РАББЫМЫЗДАН НЕГЕ  АЛЫСТАП  КЕТТІК?

         Өткенде бір намазхан бауырым маған мынандай сұрақ қойды:

«Имам  мен соңғы кезде құлшылықтарымның ләззатін сезіне алмай жүрмін, бойымды бір ауырлық басып тұрғандай, бұрын әр нәрсеге позетивпен қараушы едім, көңіл-күйім де жақсы болушы еді. Өмірімде қуаныш азайып, қайғы көбейгендей. Алладан алыстап кеткендеймін..Себебі не? Айтып бере аласыз ба?!»

         Жауап:

         Адам болып өмірге келгеннен кейін өмірдің ыстығы да, суығы да бар, сол секілді  жақсылық пен жамандық та қатар жүреді. Өмірдің қиындықтары мен сынақтарына нағыз мұсылман күшейсе, әлсізі жеңіліс тауып орта жолда қалып жатады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, Біз адам баласын  құрама тамшыдан жараттық. Сөйтіп, оны сынау үшін еститін һәм көретін саналы тіршілік иесі қылдық»[1], деген.

Адам баласының Раббысынан алыстауының себептеріне тоқталатын болсақ бауырым:

  1. Жан азығының азаюы;

Алла Тағала адамды жаратқанда тәнін жаратқан және онымен бірге жанын жаратқан. Тәннің азығы болғандай, жанның да азығы бар. Тәнің қажеттілігін біз тоқтаусыз, үзбей беріп жатырмыз. Қалаған сусын-шәрбәтін, «жеймін» деген неше алуан азық түрлерін, көңілі не нәрсеге ауса, соны алдына әкеп бересіз. Тіпті соңғы кезде тән қалауларыңыз тізгінсіз кетті. Осы іспен әлек болған тәніңіз, құлшылықтарға мән беруді қойды, соның себебінен  зікір  етуіңіз азайды. Намазды да немқұрайлы оқисыз. Ораза ұстап нәпсіні сындырушы едіңіз, оны да қойып кеттіңіз. Есесіне бос әңгіме, орынсыз күлкіге тартатын отырыстардан қалмайсыз! Алланы еске алмаған адам біртіндеп өлі адамға айналады. Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын Алланы еске алушылар мен Оны еске алмаушылардың мысалын былай деп келтіреді: «Алланы зікір етушілер мен Оны зікір етпейтіндердің мысалы тірі мен өліге ұқсайды», деген. Алланы зікір ету  жайында Құранда:  «Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»[2]делінген.

 Бауырым жүрегіңнің жай тауып, бақытты сезінгенін қаласаң Алланы жиі еске алып тұр.

  • Дінді тануға талпынбау, білімге ұмтылмау:

Алла елшісі: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа дін ілімінің білгірі етеді»[3] деген. Адамның күнделікті күйбең тіршілігінде білімге де уақытын бөлгені абзал. Білім алуын тоқтатқан адам, күн сәулесі түспеген өсімдік секілді, немесе су құйылмаған гүл көшеті іспеттес. Сусыз гүл қалай қураса, білім, ғылымға талпынбаған адам да қурайды. Өмір арпалыс алаңы, сол арпалыс ішінде Алла Тағаланы тануға, асыл дінін зерттеуге уақыт бөлгені абзал. Дінді дұрыс тани алмағандықтан Алламен, адамдармен қарым-қатынасында қателіктерге ұшырап жатады. Ал қателіктен тиісті сабақ алмаған адам шайтанның құрған қақпандарына оңай олжа болады. Сол себепті бауырым дініңді терең таны, әрбір құлшылықтың хикіметін сез, сонда елден ерекше Алла тағаланың сүйікті құлы боласың!

  • Қасыңдағы жолдасыңа мән бер;

Әр адамның өзінің жолы бар, Алланың бекіткен тағдыры бар, әр амалы үшін қияметте жауап беретін Алланың құзырында есебі бар. Екінші бір адам үшін жауап бермейді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

 Әркім – өз тапқанының (өз ісінің) тұтқыны  (яғни, жұмаққа кірген әрбір жан дүниеде тапқан  сауабына  һәм иманының дәрежесіне қарай нығметке бөленеді, сондай-ақ тозаққа түскен әрбір күнәһар да өз қолымен тапқан күнәлары мен күпірлігінің деңгейіне қарай азап тартады)[4] делінген.

«Адамның күні адаммен» демекші. Мұсылман араласатын адамына мән бергені дұрыс. Егер оны бос әңгімеге, күнә амалдарға  тартатын достардан болса, қияметте оның зардабын шегеді. Жаман жолдасқа кездесіп өкінетін жандар жайында қасиетті Құранында: «Қап, әттеген-ай, өзіме обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойсамшы!». «Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Кітаптан мені алыстатып, адастырған сол», – деп аһ ұрып, бармағын шайнайды. Шүбәсіз, шәйтан адамды (азғырып, күнәға белшесінен батырады да) қысылтаяң күн туғанда, (өлмесең өрем қап деп) тастап кете барады[5].

