عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ صَخْرٍ رَضِيَ الله تَعَالَى عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُوْلَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَقُوْلُ: (مَا نَهَيْتُكُمْ عَنْهُ فَاجْتَنِبُوهُ وَمَا أَمَرْتُكُمْ بِهِ فأْتُوا مِنْهُ مَا اسْتَطَعْتُمْ؛ فَإِنَّمَا أَهْلَكَ الَّذِيْنَ مِنْ قَبْلِكُمْ كَثْرَةُ مَسَائِلِهِمْ وَاخْتِلافُهُمْ عَلَى أَنْبِيَائِهِمْ)[84]رواه البخاري ومسلم
Әби Хурайра Абдурахман ибн Сахр (Алла одан разы болсын) айтты: «Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деп айтты: «Мен сендерді не нәрседен тыйсам содан қашық болыңдар, не нәрсеге әмір етсем сол нәрсені шамаларың келгенше істеңдер. Сендерден бұрын өткен қауымдар көп сұрақтары үшін, пайғамбарларына қарсы шыққаны үшін құрдымға кеткен».[1]
Хадистің тілдік мағынасы:
арабша | аудармасы | арабша | аудармасы | арабша | аудармасы |
مَا نَهَيْتُكُمْ عَنْهُ | Сендерге не нәрсе тыйсам | فَاجْتَنِبُوهُ | Қашық болыңдар | وَمَا أَمَرْتُكُمْ بِهِ | Не нәрсеге әмір етсем |
فأْتُوا مِنْهُ | істеңдер | مَا اسْتَطَعْتُمْ | Шамаларың келгенін | فَإِنَّمَا | Шын мәнінде |
أَهْلَكَ الَّذِيْنَ | Құрдымға кеткендер | مِنْ قَبْلِكُمْ | Сендерге дейін | كَثْرَةُ مَسَائِلِهِمْ | Көп сұрақтары үшін |
وَاخْتِلافُهُمْ | Қарсы шыққаны | عَلَى أَنْبِيَائِهِمْ | пайғамбарларына |
Абдуррахма́н ибн Сахр әд-Дауси аль-Яма́ни, Әбу Хура́йра (араб. أبو هريرة; 599, Йемен — 676,Медина) деген атпен танымал Пайғамбарымыз (с.а.у) ең атақты сахабаларының бірі. Туған кезде оған пұтқа табынушыларға қойылатын Әбд әш-Шамс деген (күннің құлы) ат берген.
Әбу Хура́йра 599 жылы Йеменде туған. Ол Хайбар жорығында Туфайл ибн Әмрдің дағуатынан кейін исламға келеді.Мәдинаға келгеннен кейін ол пайғамбарымыздың (с.а.у) қасынан бір елі кетпеді, бүкіл өмірін хадис жазуға арнады. Әбу Хурайра өте кедей адам болған оны «Суфф адамдары» деп атаған. Ибн Сириннің айтуы бойынша оның жүзі аққұба, қызыл сақалды болған.
Әбу Хурайра өзі жайлы:
Мен жетім болып өскен едім, хиджрет жасағанда мен кедей едім, Бусра бинт Ғазуанда жалдамалы қызмет атқарғам. Қызметім үшін ол мені тамақтандыратын. Мен оған және оның қауымындағы адамдарға қызмет жасадым. Аллаға мадақ Алла маған шынайы дінді нәсіп етті, қызметші болып жүрген Әбу Хурайраны имам қылды, адасып жүрген еді ғалым етті, пұтқа табынушы еді тек бір Аллаға табынатын құл етті. Алладан бұдан артық мейірім бар ма? Әбд Шамс деген атымның Абдурахман деп өзгергеніне қалай таң қалмайсың. Мен пайғамбармызға (с.а.у) Хайбарда болған кезінде келіп ислам қабылдадым.[2]
Умардың халифаттылығы кезінде Әбу Хурайра Бахрейнің басшысы болған. Османның кезінде Меккеде қазылық қызметін атқарды. Мағауаияның халифаттылығы кезінде Мәдина басшысының қызметін атқарған. 78 жасында Мәдинада қайтыс болды. Сахабалардың ішінде хадис жаттаудан ең алғашқылардан болған, шамамен 5000 ға тарта хадисті риуаят қылды.
