ӘНҒАМ СҮРЕСІ

АТАУЫ

Әнғам сөзінің мағынасы «Шаруа малдары», дегенді білдіреді. Жалпы зекет берілетін төрт түлік малға (түйе, сиыр, қой, ешкі) қатысты айтылады. Бұл сүренің діни деректерде басқа атауы келмеген. Халифа Омар бұл сүре жайында «Құранның ең абзал сүрелерінен» деген.

РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құранғы реттілігі жағынан алтыншы сүре, ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 165. Cүре меккелік сүрелердің қатарында, Хижр сүресінен кейін, Саффат сүресінің алдында түсті деген дерек бар. Кейбір ғалымдар Әнғам сүресіндегі 20, 23, 91, 93, 114, 141, 151, 152, 153 аяттар Мәдина қаласында түсті делінген. Басым бөлігі Меккеде түскендігі жайында ғалымдар бірауыздан келіскен.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Сүре Мекке сүрелеріне тән ақида және иман негіздері қамтылады, дегенмен пайғамбарлар, ізгілер қиссасынан ада, тек Ибраһим мен әкесі Әзардың арасында болған жағдай жарты бетте баяндалады. Яхудилер, христиан және екіжүзділер жайында  хабар берілмеген, негізгі көтерілген тақырып –  иман негіздері, және оны адамдардың жүрегіне бекіту, соған жан-жақты дәлелдер келтіру.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Әнғам сүресі Мекке қаласында түнде толығымен түсті, сол кезде жетпіс мың періште Аллаға зікір айтумен болды»[1] делінген. Хадисте келгендей жетпіс мың періштенің осы сүренің түсу құрметіне Алланы зікір етуі Құранның басқа сүрелері секілді бұл сүреге берілген мәртебе.

ІНЖУЛЕРІ

Ол сендердің құпия сырларыңды да, жария істеріңді де, сондай-ақ (жақсы-жаман, адал-арам) не тауып, не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін жақсы біледі.

(Әнғам сүресі 3-аят)

Күндердің күнінде Алламен қауышатындығына сенбегендер расында да үлкен зиянға ұшырады. Олар Алламен қауышпай тұрып қиямет қайым бастарына аяқ астынан орнағанда, өз қолымен істеген күнәларын арқалаған күйде: «Қап, әттеген-ай! (Басымызға мұндай күн туады деп ойламаған едік), дүниеде істеген күнәларымыз үшін өзімізге де обал жоқ!» – деп, аһ ұрып, опық жейді. Шынында, олардың арқалаған күнәлары қандай жаман еді!

(Әнғам сүресі 31-аят)

(Бейне бір тылсым қазына болған) ғайыптың кілттері Оның жанында, оларды Одан өзге ешкім білмейді. Ол құрлықта һәм теңізде не бар, не жоқ бәрін біледі. Оған тіпті бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жайы мәлім. Жердің тас қараңғы қойнауындағы бір тал дәнек болсын, тіпті дымқыл немесе құрғақ болғанның бәрі де ап-айқын Кітапта (Алланың шексіз іліміне сүйенген тағдыр Кітабында) жазылған.

(Әнғам сүресі 59-аят)

Ол – күллі аспан әлемі мен жерді жоқтан жаратқан Алла. Оның жұбайы болмаса баласы қайдан болсын?! Ол жаратылыс атаулыны бір Өзі жаратты. Ол – барлық нәрсені лайықты түрде білетін шексіз ілім иесі.

(Әнғам сүресі 101-аят)

Кедейліктен қорқып өз балаларыңды (құрсақта жатқанда да, дүниеге келгеннен кейін де) өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін Бізбіз.

(Әнғам сүресі 151-аят)

Өлшегенде, дәл өлшеп, таразыға тартқанда, дұрыс тартыңдар. Біз ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейміз. Сөйлегенде (яғни, билік айтқанда немесе куәлікке жүргенде), тіпті ең жақын туыстарыңа қарсы (куәлікке жүріп, билік айтуға тура келсе де) туралықтан таймаңдар, әділ болыңдар.

(Әнғам сүресі 152-аят)

Әрбір жанның істеген күнәсі өзіне. Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды.

(Әнғам сүресі 164-аят)


[1] Табарани хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