Басқа бір аятта жақсыны жолдас тұту жайында: Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар[6]!, деген.

Сол себепті бауырым жолдасыңа мән бер!

  • Өз-өзіңе есеп бермеуің;

Дана Абай өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың», деген екен. Саналы түрде өзінің өміріне есеп жасап тұрған адамның өмірі жүйелі болады.

Әр күніңе есеп беруің жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауыңа, тиісінше бағалауыңа жол ашады. Бұл ілгерідегі салихалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Осы орайда халифа  Омар: «Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер», – дейді. Яғни, адам өзінің амалдарына сырттай бір сәт көз жүгіртіп мынандай ойға келу керек: «Егер тап бүгін Алланың алдында есепке түссем жағдайым қалай болар еді, осы күйімде Алланың құзырына бара аламын ба?! Бұл сұрақтың жауабы өте қиын!

  • Өлім хақында ұмыту;

Кеше бала еңкелдің ғой талай жасқа,

          Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа

Адамды сүй, Алланың хикметін сез, 

Не қызық бар өмірде онан басқа?! – деп, Абай атамыз айтқандай бір қалыпта тұра алмасымызды айналамыз әртүрлі қисындармен, мысалдармен паш етуде. Өміріңіздің бір бөлігі болған жылдар, айлар, күндер, сағаттар жылжып өтіп жатыр. Сен танитын адамдардың да қарасы күннен күнге сейіліп, кеше сұхбаттас, дәмдес болған бауырларың, қазір қасыңнан табылмауда.  Әр адам ерте ме кеш пе түбінде өліммен бетпе-бет келеді. Мейлі сіз әлемді басқарыңыз, жайпаңыз шайқаңыз, ешкімнің қолы жетпейтін жерге сарайлар салып паналаңыз, бәрібір күндердің бір күнінде өлім періштесі жетіп,  жаныңызды алары ақиқат. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 «Қай жерде болсаңдар да тіпті ең биік қамалдардың ішінде (немесе көктегі жұлдыздарды паналасаңдар да) болсаңдар да өлім сендерге жетеді»[7],–деген.

Басқа бір аятта:

      «Әр жан иесі өлімнің дәмін татушы,»[8] – дейді.

      Адам екеш адам әр нәрсенің қадірін ол жоқ кезде немесе түгесілер шақта түсінеді. Жарқыраған күннің қадірін түнде, денсаулықтың қадірін ауырғанда, жастық шақтың қадірін қартайғанда, байлықтың қадірін кедей болғанда түсінген секілді өмірдің қадірін өлім таяр кезде бірақ түсінеміз. Сол себепті өлімді, өлімнен кейінгі жағдайыңды ойлап тұр.

  • Өткеннен үміт үзу;

Кей адамдар өмірдегі сәтсіздіктерін Алладан, ата-анасынан, мемлекеттен кейде өзінен көріп жатады. Ол ой оның санасын жаулап, орнынан қозғалтпайды, өмір бақи қарғысқа ұшыраған адам секілді жігерсіздік танытады, Алланың рақымынан үмітін үзгендей күй кешеді. Өзін басқа адамдардан төмен санайды. Осы ойлары оны бұл дүниеде жоғары мақсаттар қоюға, барша адамзатпен терезесі тең әрекет етуіне кедергі. Алла Тағала:

 «(Мұхаммед Ғ.С.): «Уа өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла баршаларыңның  күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол ерекше жарылқаушы, мейірімді» де,»[9] – деген. Өткен өміріміздің қателіктері мен сәтсіздіктері біз үшін дәріс, ол – тарих, ал келер шақ біз үшін беймәлім. Сол себепті өміріңді тап кәзіргі сәттен өзгертуге мүмкіндігің бар екенін ұмытпа!

Қорыта келе бауырым адам жанының құлазып кетуі – Жаратушысымен байланысының әлсіздігі, Оған жақындайтын жолдардың тарылуы, тән қалауларын есепсіз беруі, өлім жайында аз ойлауы, білім-ғылымға талпынбауынан.  


[1] Инсән сүресі, 2-3 аяттар

[2] Рағд сүресі, 18-аят.

[3] Бұхари хадистер жинағы

[4] Муддәссир сүресі 38-аят

[5] Фурқан сүресі, 28-29 аяттар

[6] Тәубе сүресі 119-аят.

[7] «Ниса» сүресі, 78-аят.

[8] «Әли Имран» 185-аят.

[9] «Зумар» сүресі, 53-аят.

Return to Top ▲Return to Top ▲