Бірде оны халифа Маруан ибн әл-Хакам тексермекші болып, шақыртады және хадис айтуын сұрайды. Ол көптеген хадистерді айтады, алайда оған білдіртпестен жасырынған күйде басқа бөлмеде жазушы болады. Содан кейін бір жылдан кейін шақырып өткен жылы қандай хадистерді айтқанын сұрағанда еш қателеспестен қайталап береді.
Әбу Хурайра деп аталуының себебі – мысықты қатты жақсы көретін, өзімен бірге мысықты алып жүретін.
Хадистің пайдалары:
1- Алла тағала тыйым салған істен бас тарту.
2- Тыйым салынған нәрсе аз мөлшерде болсын көп мөлшерде болсын тыйым салынады. Арақтың харамдығы аз ішсе де көп ішсе де үкімі өзгермейді.
3-Қажеттілік, зәрулік туындаған жағдайда тыйым салынған нәрселердің үкімі жойылып, белгілі бір шарттармен рұқсат етіледі. Фиқһ ережесінде мынандай қағида бар; لا محرم مع الضرورة، ولا واجب مع العجز- Зәрулікте харам болмайды, шамасы келмегеннен уәжіптілік түседі. Бұған Құран кәрімнің мына аяты дәлел:
وَمَا لَكُمْ أَلَّا تَأْكُلُوا مِمَّا ذُكِرَ اسْمُ اللَّهِ عَلَيْهِ وَقَدْ فَصَّلَ لَكُم مَّا حَرَّمَ عَلَيْكُمْ إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ ۗ وَإِنَّ كَثِيرًا لَّيُضِلُّونَ بِأَهْوَائِهِم بِغَيْرِ عِلْمٍ ۗ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِالْمُعْتَدِينَ
Аллланың аты айтылғанды жемейтін сендерге не болды? Өте шарасыз болмағанда сендерге арам етілген нәрселерді ашық білдірген. Олардың көбі білместіктен ойша адастырады. Күдіксіз Раббың Ол, шектен шығушыларды жақсы біледі.[3]
Сол себепті егер адам үшін зәрулік жағдай туса доныздың етін де, өлексені де жеуге болады, қажеттілік туындағанда арақ та ішуге болады (мысалы тамаққа бір нәрсе тұрып қалса), бірақ сусын қандыру үшін емес, өйткені арақ ішумен адамның сусына қанбайды. Қажетілік мөлшері қандай дейтінге келетін болсақ, тойып жеуге болмайды, алайда жақын маңнан жеуге азық табылмайтынын білсе, өзімен бірге алса болады.
4- Әмір етілген нәрселердің шамасы келгенін жасайды. Мысалы тұрып оқи алмаса, отырып оқиды, отырып оқи алмаса жатып оқиды.
5- Cұрақ қою мәселесіне келетін болсақ, сұрақты көп қою ұстазды жалықтыру ол ілім алудың әдептерінен емес, әсіресе егер мәселе ақида саласының кейбір ғайби тармақтары бойынша болса.
Жауапкердің тиісті уазипалары фиқһ кітаптарында сегізге бөлінеді[4]:
1. Парыз
2. Уәжіп
3. Сүннет
4. Мұстахап
5. Мүбаһ
6. Харам
7. Мәкрүһ
8. Мүпсид
Осы сегіздің алғашқы бесеуін орындауы, соңғы үшеуінен бойын аулақ ұстауы, яғни жасамауы – оның уазипасы.
