Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды білдіреді. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.
Алла Тағала жексенбіні Исаның (ғ.с.) қауымына, сенбіні Мұсаның (ғ.с.) қауымына, ал жұманы Мұхаммедтiң (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметiне мейрам күні етiп бердi.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُ يَوْمٍ طَلَعَتْ عَلَيْهِ الشَّمْسُ يَوْمُ الْجُمْعَةِ فِيْهِ خُلِقَ آدَمُ وَ فِيْهِ أُدْخِلَ الْجَنَّةَ وَ فِيْهِ أُخْرِجَ مِنْهَا وَ لا تَقُومُ السَّاعَةُ إلاَّ فِي يَوْمِ الْجُمْعَةِ
«Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ» , – деп хабар береді.
Жұма әдептері
1. Жұма күнгі ғибадатты бейсенбi күннің екінті намаз уақытынан бастаған дұрыс. Сол уақыттан Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)салауат және истиғфар айтуды, қосымша намаздар мен дұға жасауды бастау тақуалыққа жатады. Ғұламаларымыздың айтуынша: «Алла Тағала пенделерiне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбi күннiң кешiнде, жұманың күндiзiнде сұраған пендесiне тиеді.
2. Мұсылман адам аптасына бір рет толық жуынып тұруы керек. Өйткені, ислам діні тазалыққа шақырады. Жұма күнi ғұсыл құйыну Пайғамбарымыздың Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен:
«Әрбір мұсылман адам жеті күнде (аптасына) бір рет жұма күні шомылуы – уәжіп»,– деді .
Ибн Омардың (р.а.) риуаятында: «Балиғат жасына жеткен әрбiр кiсiге жұма күнi шомылу – уәжiп» ,– деген.
3. Жұмаға тісі мен аузын тазалап, үстіне иіс сеуіп барған дұрыс. Өйткені, ол күні көпшілік жұрт жиналып, бір-бірімен аралас-құралас болып жүргенде ауызы мен денесінен келетін хош иіс оларды бір-біріне жақындастырады. Әнәстың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер үмметіме қиындық бермейтіндігін білгенімде, әр намаз үшін дәрет алуды және әр дәретте мисуак қолдануды әмір етер едім.» ,– деген.
4.Жұма күнгі ғибадатқа арнайы жаңа немесе таза, әдемі киім киген жақсы. Өйткені, жұма намазы көпшілік мұсылмандар жиналатын апталық мереке. Шырайлы болып көріну – мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятады. Абдулла ибн Сәләм (р.а.) риуаят етеді:
«Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): жұма күні мінберге тұрып: «Егер жұма күні үшін күнделікті жұмыс киімнен басқа тағы екі киім сатып алғандарыңда, сол жақсы болатын еді»,–дегенін естідім» .
5.Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барған абзал. Ерте барған адам құлшылғын ерте бастайды: тәспі тартып, зікір айтады, қаза немесе қосымша намаздарын оқиды, уағыз тыңдайды.
Мешіт имамы хұтба үшін мінберге шықпай тұрып, ерте келген адамдарға қосымша сауаптар жазылады. Осы уақыттан кейiн келгендерге тек намаздың ғана сауабы беріледі.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенiң сауабы қаншалықты екенiн бiлсе, олар сауап iздеп, түйенiң желгенiндей жүгiрер едi. Бiрiншiсi – азан айту, екiншiсi – алдыңғы сапта тұру, үшiншiсi – жұмаға ерте бару» ,– деп хабар береді. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару»,– деген екен.
6. Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс. Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді.
Мешітке бару әдептері:
1. Тазалыққа, киімге мән беру:
Құранда: «Ей, адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеніңдер!» –деген. Яғни, әрбір намаз кезінде зейнетті киімдеріңді киіңдер.
2. Мешітке намаз үшін жиналғандарды жағымсыз иіспен мазаламау үшін, мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ сияқты нәрселерді жемеу:
Кім намазхандарға жағымсыз иіспен азар берген болса, періштелерге де азар берген болады. Жабир атты сахабадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»-деген .
3. Намазға жүрегінде Аллаға ықылас танытып, асықпай бару:
Абу Қатададан (Алла одан разы болсын) келген хабарда: «Біз бірде Пайғамбармен (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыстықпен келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)намазын бітіргеннен кейін; «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер» -деді.
4. Намазға бара жатқанда дұға айту:
Дұға: «Иә Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр» , деген дұғаны айту мұстахаб амалдардан.
5. Мешіттерге кірерде не, шығарда дұғаларды айту;
Мешітке кірушіге былай дұға жасап кірген сүннет. «Иә Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!» Ал мешіттен шыққанда: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен Сенің кеңшілік фазилетіңнен сұраймын», – делінеді.
6. Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.
Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі. Мүбарак хадисте: «Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық істе оңды жақсы көретін, дәрет алғанында, киінгенінде, жүргенінде» .
7. Мешітке кіргенде «Тахиятул масжид» (яғни, мешітке сәлем намазын) оқу.
8. Мешітте рұқсат етілген дүние сөздерін сөйлеу.
9. Мешіт тазалығын сақтау.
10. Мешіт имамын тыңдау.