақта елге қызмет етіп, алған білімдерін халық игілігіне жұмсауға дайын екендіктерін атап өтті.