- ПарызПарыз – анық, бұлтартпас дәлелдермен әмір етілген діни іс-әрекеттер мен міндеттер. Мәселен, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру.
Парыз өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз». Әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс. Біреудің парызын басқа біреу өтей алмайды. Намаз бен ораза секілді. «Кифая парыз»: жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыздар. Алайда, ешкім орындамаса, барлық қоғам жауапты. Мысалы, жаназа намазын оқығандай. Бір қалада кейбір мұсылмандар қайтыс болған мұсылманның жаназа намазын оқыса жетіп жатыр. Сол кезде қалған мұсылмандар осы жауапкершіліктен құтылады. Бірақ, кифая парыздың сауабы өтеген адамдарға ғана жазылады. Өтелмеген жағдайда күнәсі барлық мұсылмандарға жазылады.
Парыздың өтелуінде зор сауап пен жақсылық бар. Мойнындағы борышын өтемегендер ақырет азабын тартады. Айта кететін бір жайт, кімде-кім парызды теріске шығарып, парыздығын қабылдамаса, діннен шығады. Алайда, парыз екенін мойындап, бірақ өтемесе, тек қана мойнының борышы болып қалады. Яғни, мұсылман – күнәкар деп есептелінеді.
2.Уәжіп – орындалуы дәл парыз секілді талап етілмеген, бірақ қуатты дәлелдермен анықталған іс-әрекет пен уазипалар. Мысалы, құрбан шалу, үтір және айт намазын оқу, т.б. Уәжіптің үкімі парызға ұқсас. Яғни, орындалса, сауап алады. Іске асырмаса, ақыретте азап бар. Бірақ сенім (и’тиқади) тұрғыдан алғанда уәжіп, парыз емес.
Уәжіпті теріске шығарған адам діннен шықпайды. Бірақ діндегі бір әмірді теріске шығарғаны үшін үлкен күнәға батады.
3.Сүннет – парыз бен уәжіптен бөлек, Аллаһ Елшісі (с.а.у.) жасаған және «жасаңдар» деген әрі жасалуына ризалығын білдірген іс-әрекеттер. Сүннет үшке бөлінеді:
1. Мүәккәд сүннет (бекітілген сүннет)
2. Ғайру мүәккәд сүннет (бекітілмеген сүннет)
3. Зәуәид сүннет (артық сүннет)
Әуелгісі – мүәккәд сүннет, Пайғамбарымыздың әрдайым жасап, ілуде жасамаған сүннеттері. Таң, бесін, ақшам намаздарының сүннеттері тәрізді. Осы сүннеттерді іске асырған сауап алады. Орындамаған адамға жаза берілмесе де, айыпталады.
Екіншісі, ғайру мүәккәд сүннет. Пайғамбарымыздың кейде жасап, кейде жасамаған сүннеттері. Намаздыгердің алғашқы сүннеттеріндей. Бұл сүннетті «мәндүп» яки «мұстахап» деп атағандар да бар. Осыған кірген сүннеттерді іске асырған сауап. Орындамағанға күнә жоқ.
Ақырғысы – зәуәид сүннет, Аллаһ Елшісінің күнделікті іс-әрекеті мен әдептіліктері. Мысалы, әрбір істі оң жақтан бастауы, отыруы, тұруы, киім киюі. Бұл сүннетті Пайғамбарымызға сүйіспеншілік үшін орындаса – сауап. Жасамағанға күнә жоқ. Сүннеттің парыз секілді «айн» мен «кифая» бөлімдері де бар. Мысалы, рамазан айының соңғы он күнінде «иғтиқаф» жасау, тарауих намазында хатым түсіру – кифая сүннетке жатады. Парыз намаздарын жамағатпен оқу – айн сүннет болып табылады. Сүннеттің қажеттілігі мен пайдалары Аллаһ Құранда мұсылмандарды Елшісінің сүннетіне ынталандырып былай дейді: «(Елшім!) Оларға былай айт! Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Аллаһ та сендерді сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Аллаһ аса кешірімшіл және рақымды»14, – деп айтылады. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Үмбетім бұзылған заманда кімде-кім сүннетімді ұстанса, оған жүз шейіттің сауабы бар».
