ҚҰРАНДАҒЫ ЖАСТАР БЕЙНЕСІ

Құран Кәрімде жастарға қатысты арнайы тақырып арналмаса да кейбір жастардың мысалы керемет суреттелгенің Құран аяттары мен пайғамбар ﷺ хадистерін жете түсінген ұлы бабамыз Дін мен дәстүрді ұштастырып өз өмір салтына енгізе білген. Қазақ баладан қариялыққа жеткенше жас буын, орта буын және аға буын деп өсу ерекшелігіне қарап топқа бөлген. Күн санап дамып, жетілетін балаларды – жас буынға жатқызса, өсу мөлшері шектелген, ақыл-ойы толысқан азаматтарды – орта буынға жатқызған. Кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп, ақылшы, отағасы қарияны – аға буынға жатқызса керек.

Жас буын – әлі жетілмеген кезеңі болса, аға буын адамның жетілгенмен қуаты кеткен кезеңі. Адамның негізгі өмірі – осы орта кезеңді, орта буынды қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – жастық кезең.

Пайғамбарымыз ﷺ жастық шақтың ерекше маңыздылығы жайында былай дейді:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟»

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген [2],

Жастық шақта адамның бойында нәпсінің дамыл бермей ойнақшып тұратын кезі. Санаулы секундтарда бұрқырап таситын сезім толқынын тізгіндеу әр адамның қолынан келетін оңай іс емес. Оның үстіне саған көз тіккен ынтық назарлар көп болса, бұл мүлдем орындалуы қиын іс. Бұл тек тақуаларға, Алланы шын сүйген құлдарына нәсіп болатын амал. Әңгімеміз пайғамбарлардың ішінде ерекше көркемдік иесі Жүсіп пайғамбар жайында. Ол үлкен сынаққа душар болған еді. Қожайынының сұлу әйелінің назарына түсіп, ол оны қайткен күнде де тұзағына түсірмекші болды. Алайда тақуалыққа толы жас жүрек бұған жол бермеді. Ол үшін салтанатты өмірден терең зындан абзал еді. Ол сол әйелдің иелігінде құл бола тұра бұл күнә істі жасаудан бас тартты. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл оқиға жайында:

قَالَ رَبِّ السِّجْنُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِمَّا يَدْعُونَنِي إِلَيْهِ ۖ وَإِلَّا تَصْرِفْ عَنِّي كَيْدَهُنَّ أَصْبُ إِلَيْهِنَّ وَأَكُن مِّنَ الْجَاهِلِينَ

«Сол кезде Жүсіп (әйелдердің арбап-арбауынан құтылу үшін): Уа, Раббым! Мыналардың маған істе деп отырған істерін істегенше, зынданға жабылғаным артық. Егер олардың бәлесінің бетін ары қылмасаң, оларға көңілім ауып, надандардың біріне айналуым ғажап емес», деп, Аллаға жалбарынды» [3]

Жастық шақтың қалай өткенің, қалай өтіп жатқаныңна мән беру өміріміздегі негізгі жайттардың бірі. Қолымыздан келгенше өміріндегі әр бір мүмкіндікті пайдаға асырып қалуға тырысуымыз керек. Оның ішінде жастық шақта алған ілімнің берекесі мол.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -деп

Абай атамыз айтқандай қолымызды кеш сермеп кешігіп қалмас үшін жас кезімізде ілімге мән берейік, талаптарайық, ізденейік, сонда ғана біздің береріміз болады.

Жоғарыдағы мысалдардан жастардың бейнесі айқын көрінуде. Дінді ұстанудағы табандылық, барлық қиындықтарға төтеп беру, нәпсіні қажет кезде тізгендей білу – нағыз мұсылман жастарына қажетті сипаттар. Алла елімізде иманды жастардың санын арттырсын!

[1] Рум сүресі, 54-аят.

[2] Тирмизи хадистер жинағы.

[3] Юсуф сүресі 33-аят.

Рауан Әскер, «Qyzyljar qalalyq meshiti»нің азаншысы

Return to Top ▲Return to Top ▲