ПАЙҒАМБАРЛАР ЖӘНЕ ЕГІНШІЛІК

Адал еңбек арқылы несібе табу – пайғамбарлардың жолы. Ешбір пайғамбар кәсіпсіз болмаған. Пайғамбарлар тура жолды көрсетіп қана қоймай, өмірде түрлі кәсіппен де айналысқан. Пайғамбарлар айналысқан сондай кәсіптің бірі – егіншілік.

Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (оған Алланың сәлемі болсын) топырақтан жаратты. Кейін Адам атаның өмірлік серігі етіп Хауа анамызды жаратты. Адам ата мен Хауа ана Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін жегеннен соң, Алла Тағала оларды жерге түсірді. Ол жайында Алла Тағала Құранда: (Алла Тағала Адам мен Хауаға және Ібліске): «Бір-біріңе дұшпан болған күйде жерге түсіңдер. Сендерге жер бетінде бір мерзімге (Қиямет күніне) дейін тұрақ әрі (дүние игіліктерін) пайдалану болады», – деді.

Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) жер бетіне Хауа анамызбен бірге түскен соң адал ризығын табу үшін егіншілікпен айналысты. Адам ата жер өңдеуді жетік меңгерді. Имам Қуртуби: «Адам егіншілікпен айналысты», – деген. Адам ата балаларына да егін шаруашылығы және осыған ұқсас басқа да көптеген ризық табу жолдарын үйретті. Мысалы, Қабыл – егiншiлiкпен, ал Әбіл мал шаруашылығымен айналысты.

Егіншілік – адам өмір сүре бастаған кезден бастау алған, пайғамбарлардың сүннеті болған істердің бірі. Ибраһим, Лұт, Аюб (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар егіншілікпен айналысқан. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Ибраһим мен Лұт пайғамбарлар егіншілікпен айналысқан еді», – деген. Аюб (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар жомарттығымен де танылған. Күн сайын үйіне кедейлерді шақырып, тамақтандыратын болған.

Егін егу – сауапты іс. Жақсы ниетпен егін еккен мүмин мол сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) егін, ағаш егуге қызықтырып, оның сауабы бұл дүниеде ғана емес, өмірден өткеннен кейін де барып тұратынын айтқан.

Әнас ибн Мәліктен (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе, одан адам, жануар не құс жесе, ол үшін садақа болып жазылады», – деген. Бұл хадис ағаш пен егін егудің қаншалықты маңызды сауапты іс екенін көрсетеді. Бұл амал адамға тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де пайда әкеледі. Әнас ибн Мәліктен (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі амалдың сауабы пенде дүниеден өткеннен кейін де қабіріне барып тұрады. Біреуге ілім үйретсе, құдық қазса, құрма немесе басқа да ағаштар ексе, мешіт салса, Құран кітабын мирас етіп қалдырса және қайтыс болғаннан кейін артынан оған жарылқау тілейтін ұрпақ қалдырса», – деген. Осы хадисте жеті амалдың, оның ішінде ағаш еккен адамға сауабы дүниеден өткеннен кейін де барып тұратынын ерекше атап өткен.

Егіншілік – тәуекелді талап ететін кәсіп. Дихан күн ыстықта ала жаздай далада тер төгіп, ауа райының қолайлы болуын, жаңбыр жауып, егінінің мол өнім беруін, дер кезінде жинап алуын Алладан тілейді. Алла Тағаланың дәнді қалай өсіріп жатқанына куә болып, Оның құдіретін жүрегімен сезінеді. Бұл жайында Алла Тағала «Уақиға» сүресінде: «Еккен нәрселеріңді көрдіңдер ме? Соны сендер өсіресіңдер ме, әлде Біз өсірушіміз бе?» – деген. Сондай-ақ егінші адал еңбек етіп, нәпақасын тауып, өзіне, қоршаған ортаның жақсаруына, адамзатты түрлі өніммен, жемісжидекпен қамтамасыз етуіне, табиғатты аялауына үлес қосады. Өйткені дініміз жерді өңдеп, қоршаған ортаны қорғап, көркейтуге бұйырады әрі мұсылман адамның барлық жағдайда өзіне және басқаларға пайдалы болуын қалайды.

Қараусыз қалған, құнарсыз жерлерді игеріп, егін мен ағаш егуге үндейді. Ағаш пен егін егудің табиғатқа, адамзатқа тигізер пайдасы өте мол. Имам Мауарди: «Адамның күнкөрісі үш нәрсе арқылы болады: егіншілік, сауда-саттық және қолөнер. Мен үшін егіншілік – ең абзалы әрі ең жақсысы. Өйткені егіншілікте Аллаға тәуекел ету бар. Егін егу арқылы адамдар мен жер бетіндегі барлық жаратылыстардың ризығына себепші болады. Осылайша сауапқа кенеледі», – деген. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсылыққа, қайырымдылыққа, тіпті сол еңбегінің жемісін көрмесе де басқаларға пайда әкелуге шақырған. Хадисте: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де қолындағы көшеттi (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын», – деп бұйырған.

Қорыта айтқанда, егін, ағаш егу, жерді игеріп-өңдеу, қоршаған ортаны қорғап-көркейту, оған зиян тигізбеу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті әрі әрбіріміздің міндетіміз. Пайғамбарлар айналысқан егіншілік кәсібін жандандырып, адал еңбегіміз арқылы несібе табуымызды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №1, 2025 жыл 

Return to Top ▲Return to Top ▲