4.Мұстахап – таңдаулы, ең көркем амал. Діни терминде Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) кейде жасап, кейде жасамаған іс-әрекеттері. Сәске намазы секілді кейбір нәпіл намаз бен оразалар осыған жатады. Сонымен қатар таң намазын айналаға жарық түскенде оқу, жаздың шілдесінде бесін намазын салқын түскенге дейін кешіктіріп оқу, ақшам намазын кірісімен оқу – мұстахап.
Мұның үкімін жасағанға – сауап, жасамағанға күнә жоқ. Ибн Абидин мәндүп, мұстахап, нәпіл терминдерінің бір мағына беретінін айтады. (Ибн Абидин. Рәдду´л-Мухтар. Египет. т. 1, 115)
- Мүбаһ – жасалуы мен жасалмауында діни жағынан ешқандай тосқауыл болмаған, яғни жауапкердің еркіндегі іс-әрекеттер. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, т.б. Мұндай іс-әрекеттердің орындалуына сауап та, іске аспауында күнә да жоқ. Бірақ бұл іс-әрекеттерді жасаған кезде сүннет ниетімен жасайтын болса, сауап алады. Мысалы, бір мұсылман киім киерде, Пайғамбарымыз оң жағынан киінгендіктен, осылай киемін деген ниетпен яки Пайғамбарым оң жағымен құбылаға қарап ұйықтаған деген ниетпен жасаса, сауап алады.
Заттың негізгі сипаты – мүбаһ пен халал. Мүбаһ заттың адалдық сипатын жоққа шығару үшін, оның мүбаһ еместігін негіздейтін шариғаттан арнайы дәлел керек. Мүбаһтығын жоққа шығаратын дәлел табылғанша, зат өзіне тиіс мүбаһтың сипатын сақтап қалады. - Харам – жасалуы мен пайдалануы Исламдық тұрғыдан қатаң тыйым салынған нәрселер. Ішімдік ішу, құмар ойындар ойнау, зина жасау, адам өлтіру, ғайбаттау, жала жабу, т.б. іс-әрекеттер осыған жатады. Харам етілген зат немесе іс-әрекет өзінің затына тән, жамандық пен ластық себебімен харам етілсе, бұл «тікелей харам» (харам ли-а’йниһи) деп аталады. Мысалы, доңыз еті мен арақ осыған жатады. Өз негізі мен сипаты үшін емес, сырттағы себептер арқылы харам болғанға «жанамахарам» (харам ли-ғайриһи) делінеді. Мысалы, кез-келген адал мал ұрланған жағдайда харам болады.
Харамның үкіміне келсек, жасамағаны үшін үлкен сауап алады. Адамды тақуалық мәртебеге шығарады. Жасалған жағдайда, күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді. Адамның қашан да көңілі қашып, ғибадаттардан ешқандай нәр мен ләззат алмайды, күні ертең махшар әлемінде үлкен азап шегеді. Бірақ адам құрани және сүннеттік дәлелдермен харамдығы айқындалған затты «халал», «адал» деп қабыл етсе, иманы көзден бұл-бұл ұшады. Мысалы, бір адам ішімдік ішсе, үлкен күнәға кіреді. Егер ішімдікті «адал» десе, өмірінде ішімдік ішпесе де, діннен шығады. Бұл жерде Ұлы Жаратушының қойған үкімін өзгерту мәселесі бар. Құдай сақтасын, бейне бір «Ол білмейді, мен білемін» дегендей. Сондықтан мұндай іс-әрекет «шірк, күпір» болып табылады. Ал ішімдік ішсе де, оның харам екенін мойындап қабыл еткен адам күнәкар саналғанмен, мұсылман күйінде қала бермек.
