АТАУЫ
«Әнфәл» сөзінің мағынасы – «соғыс олжалары» дегенді білдіреді. Бұл сүренің екінші атауы «Бәдір», өйткені бұл сүреде Бәдір жорығы жайында сөз болады. «Соғыс» сүресі деген де атауы бар[1].
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Құрандағы реттілігі жағынан 8-ші сүре, 75 аяттан тұрады. Тәубә сүресімен бірге үлкен жеті сүренің қатарында. Сүре мединалық сүре һижреттің 2-ші жылы. Бәдір соғысында түскен. Кейбір ғалымдар 30-36 аяттарын меккелік деген тұжырым жасаған. Бақара сүресінен кейін түскен.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Бұл сүреде соғыс олжаларын бөліске салудың үкімдері баян етіледі. Исламдағы жиһадтың негізі ол тақуалықтан шығатындығы, исламдағы үмметтің өзара сүйіспеншілікте болу керектігі, бір сапта тұрып намаз оқығандай сап болып жауға қарсы тұру керектігі меңзеледі. Және бұл істе Аллаға және оның елшісіне бағыну қажеттілігі талап етіледі.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Ахмадтан жеткен риуаятта Ибадата Ибн Саамит Әнфәл жайында сұралғанда ол: Бұл сүре бізге қатысты түскен, соғыс олжаларын бөлісуде өзара келіспеушілік орын алып, қарым-қатынасымызға сызат түсу қаупінде болғанда, бізді Алла құтқарып осы сүрені түсіріп, Пайғамбар (с.ғ.с) әділ бөліс жасаған еді[2]. Бұл сүренің негізінде одан кейінгі жорықтарда мәселе әділ шешімін тапқан еді. Тіпті, Омардың халифаттылығын кезінде Сағд ибн Әби Уақас бастаған парсылармен болған «Қадисия» жорығында осы сүрені қариға оқытқызуды әмір еткен. Бұл сүре әр заманда мұсылмандарды үлкен бүліктерден аман сақтап келген.
ІНЖУЛЕРІ
Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда, жүрегі діріл қағатын, аяттары оқылғанда, иманы беки түсетін һәм Раббыларына барынша тәуекел ететін жандар.
(Әнфәл сүресі 2-аят)
Аллаға және елшісіне мойынсұныңдар. Өзара таласып-тартыспаңдар. Әйтпесе, бойларыңды үрей билеп жасып қаласыңдар һәм күш-қуаттан айырыласыңдар. Тиісінше сабырлылық танытыңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге.
(Әнфәл сүресі 46-аят)
Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарас-тырды.
(Әнфәл сүресі 63-аят
[1] Әділ Мұхаммад Халил: «Аууал мәрра атәдәббәру әл-Қуран»
[2] Ахмад хадистер жинағы