Өйткені, Құдайға қарсы шығу оның ешқандай ниетінде жоқ. Айыбы нәпсіге жеңіліп, үлкен күнә жасауы. Ақыретте істеген күнәсіне қарай ауыр азап тартады. Ішімдік ішіп, күнә жасау мен Аллаһ Тағаламен сөз таластыру арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бірі – күнә, бірі – күпірлік. Нуайман деген сахаба шарап харам етілгеннен кейін, бір күні ішімдік ішіп келіп, Аллаһ Елшісі оған шариғаттағы тиісті жазасын береді. Сонда сахабалардың бірі әлгі адамды кінәлап, қарсы сөз айтқанда, Аллаһ Елшісі қабағын түйіп: «Бауырларыңды зекіп, шайтанға көмекші болмаңдар. Аллаһқа ант етейін, ол Аллаһ пен Елшісін жақсы көреді», – деді. (Бухари, Әбу Абдиллаһ Мухаммед ибн Исмайл, әл-Жами’ус-Сахих, Станбул. 1907. Худуд, 4-5; Әбу Дәәуд, Суләйман ибн әс-Сижистани. Сунән. Египет.т. 35; Муснәд, 2/298-299)
Аллаһ пен Оның Елшісін жақсы көру – олармен бірге болу нәтижесін бергендіктен, мұндай адам қаншалықты күнә жасаса да жаман сөзді естуге лайық емес, өйткені ол Аллаһ пен Елшісін жақсы көреді. Яғни, күнә жасаған адамға «Аллаһ Тағаланың қаһарына ұшырағыр, қараң қал» деген секілді жаман сөздер айтуға болмайды. Өйткені ол – мұсылман адам. Екіншіден, мас адамға яки күнә жасаған адамға зекіп, істеген ісінің харам екендігін айту – оның намысына тиіп, ашумен харамды ерегесіп істеуіне әкелуі мүмкін. Осылайша адам шындық пен ақиқатты айтамын деп жүріп, адамды иманнан мүлдем алшақтатып жіберуі мүмкін. Адам әрқашан ақиқатты айтуы тиіс. Бірақ орнымен айтқаны дұрыс. Орынсыз айту қашан да кереғарлыққа жол ашпақ. Ислам – кеңпейілділік діні. Намаздың парыздығына қарсы шығып оқымаған адам мен қарсы шықпай оқымаған адамның да аражігі осылай…
Харамнан сақтанғанды Аллаһ та сақтайды
Тимур әулетінің басшыларынан Шахырух (779-850) тұсында харам нәрселерден бойын аулақ салып, алыс жүруімен танылған Нығметуллаһ деген өте діндар бір кісі болыпты. Төмендегі жайт сол кісінің осы мәселе төңірегіндегі зеректігін көрсетпек. Шахырух бір күні құзырына сәлем бере келген Нығметуллаһқа тиісе: «Естуімше, жіберілген сый-сияпаттан тартынбай жей беретін көрінесің. Сый-сияпаттың арасында харам жолмен келу ықтималының бар екендігін осы уақытқа дейін білмегенің бе? Білсең соны ескермей қалай жей бересің?» – деп сұрақ қойыпты. Нығметуллаһ бұған: «Бізге харам жағы емес, адал жағы ғана бұйырады. Құл харам жемесем екен деп барынша тырысса, Аллаһ та оған харам нәрсе жегізбейді. Мендегі сыр – осы», – деп жауап беріпті. Бұны естіген патша сөзін дәлелдемек болып, қала шетінде жалғыз қозысын бағып жүрген әйелдің қолындағы қозысын тартып алдыртады. Қозы бірден сойылып, еті қазанға салынып, харам жемейтін Нығметуллаһты әдейі қонаққа шақыртады.
Ол кісі де «шақырғаннан қалма» демекші, бірден-ақ келісімін береді. Хан сарайындағылар енді қайтер екен дегендей нәтижені тыпырши күтеді. Әне-міне дегенше, табақ-табақ ет те тартылып, Нығметуллаһ та, уәзірлер де аса бір тәбетпен алдарындағы асты жеп бітіреді. Нығметуллаһ болса, арасында Аллаһ Тағаланың бұндай бергеніне жиі-жиі шүкір етіп отырады. Әбден болды-ау деген кезде Шахырух жымиып:
– Оу, сіз «Харамнан қашатын құлдарын Аллаһ қорғайды, тіпті харамнан жегізбейді» деген едіңіз. Жаңа ғана сіз жеген ет бір әйелден күштеп тартып алынған харам малдың еті болатын. Аллаһ сені сақтамағаны ма, бұған не дейсің? – депті мысқылдай.
Нығметуллаһ әуелгі қалпын бұзбастан:
– Менің жегенім адал екеніне күмәніңіз болмасын. Ал, сіздердің жегендеріңіз анық харам. Сенбесеңіздер, малынан айрылған әлгі әйелді шақырып сұраңдар, – депті. Шахырух адамдарын дереу жібертіп, әлгі әйелді алдыртып, жайып жүрген қозысының мән-жайын сұрағанда, ол ештеңе түсінбестен:
– Осы жақта Нығметуллаһ деген құдайға қараған, тақуа, діндар адам жайлы көп естіп, қозымды сол кісіге апарып, игі батасын алмақшы едім. Соған апара жатқам. Сіздер болса, менен оны тартып алып, сол кісіге тиесілі үлесті жеп қойдыңыздар, харам жедіңіздер, – депті. Харамнан қолынан келгенше сақтанғанды Аллаһ та сақтайтынын осылайша дәлелдеген Нығметуллаһ кейіннен Кирманда дүниеден өтті. (Аллаһ одан разы болсын).
- Мәкрүһ – сөздікте жағымсыз, ұнамсыз, жек көрілген нәрсе деген мағынаны білдіреді. Діни терминге салсақ, дін тұрғысынан ұнамсыз, жаман іс-әрекет. Дәрет пен ғұсыл алғанда суды ысырап ету секілді іс-әрекеттер осы мәкрүһке жатады. Мәкрүһ екіге бөлінеді: Харамға жақын мәкрүһ (Тахримән мәкрүһ).Дәрет алғанда суды ысырап ету, т.б. Халалға жақын мәкрүһ (Тәнзиһән мәкрүһ).Мұрынды оң қолмен шаю, т.б. Мәкрүһтің үкіміне келсек, мәкрүһті істемеген жағдайда – сауап. Мәкрүһтің ішінде харамға жақын мәкрүһті жасаған адам ақыретте азапқа ұшырауы ықтимал. Бұл – Имам Ағзам мен Әбу Юсуптың көзқарасы. Имам Мұхаммед: «Харамға жақын мәкрүһ дәл харам секілді қабыл етіліп, ақыретте азапқа лайық», – дейді. Халалға жақын мәкрүһке келсек, жасалуында ақыретте азап жоқ. Бірақ жасамаса – сауап. Мәкрүһті халал санау – қателік. Бірақ адам діннен шықпайды.
- Мүпсит
Мүпсит – басталған ғибадатты бұзатын нәрсе. Мүпситтің әдейі жасалуы күнә тудырады. Қателесіп жасаса, күнә мен азап жоқ. Намазда өз-өзін ұстай алмай күлу секілді іс-әрекеттер осыған жатады.
[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[2] https://ar.wikipedia.org/wiki/%D8%A3%D8%A8%D9%88_%D9%87%D8%B1%D9%8A%D8%B1%D8%A9
[3] Әнғам сүресі, 119-аят
[4] Қайрат Жолдыбайдың Ислам ғылымхалы кітабы негізге алынды